• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
24 Ақпан, 2016

Заңның үстемдігін қамтамасыз ету – әр судьяның міндеті

607 рет
көрсетілді

2015 жыл еліміздің қоғамдық-саяси және әлеуметтік, экономикалық, сондай-ақ заң үстемдігі үшін ерекше жыл болды. Әлемдік нарықтағы күрделі жағдайларға қарамастан дамып келе жатқан еліміздің тарихы мен ұлттық болмысына назар аударып, жеткен межесін бағамдап, алдағы мақсат-мүддемізді белгілеп, тарих қойнауына айтулы оқиғалармен тағы да бір жылды аттандырдық. Өткенге салауат айтып, келешегімізге үлкен үміт­пен қарай, көк аспанның астында Тәуелсіздігіміздің 25-ші жылына қадам басып, кемел болашақ жолына жаңа қарқынмен кірістік. Елім деген ер-азаматтардың көкірегіндегі бар арманы мен мақсаты – еліміздің іргесін бекемдей түсіп, мемлекеттігіміздің тұ­ғырын мызғымастай нығайтып, болашақ ұрпаққа әлемдік алпауыт мемлекеттермен иықты тең тіресер, қуат-қарқыны мол Қазақстанды табыстау.Ұлт Көшбасшысы жүргізіп отырған жоспарлы қадамдардың арқасында тамырын тереңнен тартқан бұл арман-мақсатымыз сәтімен жүзеге асып келеді. Қоғамда орын алып жатқан сан түрлі келеңсіздіктерді ауыздықтау мен мемлекет қазынасы халықтың құқығын әділ қорғаушы заң саласындағы біздер де өзімізге жүктелген міндеттердің толықтай орындалуына қадари қалімізше тырысып бағудамыз. Дұрыс жол бас­тар шамшырағымыз да бар. Бастысы ынтымақ пен бірлігімізді сақтай отырып, талмай-шаршамай алға ұмтылып еңбектенуіміз – бүгінгі күннің талабы. 2015 жылдың мамыр айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысын­да Елбасы Н.Ә.Назарбаев кезек күттірмейтін қоғамдағы өзекті проблемаларды атай отырып, 5 институттық реформаны жүйелі жүзеге асыру тұрғысындағы 100 нақты қадамын жариялаған болатын. Ендігі кезекте осы елімізді биік белестерге бастар «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын іс жүзінде іске асыру баршамыздың міндетіміз. Елімізді дамыған 30 мемлекеттің көшіне қосар Елбасы жоспарында заң саласына ерекше назар аударылған. Ұсынылған қадамдар бойынша сот жүйесі өз ісін әрі қарай пысықтай түсіп, мемлекет ішінде әділеттіліктің сақталуы мен азаматтардың құқықтарының қор­ғалуын барынша қамтамасыз етуге тиісті, яғни заңның үстемдігін қамтамасыз ету біздің парыз. Елбасының бес институттық реформасы бойынша белгіленген Ұлт Жоспарын орындауға әр құрылым өзінше талап жасап жатыр. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына бекітілген 11 қадамның түгелдей заңдық негізі жасалынып, олар 2016 жылдың қаңтарының 1-нен бастап жүзеге асырылуда. Тәжірибеге енгізілген аталмыш шаралар отандық сот жүйесі қызметіне жаңа серпін беруде. Бүгінде Қазақстан Республикасының әскери сот жүйесі өзге де құқық қорғау жүйелері секілді «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының негізінде жұмыс жасауда. Көрсетілген қадамдардың толықтай орындалуын қадағалап, сапалы әрі тиімді сот жүйесін қалыптастыруға, сонымен қатар, сотқа деген халық сенімін арттыруға, әрі беделін көтеруге үлесімізді қосып, оның барынша реформалануына, яғни қазіргі заман талабына сай болуына баса назар аударып келеміз. