• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
25 Ақпан, 2016

Жоғары еңбек өнімділігі – әділетті қоғамның табысы

399 рет
көрсетілді

Кеше сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу шеңберінде Қазақстанның Коммунистік халық партия­сынан (ҚКХП) үміткерлер тізіміне енгізілгендер Алматыдағы «Ақсай нан» ЖШС жұмысшыларымен кездесті. «Ақсай нан» ЖШС – еліміздегі нан өнім­дерін шығаратын ең үлкен кәсіп­орындардың бірі. Мұндағы жұмыс­шылар арасынан ҚКХП бағдарламасын қолдаушылар саны басқа кәсіпорындарға қарағанда біршама көп. Партиялық тізімге енгізілген депутаттықтан үміт­кер коммунистер атынан алғашқы сөзді Магеррам Магеррамов алып, компартияның алдына қойып отырған саяси мақсаттарын, еліміздің экономикасын көтеру жолында қандай ұсыныстар жасайтынын жиналғандарға жеткізді. Экономиканың нақты сек­торын­дағы жоғары өнімділік қана ел эконо­микасының тұрақты түрде өсуіне негіз бола алады. Қазақстанда оны өсіруге негіз болатын факторлар жеткілікті. Сонымен қатар, халықтық коммунис­тер қазақстандықтардың әл-ауқатының өскенін де қалайды. Елімізде әділетті қоғам орнап, еңбек адамдарының төккен теріне орай тиісті көлемде еңбекақы төленсе, сонымен қатар, халықтың рухани және мәдени дамуына жағдай жасалса, коммунистер атқарушы өкіметке әрқашан да қолдаушы болары сөзсіз. Біздің еліміздің заңдары, қабылданған нормалар осындай жетістіктерге апаратынына мен сенімдімін, деді шешен. Келесі кезекте сөз алған партия белсендісі Ирина Смирнова да ҚКХП-ның тізіміне енген үміткерлердің бірі. Ол алдымызда болатын сайлаудың маңыздылығына тоқталып өтті. Еліміздің ең жоғарғы заң шығарушы өкілетті органында бірнеше партияның өкілдері отырса, бұл демократия қағидаттарының толық орындалғаны деп санау керек. Өткен сайланымда халықтық коммунистерден тізімімен енген жеті депутат өздерін жақсы қырынан таныта білді. Олар еңбек адамының, қарапайым халықтың мүддесін жақтап өздерінің халықшылдығын көрсетті. Алдымызда болатын сайлауда да біздің партиямыз 7 пайыздық табалдырықты еңсеруге тиіс. Жұмысшы табының өкілдері коммунистерге дауыс береді ғой деген сенімдеміз, деді ол. Іс-шара барысында кәсіпорынның бірнеше жұмысшысы сөйлеп, өздерінің ҚКХП-ға дауыс беретіндерін жеткізді. Кез­десу соңынан коммунистер «Ақсай нан» ЖШС-нің еңбек ұжымына табыстар тілеп, биік еңбек өнімділігіне жетулерін тіледі. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан». Алматы.