АСТАНА. 21 ақпан. Қытай астанасы Бейжің қаласында көк түтіннен арылу үшін арнайы желдеткіштер орнатылады. Бұл туралы bnews.kz сайтына сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
«Арнайы қойылған желдеткіш дәліздері қаладағы түтін мен шаң-тозаңнан құтылуға септігін тигізеді деген ойдамыз», – дейді Бейжіңнің қала құрылысы комитеті басшысының орынбасары Ван Фэй.
Оның айтуынша, желдеткіштің ұзындығы 80 метрге дейін созылуы мүмкін. Қала ішіндегі саябақтар, су қоймалары сияқты бірнеше орындар бір-бірімен байланыстыра орнатылады.Бейжің қаласының экологиясын жақсарту мақсатында билік өкілдері 16,5 миллиард юань (2,5 миллиард ) қаржы жұмсауды жоспарлады.
Айта кетейік, Аспанасты елінің бас қаласы мен солтүстік өңіріндегі бірнеше елді-мекендерде өткен жылы денсаулыққа қауіпті саналатын ауаның ластануы арнайы қойылған мөлшерден бірнеше мәрте асып кеткен. Осының салдарынан бірнеше жол-көлік оқиғалары болып, тұрғындар арнайы бетперде киюлеріне тура келді. Қала маңындағы бірнеше кәсіпорындар уақытша өз жұмыстарын тоқтатты.
Аян Әбдуәли.
Дерек, сурет: bnews.kz.