• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
18 Ақпан, 2016

Мақсат – кәсіпкерлерге сапалы қызмет көрсету

611 рет
көрсетілді

Елімізде кәсіпкерлікті қолдау бойынша көптеген іс-шаралар жүзеге асуда. Бұл ретте Мемлекет басшысының ұдайы назарында болып отырған осы саланы дамыту ел экономикасын тұрақтандыруға сеп болмақ. Осы орайда мемлекетіміздегі көпшілік көңілінен шығып жүрген, кәсіпкерге көмек пен кеңес беретін, идеяға қолдау жасайтын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары Төлеміс ШОТАНОВТАН кәсіпкерлікті қолдаудың жай-жапсарын сұраған едік. – Төлеміс Садықұлы, бүгінде ел кәсіпкерлері мемлекет тарапынан жүйелі қамқорлықты сезіне бастады. Әсіресе, қазіргі­дей қысылтаяң тұста отандық биз­неске айтарлықтай көңіл бөлініп жатқаны қуантарлық жайт. Осы ретте Ұлттық кәсіп­керлер палатасының бизнесті сервистік қолдау жүйесі туралы оқырмандарымызды ке­ңінен хабардар етсек дейміз. Кәсіпкерлікті қолдауға бағыт­талған бұл шара бизнес өкіл­дерінің барлығына жаппай көр­сетіле ме, әлде іріктеу бола ма? Әрі оның нақты қандай көмек екен­дігін білсек. – Рас, бүгінгідей аумалы-төк­пелі тұста бизнес өкілдеріне кәсіпкерлікпен айналысу оңайға тимейтіні анық. Десек те, дәл осындай күрделі уақытта өз кәсібін бастауға бел буып жатқандар аз емес. Айта кету керек, бизнесті сервистік қолдау шағын және орта бизнес өкілдеріне көрсетіледі. Ал құрамында мамандандырылған кәсіби кеңесшілері көп ірі компа­ниялар мұндай қызметке зәру емес. 2015 жылдан бері Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Үкімет қау­лысы мен негізгі тапсырыс беруші – Ұлттық экономика министрлігі арасындағы келісімшартқа сәйкес «Бизнес­ті қолдаудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау шарасын жүргізіп келеді. Өткен жылы біз бизнеске сервистік қолдау көрсету, ақпараттық кеңес беру, кәсіпке оқыту секілді негізгі үш бағыт бойынша кәсіпкерлерге қызмет көрсеттік. Қазір сервистік қолдаудың инфрақұрылымы то­лықтай қалыптасты деуге бо­лады, яғни, еліміздің әр ай­ма­ғында ұлттық палата мен оның өңірлердегі филиалдарының базасында кәсіпкерлікті қолдау орталықтары ашылып, тұрақты жұмыс істей бастады. Бұл орта­лықтар бизнес өкілдерінің жұмы­сын барынша жеңілдете түсті деу­ге болады. – Аталған орталықтарда көр­сетілетін қызмет түрлерін таратып айтсаңыз. – Жоғарыда айтқанымдай, негізінен үш бағыт бойынша қызмет көрсетіледі. Олар сан-са­лалы мәселелерді қамтиды. Мә­селен, консультациялық қыз­­меттер: бизнесті құру және жұмыс істеп тұрған бизнесті тиімді жүргізу, қаржылық және құқықтық, сыртқы нарықта биз­несті жүргізу бойынша кеңестер беру. Салық саласы бойынша кеңестер, оның ішінде, салық са­лу жүйесіндегі жеңілдетілген салықтық декларацияларды да­йындау. Білім саласындағы қол­дау бағдарламалары бойын­ша жұмыс істеп тұрған әрі әлеуетті кәсіпкерлер үшін кәсіпкерлік қыз­метті жүзеге асырудағы негізгі функциялар мен бизнесті басқару бойынша арнайы курстар, тренингтер, семинарлар жүргізу. Сондай-ақ, кәсіпкерлерді шағын және орта бизнеске арналған мемлекет­тік қолдау