Жыл басында Елбасы «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты бағдарламасын жариялады. Бұл тұрғыда ғалымдар қандай ойда? Нендей қорытынды жасады? Осыны білу мақсатында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисеновпен әңгімелескен едік.
– Қылышбай Алдабергенұлы, Елбасының «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласын оқығаннан кейін қандай ой түйдіңіз?
– Бұл – еліміздің одан әрі өркендеуіне нақты бағыт берген тарихи маңызы зор құжат. Қоғамдағы өзекті мәселелер мен еліміздің даму бағыттары туралы Елбасымыз өзінің ойларын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа үнемі жеткізіп отырады. Осынау өрелі ой-пікірлер бүгінгі күні еліміздің әлеуметтік-экономикалық өркендеуі мен рухани жаңғыруының негізіне айналып отыр. Сондықтан, оны негізінен жаһандық дағдарыстарға қарамастан 5 институттық реформаны жүзеге асырудың басым бағыттарын айқындап беруімен ерекшеленетін Стратегиялық бағдарлама дер едім. «Жаңа қазақстандық арманды» жүзеге асырудың сара жолын көрсеткен мақаласын Елбасымыз «Әр ұрпақтың өз арманы бар, оларда тек жеке және отбасылық игіліктерге ғана ұмтылыс көрініс таппайды. Оларда қашанда туған жерге деген сүйіспеншілік сезімі, өз халқы мен Отанының бақыты туралы аңсар айқын көрінеді»,– деп бастап, ұлтымыздың ұлы мұратының әрбір қазақстандықтың ізгі ойынан құралатынына ерекше мән берген. Бүгінгі күні ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі мерекесіне қадам басып тұрған кезде біз Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында бақытты өмірге қол жеткізіп те отырмыз. Мемлекет басшысының осы бағдарламалық мақаласы алдағы күннің бұдан да бақытты, арман-көкжиегіміздің бұдан да кеңейе, нұрлана түсетіндігіне халықтың сенімін нығайта түсуде. Тәуелсіз Қазақстанның ең басты байлығы, әлем елдерінің қызығушылықпен қарайтын құндылығы – біздің көпэтносты еліміздегі ауызбіршілік пен ынтымақ. Осы ретте Елбасымыз Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызы мен мәніне тоқтала келе: «Ел» сөзінде үлкен біріктіруші күш бар, өйткені, барлық уақыттарда да туған жер қазақстандықтар үшін ең жақын және өзіне тартушы құндылық болған және болып қала береді» деп Мәңгілік Ел идеясының біріктіруші күші халықтың өз Отанына деген сүйіспеншілігінен бастау алатындығын атап көрсетеді.
– Бағдарламалық мақаладағы тағы қай тұстарға басымдық берер едіңіз?
– Елдің болашағы – жастар. Олардың жүрегіне отансүйгіштік сезімді ұялатып, санасына – мемлекетіміздің болашағы мен дамуы жолында ел бірлігін көздің қарашығындай сақтауды өмірлік ұстанымы ретінде қалыптастыру ұстаздар қауымының аса маңызды міндеті. Түркі халықтарының ортақ ойшылы Қорқыт ата бар ғұмырын ел бірлігін нығайтуға арнап, түркілік дүниетанымның негізін қалаған кемеңгер. Ғұлама ойшыл бабамыздың жырларындағы отаншылдық пен ерлік, сабырлылық пен төзімділік – халқымыздың бойындағы асыл қасиеттер. Осы орайда 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтуіміздің маңызы ерекше болды. Халқымыздың ел тәуелсіздігіне деген ұмтылысын ешқашан санадан өшірмеген тарихи оқиғалар көп. Соның ішінде қазақтың даңқты перзенттері Керей мен Жәнібек хандар негізін қалаған Қазақ хандығының мәні мен мәртебесі аса жоғары. Бүгінде әлем таныған қазақ елінің ұлт азаттығы жолындағы күрескерлік рухын, ата-бабаларымыздың арман-мұратын қастерлеп, ұрпақ жадына қалыптастыру – тәуелсіздігімізді баянды етудің рухани тірегі. Елбасымыздың сайлауалды бағдарламасынан туындаған Бес институттық реформаның, оны жүзеге асырудың «100 нақты қадамының» жаһандық экономикалық қиындықтардың күшті ықпалын сезініп отырған қазіргі кезеңде маңызы ерекше. Осы ретте, Ұлт Жоспарын жүзеге асырудың негізгі қадамдарын нақтылап берген Елбасы бағдарының да дер кезінде жарияланғанын ерекше атап өткім келеді.
Әлемдік бәсекелестікте білімі мен ғылымы өркендеген ұлт қана жетістіктерге қол жеткізе алады. Елбасымыз әрқашан білім мен ғылымды дамытуға ерекше назар аударып келеді. Осы мақаласында да ғылымға негізделген экономиканы қалыптастырудың, жоғары технологиялы өндірістерді кеңейтудің ел экономикасын өркендетудегі шешуші фактор екендігін айтады. Қазақстан ғылымын дамытудың негізгі бағыты – ол ғылыми-техникалық зерттеулердің мазмұнында әлемдік инновациялық трендке сәйкестіліктің болуы. Бүгінгі күні математика, биотехнология, фитохимия, нанотехнология, металлургия, басқа да салалар бойынша айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік. Ғылым жетістіктерін экономикада қолдануда да өз биігіміз бар. Бұл Елбасы көрсетіп берген басты екі ұстанымға негізделуі тиіс. Біріншісі – экономикалық серпілісті қамтамасыз ете алатын нақты басым бағыттарды айқындау. Екіншісі – ғылымды қажет ететін технологиялар трансфертін өндіріске енгізу.