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін рес­публика сот жүйесі бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы сот төрелігі жүйесіне көшті. Бұл өзгеріс сот шешімдерінің тезірек күшіне енуіне ықпал етумен қатар, процесті әдейі созу мүмкіндігін азайтады. Елбасының «100 нақты қадам» жоспарының екінші «Заңның үстем­дігін қамтамасыз ету» тар­мағының 20-қадамында «Барлық сот процестеріне бейне және таспаға жазу шараларын міндетті түрде енгізу. Судьяның бейнежазуды тоқтатуға немесе аудио жазу материалдарын редакциялауға мүмкіндігі болмауы тиіс» деп көрсетілген. Осы қадам негізінде гарнизондардың әскери сот­тарының ғимараттары мен сот зал­дарының арнайы бейнежазба және аудиожазба құралдарымен жабдықтауды жүзеге асырдық. Сот залдарының аудио-бейне жазбалармен жабдықталуы – іс жүргізу мен судьялардың этикетіне қатысты өзінің оң әсерлерін беріп келеді. Әскери сот қызметін ақпараттық технологиялармен қамту соттың айқын және ашық өтуімен қатар, судьялардың атына келіп түсетін шағымдардың күрт азайғанын және халық сенімінің артқанын көрсетіп келеді. Сонымен қатар, ақпараттық ашық­тықтың Әскери соттың жұмысының басым бағыты болып табылатынын атап өткен жөн. Қазіргі уақытта бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Әскери соттың веб-сайтында гарнизондық соттарда қаралған істер туралы, әскери қызметшілермен өткі­зіл­ген кездесулер, құқықтық-нор­ма­тивтік актілерді түсіндіру жөнінде атқа­рылған жұмыстар, ашық есік күн­дері туралы ақпараттар үнемі жарияланып, жаңғыртылып отырады. Рес­публикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орнатылған. Ұлт Жоспарының 19-қадамын орын­­дау мақсатында ағымдағы жылы судьялардың кезектен тыс өтетін VII съезінде қабылдау үшін жаңа Этикалық кодексінің әзірленіп жатқаны белгілі. Бұл құжатта судьяларға Елбасы, заман және қоғам тарапынан қойылатын барлық талаптар қамтылмақ. Қабылданатын Этикалық кодекс үздік халықаралық тәжірибеге негізделетінін ерекше атап өту керек. «Судья – мемлекет айнасы», дейміз. Десек те, кейбір сәттерде судьялардың осы қасаң қағидадан ауытқып кететін тұстары да кездесіп отырады. Бүгінгі таңда қоғамда судьялардың адамгершілік сипаттарына қатысты жоғарғы талаптар қойылған. Судьялардың этикетті сақтауы тек сот жүргізу кезінде ғана емес, қызметтен тыс уақытта сақталу жайы да қатаң талап етіліп келеді. Судьялардың өрескел әрекеттері олардың мәртебесіне нұқсан келтіріп қана қоймай, іс жүргізудегі шешімдеріне де күмән тудырары хақ. Жері қандай кең болса, пейілі де сондай дархан болған ата-бабаларымыз аттың жалында, түйенің қомында жүріп те елдің ішкі ауызбіршілігі мен ынтымақтығын басты құт деп біліп, елдің ішіндегі алауыздық пен қия басушылықтың шешімін тауып, ерегіскенді елдестіріп, жауласқанды татуластырып, әділ сот негізін ертеде-ақ қалаған еді. Қаймана халықтың «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», деп өздеріне білдірген сенімнің үдесінен әрдайым шығып, өздерінің қара қылды қақ жарар әділеттіліктерімен жұртының ыстық ықыласына ие болған. Сол билеріміздің тауып айтқан даналық сөздерінен тура табылған төреліктері сан ғасыр өтсе де ғасырлар қойнауынан бізге жетіп отыр. Бүгінгі күні осыны жалғастыратын егемен ел – Қазақстанның судьялары болуы керек екенін әрдайым есте сақтауымыз біз бен сіздің парызымыз. Бүгінгі әлем таныған жасампаз мем­лекеттің тыныштығын қорып, тәртібін түзетіп отырған судьяларымыз да ауызы дуалы, әрекеті парасатты билерімізден үлгі алса дейміз. Тек өз кәсібінің айналасында ғана емес, қоғамда да үлгі болатын өнегелі істерімен көріне білсе. Ел ішінде болып жатқан оқиғалар мен өзгерістерге бей-жай қарамай, азамат ретінде атсалысып, еліміздің кемел келешегі жолында аянбай тер төксе екен дейміз. Қазақстан Республикасының Жем­қорлыққа қарсы стратегиясына сәйкес Әскери сотта жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер жүргізу туралы арнайы жоспар құрылып, түрлі шаралар жүргізілуде. Әскери сот жүйесінің жүргізіп отыр­ған бұл шаралары мемлкетіміздің Жем­қорлыққа қарсы саясатының орындалуына өз үлесін тигізіп келеді. 