бағдарламаларымен ақ­па­рат­тандыру. Қазір аталған орталықтар жанынан «Бизнес-мектептер» ашылуда. Онда жас кәсіпкерлер іскерлік негіздерін оқып, облыста немесе ауданда нақты бір жобаны жүзеге асыруға бағыт алуда. Осы тұрғыдан алғанда, кәсіпкерлерді қолдау орталықтары кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті әрбір азаматымызға жан-жақты әрі сапалы қызмет көрсетуге әзір. – Біздің білуімізше, бұрын бизнесті тіркеуден бастап, оған тиісті рұқсаттама-құжаттар­ды алу мәселесі, тағы да басқа әкім­­­­шілік кедергілер көп болатын. Содан да болар, кейбір кә­сіпкерлер арасында әлгіндей әурешіліктен тезірек құтылып, мәселені жылдам шешу үшін тиісті адамдардың «қолын майлап» қою керек деген кереғар түсінік қалыптасқаны жасырын емес. Осы мәселе қалай шешімін тауып жатыр? – Сұрағыңыз орынды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнестің дамуын тежейтін әкімшілік кедер­гілерді мейлінше азайту, алдын алу бағытында көптеген іс-шаралардың ұйытқысы болып жүр. Бұл мәселелер заң жүзінде реттеліп те жатыр. Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарының негізгі мақсаты да сондай келеңсіздіктерді болдырмау. Яғни, әкімшілік органдармен қатынасты барынша азайтып, олардың тарапынан орын алуы мүмкін жемқорлық мәселесіне жол бермеу. Сонымен қатар, қандай да бір түсінбестік орын алмас үшін өзіміздің кеңесшілердің жұмысын да үнемі қадағалап отырамыз. Кәсіпкерлер арасында арнайы сауалдама жүргізіліп, орталықтың қызметіне көңілі тола ма, сын-ескертпелер немесе ұсы­ныс-тілектері бар ма, соның барлығын зерттеп, біліп отырамыз. Сондай-ақ, әрбір азамат Ұлттық палатаның байланыс орталығына хабарласып, өз мәселесін айта алады. Яғни, кәсіпкерлер үшін жұ­мыстың неғұрлым ыңғайлы әрі жылдам болуын назарда ұстаймыз. – Осы жұмыстың нәти­же­лері туралы не дер едіңіз? – Мәселен, өткен жылы 30 мың кәсіпкерге 40 мыңға жуық қызмет көрсетілді. 212 мың кеңес берілді. Тіпті, жоспарды асыра орындап отырмыз. Мұның барлығы тапсырыс берушіге әзірленетін құжаттармен расталады. Айта кету керек, бұл тек бір бағыт бо­йынша, яғни сервистік қызмет көрсетудегі көрсеткішіміз. Басқа да ауыз толтырып айтарлықтай нә­ти­желеріміз баршылық, мысалы, бизнеске оқыту бойынша жеткен жетістіктер жетерлік. – Осы оқытуға қатысты бір сұрақ қойсам деп отырмын. Елі­міз тәуелсіздік алғалы ширек ғасырға жуықтады, ұлттық бизнестің де бұғанасы бекитін уақыт болған секілді, ендеше, әлі күнге дейін жұртқа кәсіпкерлік әліппесін ежіктеп үйретіп жат­қанымыз қаншалықты дұрыс деген сауалға не дейсіз? – Мен аталған мәселемен осыған дейін айналысқан инс­титуттардың жұмысына баға бе­руден аулақпын. Дегенмен, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құ­рылғалы бұл бағыттағы жұмыс жүйелене түсті деуге болады. Біріншіден, біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін арттыру туралы тапсырмасын орындап отырмыз. Қазір бұл көрсеткіш 25 пайыздан асты. Екіншіден, біз үнемі сұ­ранысқа қарай әрекет етеміз. Ал бүгінде Қазақстанда жұмыс істеп тұрған және өз кәсібін жаңадан бастап жатқан кәсіпкерлердің