• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
19 Ақпан, 2016

Жүрекке ота жасатқан

380 рет
көрсетілді

61 жастағы қостанайлық Килиманджаро биігін бағындырды Қостанай ауданының Заречный селосында тұратын Михаил Тере­хов Африканың ең биік шыңын бағындырды. Ол сегіз сағаттық қиын жолдан кейін Қазақстанның туын Ухуру шыңына қадады. Шың теңіз деңгейінен 5 895 метр биіктікте жатыр. Ең қызығы, Михаил Григорьевич Ки­лиманджаро тауына жүрегіне шунттау отасын жасатқаннан бір жарым жылдан кейін шығып отыр. – Климанджаро тауына шығу сон­шалықты таңғалатын да нәрсе емес. Оған 12 жастағы жасөспірім де, зейнеткерлер де шығып жатыр. Менің тауға баруым мен шыңға өрмелеуіме барлығы 8 күн кетті. Ал осы сапарға бір жыл дайындалдым. Жолға алатын жабдықтарымды жинастыруға жарты жыл кетті. Барлық уақытта күніне 4-5 сағат жаттығулар жасадым, 10 шақы­рым жүріп отырдым, – дейді сая­хатшы. 2014 жылы Қостанай облыстық ауруханасында кардиохирург дә­рігер Владислав Ачкасов Михаил Гри­горьевичтің жүрегіне шунттау опе­рациясын жасайды. Білікті хирург жасаған операция өте сәтті өтеді. Науқас аурухана төсегінде жатқанда-ақ ірі әрі қызықты саяхат жасауды армандайды. – Танзанияға сапар шегуге бекіндім. Таныстарым, туыстарым менің мұндай қауіпті жолға шықпауымды өтінді. Мені қадағалаған терапевт дәрігерім Наталья Заляева саяхатқа шығатынымды ес­тігенде басын шайқады, бірақ тоқ­татпады, жол болсын айтып қала берді, – дейді Михаил Григорьевич. Ол Танзанияда төрт ресейлікпен бір топта болды. Оның да біреуі бұрынғы қостанайлық екен. Қызықты кісілермен сапарлас, тату-тәтті күндер кешкені Михаил Григорьевичтің жолын жеңілдетіпті. – Мен шыңға алдымен шығып, ең ұшар басына Қазақстанның көк туын қададым. Еліме, Қостанай облысының тұрғындарына тілек тіледім, оны камераға жаздырдым. Қазақстанның дамуын армандайтынымды айттым, халқымыз осылай татулықтан, бірліктен арылмасын дедім. Шыңда тұрып, «Алға, Қазақстан!» деп айқайлағанмын. Аязға шыдамай камера тоңып қалыпты, сөзімнің соңы түспей қалыпты, сол бір кішкентай сәт өкінішім болды, – деп саяхат қызығын шертті. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». Қостанай облысы, Қостанай ауданы.