2014 жылы әскери соттармен қоғамдық резонанс тудырған көптеген сыбайлас жемқорлықпен байланысты қылмыстық істер қаралған болатын. Өкінішке қарай, заң бұзушылық­қа қа­­тысты атышулы оқиғалар өткен 2015 жылы да орын алып, әскери сала қызметкерлерінің лауазымына лайық емес іс-әрекеттері әшкере болды. Қыл­мыстық істердің барлығы да заң талаптарына сәйкес қаралып, заңды белшесінен басып, қылмысқа барғандар әділ жазаларын алды. Жемқорлыққа қарсы күрес – Елбасы саясатының басым бағыттарының бірі. Бұл мәселе Ұлт Жоспарының 13-қадамында – жемқорлыққа қарсы күресті күшейту қадамында көрініс тапқан. Десек те, елімізде жемқорлықтың күннен-күнге ауыздықталмай, дендеп бара жатқандығы кімді болса да алаңдатады. Ал жемқорлықтың орын алуына заң саласының қызметкерлерінің қатысының болуы еліміздің әділеттілік жүйесіне халықтың сенімін сейілтіп, күмән тудыратыны айдан анық. Сон­дықтан да, мемлекеттің айнасы саналар судьяларымыз өз істеріне адалдық танытып, мемлекетіміздің сот және заңнамалық жүйесіне кір келтірмей, ел тыныштығын сақтау жолында табанды әрекет ете білсе дейміз. Сонымен қатар, әскери қызмет мем­­лекеттік қызметтің ерекше түрі болғандықтан, әскери соттардың сот төрелігін атқарудағы қызметінің тағы бір қыры – әскери қызметкерлердің беделін ерекше мәртебесі бар мемлекеттік қызметкерлер ретінде көтеру. Елбасының және Жоғарғы Соттың қолдауының арқасында қазіргі эконо­микалық-қаржылық дағдарыстарға қарамастан сот жүйесі материалдық-техникалық жабдықтармен толықтай қамтамасыз етіліп отыр. Атап айтқанда, қазіргі кезде гар­низондардың әскери соттарының ғимараттары уақыт талабына сәйкес заманауи техникалық құралдармен қамтамасыз етілген, сот залдары арнайы бейнежазба және аудиожазба құралдарымен жабдықталған, осы уақытқа дейін бір құрамды болып келген гарнизондардың әскери соттарына судьялар тағайындалып, олар екі құрамды соттар болды, яғни сот төрелігін тиянақты да әділетті атқаруға толық жағдай жасалынған. Сонымен қатар, Қазақстан Рес­публикасы Президентінің 2016 жылғы 11 қаңтардағы Жарлығымен «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жа­нындағы Соттардың қызметін қам­­тамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты) Әскери соттың әкімшісі» республикалық мемлекеттік мекемесінің құрылуы әскери соттардың қызметін ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыруды одан әрі жетілдіреді деп сенеміз. Елбасымыз соңғы Жолдауында 2016 жылдан бастап «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспары шеңберінде қабылданған жаңа заңдар жұмыс істейтіндігін айтқан болатын. Ендеше, республика әскери соттары Жолдауда көрсетілген тапсырмалар­дың орындалуына ыждағаттылықпен қарап, 2016 жылы әскери салада кездесер қылмыстардың алдын алып, мемлекетіміздің тыныштығы мен азаматтардың құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етуде сотқа деген халық сенімін арттыруға әрі қарай белсенді әрекет ете беретін болады. Сәкен АБДУЛЛАЕВ, Қазақстан Республикасы Әскери сотының төрағасы.