• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
17 Ақпан, 2016

Чемпиондар лигасы. ПСЖ мен «Бенфика» алғашқы сыннан сүрінбеді (фото, видео)

457 рет
көрсетілді

АСТАНА. 17 ақпан. Өткен түнде УЕФА Чемпиондар лигасының 1/8 финалы шеңберінде екі ойын ойналды. Францияның ПСЖ-сы Англияның «Челсиін» қабылдап, 2:1 есебімен жеңіске жетсе, топтық кезеңде «Астанамен» бір топта болған Португалияның «Бенфикасы» өз алаңында Ресейдің «Зенитінен» 1:0 есебімен басым түсті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. ПСЖ (Париж, Франция) – «Челси» (Лондон, Англия) 2:1 Голдар: Златан Ибрагимович 39, Эдинсон Кавани 78 – Оби Микель 45+1. Златан Ибрагимович бастаған ПСЖ ойын барысында ағылшындардан айтарлықтай басым болды. Атап айтқанда, 90 минутта ПСЖ футболшылары қарсыластар қақпасына 17 соққы жасаса, лондондықтардың 7 соққымен ғана қарымта қайтаруға шамалары жетті. Басқа да статистикалық көрсеткіштер бойынша басым түскен Лоран Бланның шәкірттері заңды жеңіске қол жеткізді. Кездесудің есебі 39-минутта стандартты жағдайдан кейін ашылды. Нақты айтар болсақ, айып соққысын орындаған Ибрагимович тамаша голдың авторы атанды. Осы ретте доптың жол-жөнекей «Челси» ойыншысы Оби Микельге тиіп, бағытын өзгерткенін атап өткен жөн. Бірінші тайм түгесілер тұста, яғни 45-минутта Микель дәл соққысымен таразы басын теңестірген еді. Алайда, 79-минутта ойынға тыңнан қосылған Эдинсон Кавани мергендігімен көзге түсіп, командасының жеңіс голын соқты. «Бенфика» (Лиссабон, Португалия) – «Зенит» (Санкт-Петербург, Ресей) 1:0 Гол: Жонас 90+1. Португалия астанасы – Лиссабон қаласында өткен «Бенфика» – «Зенит» матчында ойын тағдырын соңғы минутта соғылған жалғыз гол шешті. 90 минут бойы португалдардың жойқын шабуылдарына төтеп берген ресейліктер төрешінің негізгі уақытқа қосқан қосымша минуттарында қақпаларына гол жіберіп алды. Голдың авторы – «Бенфиканың» шабуылшысы Жонас. Бұл командалардың қарымта кездесулері 9 наурызда өтеді. Сол күні «Челси» Лондонда ПСЖ-ны қабылдаса, «Зенит» Санкт-Петербургте «Бенфикамен» ширек финалдың жолдамасын сарапқа салады. Айта кетейік, бүгін түнде турнирдің аталған сатысы аясында тағы екі матч өтеді. Бельгияның «Гент» командасы өз алаңында Германияның «Вольсбургімен» сынға түссе, Италияның «Ромасы» Римде Испанияның «Реалымен» (Мадрид) кездеседі. Бұл ойындар Астана уақытымен сағат 01:45-те басталады. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: championat.com.