ақпараттық-кеңестік қызметтерге, оқуға деген сұранысы жоғары еке­ні байқалады. Дағдарыс кезінде түрлі қиындықтарға қарамастан, жеке бизнесін ашуға ниеттілердің саны арта түсуде. Бірақ еліміздің нарық заңдарымен өмір сүріп отырғанына 25 жыл болса да, бизнесті неден бастау керек екенін әлі күнге дейін білмейтіндер көп деуге болады. Бизнесін енді ғана мемлекеттік тіркеуден өткізген кәсіпкер бухгалтерлік есеп жасау, бизнес жоспар құру, конкурстық құжаттамалар әзірлеу, алғашқы айналымдық қаражаттың жетіс­пеушілігі немесе құқықтық сауат­тылық бойынша көптеген мәселеге тап болады. Қысқасы, аяғынан тік тұрып кеткенше көптеген мәселеде кеңесші қызметі қажет болатыны рас. Міне, Ұлттық палата жүзеге асырып отырған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы осындай түйткілдердің түйінін ағытуға сеп болады. – Жалпы, бұл жұмыс қалай жүргізіледі? Оқыту курстарынан өткен кәсіпкерге мемлекет тарапынан көмек алуға оның септігі тие ме? – Әрине, әрбір азамат жеке кәсібін ашып, мемлекеттік қол­дауға жүгіне алады. Ол үшін бірақ, кәсіпкердің іс жүргізу қабілеті, бастап жатқан кәсібі жайлы жан-жақты хабары, жеке бизнес-жос­­пары болуы тиіс. Жалпы, бизнес­ке оқыту жүйесі бізде үш кезең­­нен тұрады. Бірінші кезең – «Бизнес-кеңесші» бағдарламасы. Бұл кезеңде біз маркетингтің не екенін, бухгалтерлік есепті қалай жүргізу керектігін, кәсіпкерлік туралы заңнамамызда не айтыл­ғаны жайында ең қарапайым түсініктермен таныстыратын боламыз. Мұнда бизнес жүргізудің схемасы ұсынылады. «Бизнес-кеңесші» курсын тәмамдаушы арнайы сертификат алып, сол арқылы мемлекеттік органдарға тиісті көмек алуға жүгінуіне болады. Екінші кезең – «Бизнес-даму», бұл бағдарлама кәсіпкерлік негіздерінен біраз хабары бар, тәжірибелі тұтынушыларға ар­налған. Мұнда бизнес жүргізудің тың тәсілдері тереңдетіп оқы­тылады. Ал үшінші кезең – жоба­лық оқыту жүйесі барысында жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысандарына жіберіп, тәжірибе жинауға мүмкіндік жасаймыз. «Жүз рет естігенше, бір рет көрген артық» демекші, теориялық білімді тәжірибемен ұштастыру кез кел­ген салада оң нәтиже беретіні ақиқат. Нақты бір өндірісте көпті көрген, тәжірибесі мол кәсіпкерлер өз кә­сібінің қыр-сырымен бөлісіп, ақыл-кеңестерін айтады. Сонымен қатар, бұл курстың салалық ерек­шелігі бар. Мәселен, болашақ фермерді біз көп жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан сүт фермасына жіберіп, оның иесі өз тәжірибесімен бөлісіп, шебер­лік сыныбын өткізеді. Жалпы, осы уақытқа дейін 15 мың адамға бизнес негіздерін оқыттық. – Ұлттық кәсіпкерлер пала­та­сының көмегімен нақты қан­дай бизнес-жобалар жүзеге ас­ты? – Нақты деректер келтірер болсам, біздің орталықтардың кө­мегіне жүгінгеннен кейін 2880 кәсіпкер қаржылық қолдауға ие болды. Олар негізінен жылыжай шаруашылығы, мал шаруа­шылығы, қызмет көрсету секторынан – монша, шаштараз, тігін шеберханасы, химиялық тазалау секілді шағын және орта бизнес субъектілері. Біз кәсіпкерге бизнес-жоспар жасауға көмектесе­міз, ол банкке барып, өзінің жоспа­рын жүзеге