Елбасымыз «Жасыл экономиканың» стратегиялық трансферт идеясын және Еуропа, Азия Америка елдерімен жаһандық әріптестікті ұсынды. «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасын әлемге тарату және жасыл экономика технологиясын дамыту туралы Қазақстанның бастамасы әлемдік қауымдастықтың қолдауына ие болуда. Елбасының кең ауқымдағы жаһандық идеялары бұл саладағы зерттеулерге жаңа серпін беріп, Астанада Экспо-2017 халықаралық көрмесін өткізу туралы шешім қабылдауға негіз болды. Қазірдің өзінде елімізде Дүниежүзілік банкпен «Технологияларды коммерцияландыру» бағдарламасын бірлесіп жүзеге асыру шеңберінде 65 ғылыми жоба орындалуда, осындай жобалардың алдағы уақытта жүзеге асатыны ғылым мен техниканың дамуына мол мүмкіндік беретін болады. Бұл ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын ғалымдарды ынталандыруда. Мұндай жобаларды орындау арқылы, зерттеу жұмыстарының нәтижелерін өндіріске енгізетін жаңа буын мамандардың кәсіби шеберлігін қалыптастырып, мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын тиімді жүзеге асыратын боламыз. Елбасы айтқан осы мәселелер ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарына үлкен жауапкершілік жүгін артып отырғандығы белгілі. Ендеше, біздер осы жауапкершіліктің сенімінен шығу жолында еңбек етеміз.
– Ал енді 5 институттық реформаны жүзеге асыру барысында білім беру саласының міндеті қандай болмақ?
– 2015 жылғы 13 қарашада қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы ең алдымен Елбасымыз ұсынған Ұлт Жоспарын орындауға бағытталып отыр. Жаңа заңда ұстаздың беделін көтеруге бағытталған нормалар енгізілген. Бүгінгі күні орта білімді жұмысшы мамандардың жетіспеушілігі ел экономикасының, шағын және орта бизнестің өз деңгейінде дамуына әсерін тигізіп отыр. Дуальді оқыту нысаны бойынша білім беру бағдарламасында кәсіпорында іске асырылатын оқу процесінің үлесін кәсіпорын базасындағы өндірістік оқыту мен практиканың кемінде 60%-ы көлемінде айқындау, сонымен қатар, білім алушылардың міндетті өндірістік тәжірибеден өтуі, жастардың бірінші жұмысшы мамандығын тегін алуы туралы мәселелер заңдағы негізгі жаңалықтар. Елбасы Жолдауында 2017 жылдан бастап жаңа жоба: «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасының басталатыны жарияланды. Бұл бүгінгі заман талабынан туындаған қажеттілік.
Қазіргі кезде жұмыс берушілердің мамандар даярлау үдерісіне қатысуы өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде педагогикалық, медициналық мамандықтарға оқуға түскен жастар жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін кемінде үш жыл мемлекеттік білім беру ұйымдарында, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында қызмет атқаратын болады. Бұл өз кезегінде жас маманның мемлекет алдындағы азаматтық жауапкершілігін арттыруға, жұмыс берушілер мен жоғары оқу орындарының білім бағдарламасын бірлесе жасаудағы ынтымақтастығын дамытуға, еңбек нарығындағы мамандарға деген сұранысты қанағатандыруға мол мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жастардың өз болашағына деген сенімін нығайтады.
Аталған заңдағы тағы бір басты жаңалық еңбек нарығының қажеттілігіне байланысты орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын меңгерген азаматтарға қолданбалы бакалавр біліктілігі берілетін болады. Бұл өз кезегінде жаңа білім бағдарламаларын енгізуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, жоғары білімді түлектерге маман біліктілігі немесе бакалавр дәрежесі берілетіні тұңғыш рет нақты айқындалды. Дипломмен өндіріске жұмысқа барған жас мамандар үшін жасалған мұндай қамқорлық өзінің оң нәтижелерін беретін болады.
Ұлттық деңгейдегі жоғары оқу орындарын басқарудағы еркіндіктің белгілі бір деңгейі бекітілген. Аталған оқу орындары білім беру мазмұнын дербес анықтайтын болады. 2017 жылдан бастап Халықаралық аккредиттеуден өткен жоғары оқу орындары ғана білім туралы мемлекеттік үлгідегі бекітілген құжат бере алады. Басқа жоғары оқу орындары тек өз үлгісіндегі білім туралы құжаттарды беретін болады. Мұндай нормалар техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін де көзделген. Бұл талаптар жоғары оқу орындарының білім беру сапасын арттыруда бәсекелестік орта қалыптастыруға кеңінен жол ашады және түлектердің болашақ қызметтік өсуін тұрақты назарда ұстауға мүмкіндік береді.
Ендігі кезекте тарихи тағдыры ортақ қазақстандықтарды «бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» аясына біріктірген, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын жүзеге асыру жолында уақытпен санаспай, нәтижелі еңбек ету біздің қасиетті де абыройлы борышымыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы.