20 ақпан күні Мәскеу қаласында Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігінің баспасөз орталығында бұқаралық ақпарат құралдары үшін 2016 жылдың 20 наурызында өтетін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру мәселелеріне арналған брифинг болып өтті.
Брифинг барысында Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігінің кеңесші-елшісі Марат Сыздықов Қазақстан Республикасы сайлау заңнамасының жекелеген ережелерін, сондай-ақ, электораттық науқан мен сайлауды байқау үдерістерінің негізгі қырларын түсіндіріп берді.
Қазақстандағы парламенттік сайлау барысын байқауға халықаралық байқаушылардың түрлі миссияларының құрамында шамамен 700 адам келеді деп жоспарланып отырғаны атап көрсетілді. Ал Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан байқаушылар тіркеуді 14 наурызға дейін жалғастыратыны да қаперге салынды.
Ресейлік жетекші бұқаралық ақпарат құралдары дауыс беру барысын көрсетуге белсенді қатысу үшін шақырылып, журналистерді аккредиттеудің тәртібі туралы құлақтандырылды.
М.Сыздықов 19 ақпанда сайлауға қатысатын 6 саяси партияның партиялық тізімдерін тіркеу рәсімі аяқталғанын айтты. Ол партиялар мыналар: «Нұр Отан» партиясы, Қазақстан Коммунистік халық партиясы, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Бірлік» саяси партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия және «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы. Тұтастай алғанда, оларға 234 кандидат еніп отыр.
– Бүгінгі күннен, яғни 20 ақпаннан бастап электораттық науқанның үгіт-насихат кезеңі басталады. Ол 18 наурызды қоса алған уақытқа дейін жалғасады. 19 наурыз – «тыныштық» күні, – деді М.Сыздықов.
Парламент Мәжілісіне барлығы 107 депутат сайланса, олардың ішінде 98-і партиялық тізім бойынша, 9-ы Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланатын болады. БАҚ өкілдері Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарды тіркеу тәртібімен де таныстырылды.
Қазақстандық дипломат, сондай-ақ, Ресей Федерациясының аумағындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының дауыс беру тәртібі мен рәсімі туралы да жан-жақты айтып берді.
Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіндегі орынға таласатын бір саяси партияға қазақстандықтар дауыс бере алатын сайлау учаскелері Мәскеуде, Санкт-Петербургте, Қазанда, Астраханьда және Омбыда жергілікті уақыт бойынша 07.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді.
Сәулебек БІРЖАН.