Семейде жедел медициналық жәрдем стансасы халық игілігіне пайдаланылуға берілді. Жаңа денсаулық сақтау мекемесінің ашылуына Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов қатысты.
– Бұл қала өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі, – деді қала әкімі. Осы жаңа жедел медициналық жәрдем стансасының денсаулық сақтаудағы көптеген түйткілді мәселелерді шешуге септігін тигізетіні анық. Тек осы желтоқсан айының өзінде біз қала көлемінде бірнеше әлеуметтік нысандарды ашып, пайдалануға бердік. Мәселен, 2015 жылы 13-ке тарта балабақша халық игілігіне берілді. Жедел медициналық жәрдем стансасының ашылуы соның заңды жалғасы іспетті. Осынау жауапты мамандық жолында қызметтеріңіз адал, кәсіптеріңіз оңды болсын деген тілек білдіремін. 2016 жылы да осы бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, жаңа жобалар сәтті жүзеге асатыны сөзсіз.
Бұдан соң медицина саласында ұзақ жылдар еңбек еткен ардагер Елена Батенькова жаңа нысанның пайдалануға берілуі қалалықтар үшін өте дұрыс екеніне тоқталып, адам өміріне арашашы ақ желең жандардың жұмысына жылы лебізін білдірді.
Жаңа жедел медициналық жәрдем стансасы «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған екен. Құрылыс жұмыстары осыдан екі жыл бұрын басталған болатын. Жобаның жалпы құны 1 млрд. 538 млн. 278 мың теңгені құрап отыр. Мұнда әлемдік стандарттарға сәйкес соңғы үлгідегі құрылғылар пайдаланылады. Олардың қатарына КИ-3М оттегілі ингалятор, ДКИ-Н-10 дефибриллятор-мониторы, Альтон-103 үлгісіндегі ЭК12Т электрокардиографы. Бүгінде Семей қаласы тұрғындарының саны 350 мыңнан асып жығылады. Сондықтан, жаңадан ашылған жедел жәрдем стансасы тұрғындарға дер кезінде шұғыл көмек көрсету бағытында жұмыс жасайтын болады. Бұл өз кезегінде ақ халаттылардың жұмысын оңайландырып, қызмет көрсету сапасын арттыра түсетіні анық. Жедел жәрдем стансасының ғимараты үш корпустан тұрады. Мұнда диспетчерлік қызметке навигациялық жүйемен жабдықталған кең жайлы орын қарастырылған екен. Бұған қоса ұжым қызметкерлеріне де барлық жағдай талапқа сай жасалған. Ал түрлі жиын, басқосуларды өткізуге арналған конференц-залдың сыйымдылығы 150 адамға арналған.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА,
журналист.
Семей.
Суретті түсірген автор.