ҚОСТАНАЙ. 23 АҚПАН. Қостанай облысындағы Науырзым қорығының қаржысын ұрлаған бас бухгалтер 6 жыл бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Өткен жылдың 1 қаңтары мен 20 тамызы аралығында Науырзым мемлекеттік табиғи қорығында бас бухгалтер болып қызмет атқарған 36 жастағы Жанар Бөрібаева бастығының электрондық сандық қолтаңбасына қол жеткізіп, өз жалақысының және басқа да төлемдерінің мөлшерін ұлғайтып көрсеткен. Осылайша, артық алған бюджеттік қаражатты Бөрібаева өзінің жеке карт-шоты есебіне және де өзінің заңсыз әрекеттерінен хабарсыз болған күйеуі Д.Бөрібаевтың карт-шоты есебіне заңсыз түрде аударып отырған. Сотталушы мемлекеттік мекемеден 712 228 теңге қаражатты қолды еткен.
Науырзым аудандық соты үкімімен Ж.Бөрібаева Қылмыстық кодекстің 190-бабының 1-бөлігі, 189-бабының 3-бөлігі, 2 тармағы бойынша (алаяқтық, сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) айыпты деп танылды. Оған қаржылық және бухгалтерлік әрекетті бақылау және орындауға қатысты қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру, мүлкін тәркілеу және жалпы тәртіптегі түзету колониясында 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Нәзира Жәрімбетова.
Дерек, сурет: egemen.kz.