• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
20 Ақпан, 2016

Саяси науқан – сыналар шақ

277 рет
көрсетілді

Партиялық тізімдерді тіркеу және мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды ұсыну мерзімі аяқталды Кеше Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов партиялық тізімдерді тіркеу қорытындылары және мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды ұсыну барысы туралы брифинг өткізді. Брифингте ОСК басшысы БАҚ өкілдерін сайлау науқанының аталған кезеңінің жалпы қоры­тын­дыларымен таныстырды. Өйт­кені, партиялық тізімдер бойын­ша сайланатын Қазақстан Респуб­ликасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес 2016 жылғы 19 ақпанда пар­тиялық тізімдерді тіркеу мерзі­мі, сондай-ақ, мәслихаттар депу­таттығына кандидаттарды ұсыну аяқталады. Қ.Тұрғанқұлов атап өткендей, Орталық сайлау комиссиясы 234 кандидатты қамтитын алты сая­си партияның тізімін тіркеді. Олардың ішінде 187 немесе 79,9 пайызы ер адам және 47 немесе 20,1 пайызы әйел адам, 233 кандидаттың жоғары білімі бар. Кандидаттың әрбір төртіншісі – инженер, әрбір бесіншісі экономист немесе заңгер. Сондай-ақ, 67 кандидат (28,6 %) мемлекеттік емес меншік нысанындағы ұйым­дар мен кәсіпорындардың қызмет­керлері, 47-сі (20,1%) – V ша­қырылған Парламент Мәжілісінің депу­таттары. Тіркелген кандидат­тардың орташа жасы – 52 жас, ал олардың ең жасы – 26 жаста, 20 ақпаннан саяси партиялар үшін 18 наурызда сағат 24.00-де аяқ­талатын сайлауалды үгіт науқаны басталады. «Осыған байланысты біз сай­лауға қатысушы саяси партиялар мен кандидаттарды, сондай-ақ, олардың сайлауалды штабтары мен сенім білдірілген адам­дарын «лас» технологиялар­ды қолданбауға және әділ күрес жүргізуге шақырамыз. Өздерінің үгіттік іс-шараларын ашық, әділ және транспаренттік сайлау өткізу үшін тек қазіргі құқықтық алаң шеңберінде жүзеге асырады деген сенімдеміз», – деді Комиссия төр­ағасы сайлау үдерісіне қаты­сушыларға бағыттаған сөзінде. Сонымен қатар, ол сайлау заңнамасының үгіт науқанын жүргізуді реттейтін негізгі ере­же­лерін тағы бір мәрте еске салды. Оның айтуынша, барлық үгiттiк баспа материалдарында сол материалдарды шығарған ұйым, олар басылған жерi мен таралымы, тапсырыс берген тұлғалар, қандай қаражаттан төленгендiгi жөнінде мәлiметтер болуға тиiс. Yгiттiк баспа материалдарын Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерде дайындауға, анонимдiк үгiт материалдарын таратуға, үгiт материалдарын ескерткiштерге, ескерткіш тұғырларға, тарихи, мәдени немесе сәулеттiк құндылығы бар үйлер мен ғимараттарға және дауыс беруге арналған үй-жайларға iліп қоюға тыйым салынады. Ортсайлауком басшысы үгіт кезеңінде саяси партиялар мен кандидаттардың митингiлердi, шерулердi, демонстрацияларды және басқа да сайлауалды іс-шараларды ұйымдастыруына және өткізуіне рұқсат етілетінін де атап өтті. Бірақ, заңнамаға сәй­кес осы тәрізді іс-шаралар олар­ды өткізуге дейін 10 күн бұрын жергілікті атқарушы билік ор­гандарымен келісілуі тиіс. Қ.