Қалаға қарасты Қарғалы ауылындағы «Арыстанғали» шаруа қожалығының жетекшісі Қайырғали Арыстанғалиевті Ақтөбенің Атымтай жомарты десе де болғандай. Шаруа қожалығының жұмысын жүйеге түсіріп, адамдарға жұмыс тауып беріп отыр. Жолдасы Роза көп жылдар банк саласында жемісті еңбек етті. Қазір «Гауһар» атты мейрамханаға, автокөлік жуу орнына, дүкенге басшылық жасайды. Ұлы Дәулеттің де жеке ісі бар, келіні Альбина банкте қызмет етеді. Өз сөзімен айтсақ, шүкіршілік деуге келеді. Шындығында, әңгіме Қайырғалидың табысында да емес, бас тіреп келгендердің тауын қайтармайтын қайырымдылығында деу орынды болмақ. Одан басқа, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» өйтіп-бүйтіп байып алып, шіреніп жүргендер аз ба? Ал Қайырғали Арыстанғалиевтің ұстанымынан ұлағат пен қайырымдылық қатар өріледі.
Ана бір жылдары өзімен ниеттес кәсіпкер «Ізбас» ЖШС директоры Батырбек Ізбасқановқа өтініп жүріп Қарғалы ауылында мешіт салуға, осы елді мекендегі бір көшеге қатты жамылғы төсеуге ұйытқы болды.
Ісі оңғарылып, табысы молая келе қайырымдылық жасауға бұрынғыдан да баса көңіл бөле бастады. 2006 жылдан бері атақты композитордың аруағымен ажырамастай табысып, талантына да, азаматтығына да тәнті болумен келеді. Жыл сайын өзі демеушілік жасап, «Ән ғұмыр» атты Шәмші әндерінің байқауын ұйымдастырады, композитордың туған күні – 15 қыркүйекте дастарқан жайып, әдемі шара өткізеді, ал қайтыс болған күні – 29 ақпанда ас беріп, аруағына құран бағыштатады. Шәмші Қалдаяқовтың туған-туысқандарымен байланыс жасап, хабарласып тұруды қазақ вальсінің короліне деген құрмет деп есептейді. Бұрынғы Александровка ауылының Шәмші Қалдыаяқов аталуына да бір адамдай асталысты. Осы ауылда Шәмші Қалдаяқов атындағы саябақ ашуға мұрындық болды, оның айналасын қоршап, ағаш көшеттерін отырғызды, композитордың ескерткіш-мүсінін орнатты. Өткен жылы қазақ вальсі королінің 85 жылдығын айрықша атап өтті, жолдасы Жәмила мен балаларын шақырып, фестиваль ұйымдастырды.
Осы ауылға өз қаржысына саябақпен іргелес жерден еңселі де сәулетті мешіт салып, пайдалануға берді. Оны ұстау шығындарын да өзі көтеріп отыр. Жылуы бар, газ, электр қуаты келіп тұр. Бұл мешіт осындағы имандылық ұясы болып, халыққа рухани қызмет етуде
Ағайын десе алдындағы асымен ортақтасуға дайын ақжүрек жігіттің қайырымдылығына қалың жұрт тәнті. Ол жетім-жесірлерге, қарттар мен мүгедектерге, аз қамтылғандардың мұң-мұқтажына қарайласуды өзінің азаматтық парызы санайды. Жыл сайын қарттар күніне «Гауһар» мейрамханасында дастарқан жайып, қариялардың батасын алады. Өзі тұратын Қарғалы ауылындағы №53 орта мектепте оқитын аз қамтылған отбасы балаларына демеушілік жасайды, білім ордасын да қолдап отырады. «Геолог» мәдениет үйі жанынан құрылған «Асыл әжелер» ансамблінің тұрақты қолдаушы-демеушісі де өзі. Ал спорт жарыстарына, спортшыларға демеушілік жасау төл міндеті іспеті.
Қарақан басының қамын ғана емес, қатарындағылардың барлығының бақуатты болуына тілектес жүрегі таза, жаны жомарт жанның қолы да ашық. Сондықтан болар, оны білетіндер, қарғалылықтар «Қайрош» деп кеткен Қайырғали Арыстанғалиевті тек іскер кәсіпкер ғана емес, нағыз азамат ретінде құрметтейді. Мен көмек бердім, демеушілік жасадым деп жатқан ол жоқ. Қолындағымен бөлісуді көкірегіне құйып өскендіктен де болар, осылай болуы заңды деп қабылдайды мұндай шаруларды о бастан.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.