• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
19 Ақпан, 2016

Айтылған ой бір жерден шықты

325 рет
көрсетілді

Талдықорғанда Алматы облы­сының әкімі Амандық Баталов ел алдында есеп берді. Өңір басшысы болып тағайындалған біржарым жылда бірқатар жұмыстың басын қайырғанын Елбасы оң бағалап, халық қолдап отырғаны мәлім. «Жалғыз ағаш орман емес» демекші, Жетісу жерінде тұрғын үй салу, аграрлық саланы дамыту, өндірісті өркендету, инвестиция тарту деп тізбеленетін жұмыстарда әкімнің командасы білек сыбана кірісіп, талай биіктерді бағындырғанын сөз басында айтып өту керек. Рас, жекелеген аудандарда жұмыс тым сылбыр жүріп жатқаны жасырын емес. «Ақсу, Сарқан, Балқаш, Кербұлақ, Райымбек аудандарының әкімдері біржарым жылда тек жер телімдерін бөліп қана қойған. Сонда олар үшін жұмысты біреу атқара ма? Қапшағай қаласы әкімінің есебінде туризм жайлы айтылмағаны қалай?» – деп облыс басшысы ащы шындықтың бетін өзі ашты. Тұтастай алғанда, облыс аумағында атқарылып, бюджетке қыруар қаражат түсіріп жатқан игілікті жұмыс жетіп артылады. Өңір басшысының тікелей араласуымен бір жазда Талдықорғанда көпқабатты тұрғын үйлерден тұратын екі шағын ауданның бой көтеріп, пайдалануға берілгенінің өзі неге тұрады. Жан-жақтан қаражат құйылып тұрған іргелі облыстардың өзі мұндай жетістікке жете алған жоқ. Бұл факт. Облыста шағын және орта бизнес те қарқынды дамып келеді екен. «Өңірде 2014 жылы 156,6 мың бірлік белсенді шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 103,5 пайызға көбейіп, жалпы саны 162,1 мың бірлікке жетті. Осыған орай, шығарылған өнім көлемі 256,5 млрд. теңгені құрап, жергілікті бюджетке түскен қаражат 19,4 млрд. теңгеден 22,3 млрд. теңгеге артты. Өсім 114,9 пайызды құрап отыр», деген өңір басшысы, осындай игі істің нәтижесінде жергілікті бюджетке түскен салықтың көлемі 21,9 пайызға ұлғайғанын атап өтті. Мұнымен бірге, «2012-2020 жылдарға арналған моноқалаларды дамыту» бағдарламасын іске асыруға Алматы облысына 108 900 млн. теңге бөлінген. Нақты тоқталар болсақ, микрокредиттеуге 75 млн. теңге, кепілдік ұсыну үшін 11 млн. теңге, пайыздық ставканы субсидиялауға 14,3 млн. теңге, өндірістік инфрақұрылымды дамытуға 8,6 млн. теңге қарастырылыпты. Аймақта осы жылы «Бизнестiң жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 3,8 млрд. теңгеге 168 жоба жүзеге асырылыпты. «Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде 290 млрд. теңгеге 53 жоба жүзеге асырылып, 7636 жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ, 125,4 млрд. теңгеге өнiм шығарылды. Биыл өндiрiстiң жалпы көлемiндегi олардың үлесi 7,6 пайызды құрады. Расында, облыста шағын және орта бизнес субъектiлерiн қолдау аясындағы жұмыстар белсендi жүргiзiлiп жатыр. Нәтижесінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бойынша 609 азаматқа шағын несие берiлдi. «Алматы-Достық» темiржол байланысы ұйымдастырылғанына тоқталған әкім бұл байланыс алматылықтардың тарапынан үлкен сұранысқа ие болғанын жеткізді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алдағы уақытта Үшарал қаласында әуежай салу да жос­парланып отыр. Осы мақсатқа бүгiнде 3 гектар жер бөлiнiп те қойды. Бұл шара демалушыларды тасымалдауды айтарлықтай оңтайландырады деп ойлаймыз. Осы аталған шаралардың арқасында өткен жылдың өзiнде Алакөл және Балқаш көлдерiнiң жағалауларында демалушылар саны шамамен 1,5 еседен де артты. Аймақта өткен жылы жергілікті жолдарға 11 млрд. теңге бөлініпті. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы бойынша 304 шақырым жол қамтылған, биыл осы жолдың 150 шақырымы пайдалануға беріледі. Негізі, Алматы облысының автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 9317 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңыздағы жолдар 2529 шақырым болса, облыстық және аудандық маңызы бар жолдар 6788 шақырым болады. Есепті баяндамадан соң, тұрғындар тарапынан түрлі сала бойынша сұрақ көптеп қойылды. Соның бірі шалғайдағы Нарынқол ауылының мәселесі болды. «Нарынқол шекаралық өңір болып саналады. Ондағы мектеп, аурухана секілді әлеуметтік нысандар сын көтермейді. Автокөлік жолдары, электр желісі, су жүйелері тозып біткен. Осы және тағы басқа мәселелерін реттестіру үшін 1,8 млрд. теңге бөлінген. Бірақ жұмыс тым сылбыр. Сондықтан біз Нарынқол өңіріне арнайы барамыз. Елге осыны жеткізіңіздер. Райымбек ауданында жаңадан мектеп саламыз», деді Амандық Баталов. Тұрғындар тарапынан Сарқан ауданында қант қызылшасын көптеп өсіру үшін тамшылатып суару әдісін қолдануға, қатты тұрмыстық қалдықтар проблемасына, Еңбекшіқазақ, Панфилов аудандарында мектеп салуға, Іле ауданында теміржолға қатысты өзекті жайтты тиісті мекемелермен келісе реттестіруге, Алакөл ауданындағы ауыз су, Кербұлақ ауданындағы кәріз суы мәселесі, Ұйғыр ауданында тұрғын үй мәселесін шешуге қаражат бөлу айтылды. Қорыта айтқанда, залға қойылған еркін микрофоннан да тұрғындар өздері үшін өзекті мәселе болып саналатын түрлі сұрақтарын облыс әкіміне қойып, қанағаттанарлық жауаптарын алды. Облыс әкімінің есебіне тұрғындар қанағаттанарлық, тіпті, жақсы деген бағаларын берді. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы.