Қазақстандық актер Санжар Мәдиев Ресейдің «Қорғаушылар» фильмінде басты рөлдердің бірін ойнады. Бұл кинотуындыда Кеңес заманындағы жойқын күш иелерінің ерліктері баяндалады.
Мамандар аталған картинаны Голливудтың «Икс адамдар» атты блокбастерінің аналогы ретінде бағалап отыр. Себебі, бұл фильмде де тылсым күшке ие суперқаһармандардан құралған топ зұлымдықпен күресіп, бейбітшілік үшін қан төгеді.
Оқиға желісі бойынша топ мүшелері ұзақ уақыт өздерінің кім екендерін жасырып, қарапайым халықпен бірге өмір сүреді. Ал ел басына күн туған соғыс кезінде олар атқа қонып, халықты жауыздықтан құтқарады. Қаһармандардың барлығы КСРО құрамында болған әртүрлі ұлттың өкілдері. Сондықтан фильм барысында әр мықтының өзіндік ерекшеліктерімен қатар, ұлттық болмысы мен дәстүрі де ескерілген.
С.Мәдиев картинада Хан есімді желден де жылдам қорғаушының рөлін ойнайды. Сол себепті де оны топ мүшелері жел-адам деп атайды.
Айта кетейік, фильмнің режиссері Сарик Андреасян да Қазақстанның тумасы. Ол Қостанай қаласында туып-өскен. Режиссердің айтуынша, жаңа фильм 2017 жылдың ақпан айында көрермен назарына ұсынылмақ.
Ернар МҰХАМБЕТ.