Атырауда бір күнде осынша отбасы баспаналы болды
Атырау қаласында тұрғын үй құрылысы кең қанат жайған шағын аудандар қатары көбейіп келеді. Солардың қатарындағы «Нұрсая» шағын ауданына тұрғындар ерекше қызығады. Өйткені, мұнда жыл сайын заманауи тұрғын үйлер бой көтереді. Өткен жылы да бұл шағын ауданда бірнеше бағдарламамен тұрғын үй құрылысы бастау алды. Сондай бағдарламалардың қатарындағы «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасымен салынған баспаналар шағын ауданға сән берерліктей әсемдігімен көз тартады. Енді міне, бұрнағы күні 11 тұрғын үйдің 555 пәтері кезекте тұрған отбасыларға берілді. Бір күнде жаңа баспана алғандардың ішінде 1 Ұлы Отан соғысының ардагері, 17 ата-ана қамқорлығынсыз қалған жас, 29 әлеуметтік тұрмысы төмен отбасы, 57 мемлекеттік қызметкер мен бюджеттік мекеме өкілдері бар. Баспанасы апатты күйге жатқызылған отбасы да жаңа пәтер бақытына бөленді.
Ал 450 отбасы тұрғын үй алу үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы атанып, кезекке тұрғандар екен. Олардың 218-і төлем қабілеті барлар санатына жатса, 232-сі арнайы банктің салымшысы болған. Осылайша, Атырауда бір күнде 555 пәтер иелері қуанышқа бөленді. Тұрғындардың баспаналы болу қуанышына облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов ортақтасып, жаңа тұрғын үйлердегі пәтерлерді аралап көрді.
– Осы кезге дейін бес баламмен жатақхананың 1 бөлмесінде тұрып келдік. Әрине, көп балалы отбасы үшін бір бөлме тарлық ететін. Балаларымыз ойнай да алмайтын. Тұрғын үй кезегін 10 жылдан аса күтіп едік. Бүгін мемлекеттің қолдауымен пәтер алғанымыз үшін қуанышымыз қойнымызға сыймай тұр. Енді, әсіресе, балаларымыз алаңсыз сабағына дайындалып, еркін демалатын болды, – дейді көп балалы ана Күнзира Елемесова.
Айтқандай, өткен жылы осы шағын ауданнан «Жас Отау» бағдарламасымен салынған тұрғын үйге жастар қоныстанып еді. Тек жастар емес, солармен бірге, былтыр облыста 795 отбасы тұрғын үймен қамтылыпты. Енді биылғы жылдың аяғына дейін тағы да 100 отбасының баспаналы болатыны күтілуде.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
АТЫРАУ.
Суретті түсірген
Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.