• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Ақпан, 2016

Екібастұздың миллион-миллион раушан гүлдері

415 рет
көрсетілді

Алда келе жатқан әйелдер мерекесі күні екібастұздықтар қыз-келіншектерді өз қалаларында өсірілетін раушан гүлдерін сатып алып қуаныш сыйламақшы.  Қаладағы «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» серіктестігі маңында орналасқан «Green Нouse KZ» серіктестігінде алып жылыжай кешені ашылды. Жылыжай шыныдан тұрғызылған. Алып станса тұрбаларының түбіндегі кешенде гүлдер де жарыса өседі. Бізде гүл өсіру нарығының бәсекелестігі енді-енді басталып келеді. Екібастұздық рау­шан да нарыққа төтеп бермек. Әрі Үкіметтің кәсіпорындар жанынан қосымша өндіріс нысандарын ашу туралы тапсырмасы да бар. Жалпы, жылыжайдың құрылысымен голландиялық компания айналысты. Көмірімен аты шыққан қала енді раушан гүлдерімен де атын шығармақ. Бұл жылыжайда енді гол­лан­диялық тәсілмен алқызыл рау­шан гүлдері өсіріледі. Ал, электр стансасы болса, жылыжайды сумен, электр және жылу энер­гиясымен қамтамасыз етеді. Гүл өсетін кешен толықтай авто­маттандырылып, шетелдік құ­рал­дармен жабдықталды. Қала әкімі Александр Вербняктың айтуынша, раушан гүлдерін өсіруде жаңа заман технологиясы қолданылады. Қараша айында 5 гектар жерге алғашқы көшеттер отырғызылды. Гүлдер егілетін алқапқа 5 мВт энергия қуаты жеткілікті көрінеді. Таңғаларлық гүлдер жылыжайының ашылуына облыс әкімі Қанат Бозымбаев қатысты. Әрине, голландия технологиясымен өсірілетін раушан гүлдері көмірлі өңірдің жаңалығы. Бұған дейін Жамбыл облысында Таразда өсірілді. Екібастұздықтар да сапасы голландиялықтан кем болмайтын раушандарды өсіруді қолға алды. Гүл өсірушілердің айтуынша, биологиялық қорғау әдістерін тиімді, дұрыс қолданса, раушан гүлдері Голландиядағы сияқты биік болып өседі екен. Раушан гүлдерін өсірудің тағы бір екібастұздық жаңалығы ол – топырақсыз, суда, тамшылатып суару арқылы арнайы материалда гүл жарады. Алюминийден құрастырылған арнайы қондырғылар 80 пайызға дейін күннен жылу алады. – Жұмысқа ерекше көңіл-күймен келеміз. Айнала раушан гүлдерінің ортасында жүргеннің өзі бір рахатқа бөлейді. Раушан гүлі күтімді өте қажет ететін нәзік гүл. Уақтылы суарып, жарығын түсіріп, суықтан қорғау керек. Әйтпегенде лезде солып қалады. Жылыжайда екі аптадай өмір сүреді, – дейді гүл өсірушілер. Ал, жылыжайдың жобалық қуа­ты жылына 10 миллион дана гүл өсіруге жетеді екен. Тек өткі­зуін біл. Алаңы 5 га жерді алып жатыр. Раушан гүлдер-еліміз­дің, Ресейдің нарығына сатылады деп жоспарлануда. Еліміз тұр­ғын­дарының гүлдерге деген сұ­ранысы 120 миллионды құрай­ды екен. Екібастұзда раушан гүлі­нің жоғары сұранысқа ие «Red Naomi» деген сорты өсіріледі. Яғни, бұл сортты раушан гүлінің са­бағы 90 сантиметрге жетеді. Өсім­дікті кесіп, жинап алған соң, ар­найы тоңазытқыштарда сақта­лады. Үйдегі гүлсалғыш ыдыс­тарда 14 күн бойы тұра алады. Жы­лы­жай шаруашылығында қазір 70 жаңа жұмыс орны ашылды. Жо­баға 3 млрд. теңгеден астам ин­вестиция салынды. Жаңа кәсіп­орынның басшысы Айтма­ғанбет Сәрсенбекұлының айтуын­ша, инвесторлар жылыжай кешені­нің аумағын 30 гектарға дейін кеңей­тіп, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде ин­фра­құрылым салуды жоспарлап отыр. Жылыжай кешенін жобалау жұмыстарын голландық «VAN DER HOEVEN» компаниясы жүргізді. Облыста қазір 12 жылыжай бар. Енді Ақсу қаласында қияр мен қызанақ өсіретін жылыжай кешенінің құрылысын салу бойынша инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Инвестициялардың жалпы көлемі 2,4 млрд. теңге. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». ЕКІБАСТҰЗ. Суреттерді түсірген Валерий БУГАЕВ.