«Әкім бол, халқыңа жақын бол» дейтін даналық Ақмола облысына қарасты Аршалы ауданының әкімі Жомарт Нұркеновке қаратып айтылған ба деп қаласың. Жақында ол ел аралап жүріп, Сарыоба ауылында сәби күнінен мүгедек он үш жасар Қайрат Елеусізге өз қаражаты есебінен мүгедектер арбасын сыйлады. Осылай «бесіктен белі шықпай жатып» тағдырдың зарын тартқан жасөспірімге жанашыр болып, оған ізгілік танытты.
«Қуанышымызда шек жоқ. Мүгедек жанды күткен жан ғана адам тағдырының қандай қиын екенін түсінеді. Баламыздың өз қатарластарынан кемдік көргені жанымызға батып, жүрегімізді ауыртады. Амал не, тағдырдың тезіне кім қарсы тұра алсын», – деп мұңаяды Қайраттың әкесі Саршал Елеусіз.
Сосын әкімге деген өзінің ризашылығын білдіріп, алғысын жолдады. Енді көңіл кірбіңіне шуақ ұялаған Қайрат та бір сәт мұң-наласын ұмытып, жүзіне күлкі үйірілді. Біз де қоса қуандық.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.
Аршалы ауданы.