Тұрғанқұлов, сондай-ақ, «Сай­лау туралы» Заңның ереже­лерін бұзғандарға заңмен белгі­ленген жауапкершілікке тарту қол­данылатынына да назар аударды. ОСК төрағасы жергілікті атқа­рушы органдардың үгіт жүргізу кезеңіндегі негізгі міндеттерінің арасында үгіт материалдарын орналастыру үшiн уақтылы түр­де орындар белгiлеуді және оларды стендтермен, тақталар­мен, тұғырлықтармен жарақтан­дыруды, сонымен бірге, партия­лар мен кандидаттарға сайлаушылармен кездесуі үшін шарттық негізде үй-жай беруді атады. Бұл орайда үй-жайларды беру шарттары барлық партиялар мен кандидаттар үшін бірдей және тең болуы қажет. Кандидаттардың бұқаралық ақпарат құралдарына шығуына, сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізуіне байланысты шығындары, сондай-ақ, көлiк және iссапар шығыстары тек сайлау қорларының қара­жатынан төленуі тиіс. Ортсайлаукомның деректері бойынша, бүгінгі күні сайлауға қатысушы алты саяси партияның сайлау қорларына 519 миллион 132 мың теңге түсіпті. Үгіт науқаны кезеңіндегі БАҚ қызметі туралы айта келіп, Қ. Тұрғанқұлов әрбір азаматтың өзінің сайлау құқығын саналы және салмақты іске асыру мүмкіндігі болуы маңызды екенін атап өтті. «Сондықтан БАҚ-тар кандидаттар мен партиялардың сайлау науқанын шынайы, толық және жария етуін жүзеге асыруға міндетті», – деді ол осы жөнінде. Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауға келетін болсақ, Ортсайлауком бекіткен күнтізбелік жоспарға сәйкес кандидаттарды ұсыну 20 ақпанда басталып, 29 ақпанда аяқталады. «Ал мәслихаттар депутаттарын сай­лауда кандидаттарды ұсыну 19 ақпанда аяқталады, – деді Қ.Тұр­ғанқұлов әрі қарай. – 19 ақпан күн­гі сағат 09.00-дегі жағдай бойын­ша 11 133 кандидат ұсынылды. Осы­лайша, орташа бәсекелестік бір депутаттық мандатқа үштен астам үміткерді құрады. Ұсы­ныл­ған кандидаттардың 68,6 пайы­зы өзін өзі ұсынғандар, қалған 31,4 пайызын саяси партия­лар мен қоғамдық бірлестіктер ұсын­ды. 1 617 адам облыстық мәсли­хаттарға, 126-сы Астана қалалық мәслихатына, 165-і Алматы қала­лық мәслихатына дауысқа түседі. Аудандық мәслихаттарға 7 085 кан­дидат, ал қалалық мәс­ли­хат­тарға 2 140 кандидат ұсы­нылды». ОСК басшысының келтірген мәліметтеріне қарағанда, кан­ди­даттардың 75,1 пайызының жо­ғары білімі бар. Олардың көп­шілігін мұғалімдер, инженерлер мен экономистер құрайды. Мәс­лихат депутаттығына канди­даттардың орташа жасы – 43,6 жас. Оның ішінде жасы жағынан ең үлкен кандидат 89 жаста екен. Кандидаттарды тіркеу 23 ақпанға дейін созылады, ал 24 ақпаннан бас­тап мәслихаттар депутаттығына тіркелген барлық кандидаттар үгіт жұмысына кірісе алады. Брифингте мәслихаттар депу­таттығына сайлануға әйелдер ерек­ше белсенділік танытып отыр­ғаны да аталды. «Биліктің жер­гілікті органдарының алдағы сай­лауына әйелдердің саяси бел­сенділік танытып отырғанын ерекше атап өткім келеді, – деді ОСК басшысы осы туралы. – Әйел­дердің ең көп ұсынылуы Шығыс Қазақстан облысының Зы­рян ауданы мен Қарағанды облы­сының Абай ауданында тірке­ліп отыр. Осы өңірлерде канди­дат­тардың үштен екісін әйелдер құрайды». Брифинг соңында Қ.Тұр­ған­құлов сайлау үдерісіне қаты­су­шылар тарапынан, сондай-ақ, байқаушылар, оның ішінде шетел­дік байқаушылар тарапынан үлкен қызығушылық танытылып отыр­ғанын атап өтті. Бүгінгі күнге Орт­сайлауком еліміздің Сыртқы іс­тер министрлігінің ұсынуы бойынша 22 елден 52 халықаралық байқаушыны аккредиттепті. «Шет­елдік сарапшылардан басқа, алдағы сайлауды тәуелсіз байқау­ды отандық ҮЕҰ-лар да жүргі­зеді. Осы үдеріске қатысуға «Қазақ­стан заңгерлерінің одағы» респуб­ликалық қоғамдық бірлестігі, Сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия және «Заңгерлер – әділ сайлау үшін» республикалық қоғамдық бірлестігі де ниет білдірді», – деді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қ.Тұрғанқұлов. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».