асыру үшін қаржы алады. Яғни, палатаның қолдауының ар­қасында жаңа кәсіпкерлік мекемелері пайда болуда. Бұл де­геніңіз, жаңа жұмыс орындары ашылып, салық төлеушілердің саны артуда деген сөз. – Бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта кеңейту, жетіл­діру ойда бар ма? – Әрине, қазіргі таңда біз­дің мақсатымыз көрсетілетін қыз­меттің сапасын барынша арттыру болып отыр. Жұмыстың тиім­ділігі мен сапасын үнемі қа­да­ғалап, саралап отыратын байланыс орталықтарының деректері бойынша кәсіпкерлерді қолдау және кәсіпкерлерге қызмет көр­сету орталықтарына көмекке жү­гінген бизнес өкілдерінің 95 пайызы көрсетілген қызмет түріне кө­ңілдері толатынын айтқан. Десек те, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмысты әлі де жетілдіре түссек дейміз. Нақты айтсақ, барлық үдерістерді жүйелеу, есеп жүйесін енгізу, адами факторларды азайтуды жоспарлап отырмыз. Яғни, біздің тұтынушымыз өзінің проб­лемаларын жүйелеп жатқанда, біз оған шешу жолдарын ұсынатын дайын кейсті ұсына қоюымыз керек. Әрине, кемшіліктер болмай тұрмайды, алайда, негізгі ір­гелі шаралар біріздендірілуі тиіс. Қазір арнайы автоматтандырыл­ған бағдарлама дайындалуда, онда тұрақты түрде, онлайн тәртіпте, біздің палатаның орталық аппаратында және өңірлік палатада кәсіпкердің өтініш берген уақыты, жұмыстың қалай жыл­жып жатқаны, жүзеге асыру мерзімінің созылып кетпеуі бақыланып отыратын болады. Яғни, орталықтардың барлық қызметі өз кәсібін жаңадан бас­тап жатқан кәсіпкерлер санының артуымен және жұмыс істеп тұрған бизнестің нығаюымен әрі дамуымен анықталатын нә­тижеге бағытталатын болады. Бұл енді келешектегі жоспарымыз, ал әзірге СМС хабарлама жі­беру арқылы жұмыстың са­палылығын анықтаймыз. Яғни, тұтынушыларымыз жұмыс сапасына көңілі толған-толмағанын, ұсыныс-тілектерін, сын-ескерт­пелерін СМС арқылы жолдай алатын болады. Бұдан бөлек, біз арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, кәсіпкерлер бізден не күтетінін анықтадық. Зерттеу барысында мемлекеттік және жеке қатынастарға қатысты жобалар­ды сүйемелдеу мен ақпараттандыру жөніндегі қызметтер үлкен сұра­нысқа ие екені белгілі болды. Бұл мәселені біздің негізгі тапсырыс берушіміз – Ұлттық экономика министрлігімен талқылап, алдағы уақытта қызмет түрлерін толықтыруға келістік. Жалпы айтқанда, палата өкілдері үнемі ізденіс үстінде жүреді. Келешекте қай бағытта дамуымыз керек, кәсіпкерге сервистік қолдау көр­сету жұмыстарын заман талабына сай қалай жетілдіре аламыз, деген секілді сауалдар бізді ыл­ғи толғандырады. Кәсіпкерлер­ді қол­дау және кәсіпкерлерге қызмет көр­сету орталықтарының «бір терезе» жүйесімен қызмет көрсетуі аса маңызды. Яғни, кәсіпкер өзіне ке­регінің барлығын бір жерден таба алуы тиіс. Бұл үшін Ұлттық палатада бизнесті дамытудың өңірлік картасы әзірленді. Аталған карта еліміздің кез келген өңіріндегі кәсіп­керліктің даму деңгейімен қатар инвестиция салуға болатын саланы да анықтауға мүмкіндік береді. – Әңгімеңізге рахмет.              Әңгімелескен Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».