• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Ақпан, 2016

Верониканың орындалған арманы

363 рет
көрсетілді

Қазір көпшілік адамдарға бизнес деген сөз қол жетпес биік­тегі нәрсе секілді көрінеді. Сондықтан олар іс ашу үшін тәуе­кел жасауға тартыншақтайды. Алайда өз ательесін ашқан Ве­роника Побрус мұндай пікірмен келіспейді. Ерінбей еңбек етіп, сүйген ісінің соңына түскен кісі ғана кәсібін дөңгелетеді. Ұлы әже­сінен немере, шөберелеріне жалғасып келе жатқан тігіншілік Верониканың да сүйген ісі болатын. Тұлымшағы желбіреп жүрген бала кезінде әжесі Раиса Ильинична Бебех алаңсыз ті­гін машинасында отыратын. Не­ме­ресі де оны айналшықтап, маталарды ұстап көріп, қайшымен мата қырқамын деп қиғылықты салар еді. Әжесіне ине сабақ­тап беретін кездері де болатын. «Ана көрген тон пішер» деген қа­зақ мақалының даналық екенін Бебехтер отбасының сабақтастық дәстүрі де дәлелдегендей еді. Әжесінен тігіншілікке көзі қанып өскен Вероника 9-сыныпта оқып жүргенде өзіне алғашқы пальтосын тігіп алды. Содан кейін-ақ онда басқа мамандық туралы ой болған емес. Тігін машинасында сағаттап отырады, тіккен әр киімі оған рахат сезімін сыйлайтын. Тігіншілік кәсібіне, күн көрісіне айналды. Бері келе ателье ашуды армандады. – Жылдар жылжып өте берді. Мен сұраныс жасағандарға бұ­йым­­­дарын үйден тігіп бере­тін­мін. Ал ателье ашу мен үшін ар­ман күйінде қала берген еді. Себебі, барлығы да қаржыға келіп тіреледі ғой. Бірде маған таныс­тарым «Кәсіпкерлер палатасына барып, жоспарыңды айтсаң көмек береді, талпынып көрсей», деген кеңес айтты. Расында Кә­сіп­­керлер палатасына барған соң, айым оңынан туғандай болды, арманымның алдамағанын сезіндім, – дейді Вероника. Қазір Верониканың өзі тұрып жатқан Май селосында ашқан ательесі жұмыс істей бастады. Тігінші бизнесім жүрмей қалады деп сасқан жоқ. Өйткені, ол үйінде тігін тігіп жүргенде-ақ оған сәнді көйлекке, басқа да киімдер тігуге сұраныс беретіндер аз болмайтын. Ателье ашылғалы келушілер қатары көбейе түсті. Сұраныс берушілер келген сайын оның кәсібі де дөңгелене түседі. – Ателье ашылған күннен-ақ ауылдастарым маған күзгі, қысқы киімдерін жөндетуге алып келді. Алғашқы сұраныс та осы болды. Бұл үйреншікті кө­рініс, өйткені қалада да, далада да жамау-жасқау ісі болмай қалмайды. Тіпті, дүкеннен сатып алған киімнің өзін кейде кішірейтуге, қысқартуға тура келеді. Тірліктің бір үзілмейтін ісі осы, – дейді Вероника. Тігінші қыз аудандағы на­­­­рықты «зерттеп» те қойған екен. Таран ауданының орта­лы­ғында, оған жақын елді мекендерде мұндай ателье жоқ екен. Кейбір әуесқой тігіншілер қолы бос кезінде үйінде тігеді. Ал Ве­рониканың ательесіне келгендер негізінен киімді жөндетеді, жамау-жасқау дегендей істерді ат­қарады. Алдағы уақытта ол ате­льенің қызмет аясын кеңейту­ді ой­ластырып отыр. Оның өзі ойлаған ісін орындауға біліктілігі жетеді. Вероника Рудный қала­сындағы бір авторлық мектептен мамандандырылған тігіншілік курсты бітіріп, сертификат алды. «Шебердің қолы ортақ» дегендей, ол ауылдастарының қандай киімін болса да жұтындырып шығарады. Бүгінде Вероника Побрус «Биз­нестің жол картасы-2020» бағ­дарламасы бойынша шағын несие күтіп жүр. Ол сол қаржыға жаңа тігін машинасын, фурнитура, қосымша жабдықтар алғысы келеді. «Вероника» ательесінің жер­лестеріне көрсетер қызметі мінсіз болатынына Вероника сенімді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». Қостанай облысы, Таран ауданы.