• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
25 Ақпан, 2016

Асхаттың «Айназы» ауылдастарына қызмет етеді

447 рет
көрсетілді

Ауылдық жерлердегі өзекті мә­селенің бірі қоғамдық моншаның жоқтығы болатын. Көп адамдар тез арада қайтарым бере қоймайтын мұндай әлеуметтік жобаны қолға алуға жүрексіне беретіні шын­дық. Бірақ, бұл ауыл тұрғындары үшін аса қажет әлеуметтік нысан болып табылады. Әркімнің өздері салып алған қарабайыр мон­­шаның қызметі қазіргі өскелең талап үдесінен көріне бермейтіні де рас. Әуелден әртүрлі кәсіппен ай­­налысып, тәжірибе жинаған көптоғайлық кәсіпкер Асхат Ниязов тәуекелге бел буып, қоғамдық мон­ша құрылысын былтыр қолға алды. Ол бұл жобаны «Жұмыс­пен қам­тудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы бастады. Осы бағдарлама арқылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 3 миллион теңге несиеге қол жеткізген Асхат іске бірден құл­шына кіріскен болатын. Алайда, жобаны жүзеге асыру барысында бұл қаржының жетпейтіні белгілі болды. Не істемек керек? Туабітті бірбеткей мінезді жігіт алған беті­нен қайтпады. Алты пайыздық же­ңілдікпен қаржы берген бағдар­ламаның міндетін орындап құты­лу үшін бес адамдық «бірдеңе» сала салуға намысы жібермеді. Қо­­сымша өз қаржысын салды. Ойын­дағыдай монша салу оңай болмады, ішкі әрлеу жұмыстары мен қондырғылары, басқа да қа­жеттіліктерге қаржы шаш-етектен керек екен. Осы заманға моншаға қажеттіні түгендеудің түбі жеткізер түрі көрінбейді. Алайда, намыс­ты жігіт шегінбеді. «Шешінген судан тайынбастың» жігерімен кіріскен шаруаның қазіргі жемісі мынау! Асхаттың «Айназы» ауылды айтпағанда, қазір кез келген ауданда жоқ. Он адамдық моншада жалпы залы, WIF пен бассейні де бар. Демалып отырғанда интернет қарап, теледидар көруге болады. Осы қызметтің барлығына бір адам сағатына 300 теңге ғана төлейді. Бір сөзбен айтқанда, бұл моншадан айналымға келмейтін кейбір шағын моншасымақтарға барғандай не істеп, не қойғаныңды білмей, алқынып, «діңкең құрып» емес, тазарып, демалып шығасың! Ал бассейнде балаларды қорғайтын арнау­лы күртешелер бар. VIP залдағы қызмет қымбаттау. Қымбаттау дегенде қаладағыдай емес, бар бол­ғаны 600 теңге. Бұл – ауыл тұр­­ғын­дарының қай-қайсысына да бір апта үшін қолжетімді баға. Әзір­ге Асхат моншаны сенбі, жек­сенбі күндері ғана жағып тұр. Тұ­ты­ну­шылар қалып­тасқаннан кейін ха­лық­қа жұма күні де қызмет ететін болады. Көптоғайдағы осындай мон­шаның бой көтеруіне жоғарыдағы бағдарламаның тигізген ықпалы да зор. Яғни, сол бағдарламаның екінші бағытымен «Жетіспейтін инженерлік инфрақұрылымды дамыту» үшін 3 млн. теңге жұмсалды. Ол қаражатқа моншаға электр желісі мен су құбыры тартылып, кәріз жүйесі жасалды. Айналасы абаттандырылды. Нәтижесінде ауылдың төрт адамы тұрақты жұмыспен қам­тылып отыр. Сыртқы сәулеті мен ішкі дәулеті жарасқан монша жаңа жылдан бастап көптоғайлықтарға сапалы қызмет көсетуде. Негізгі мамандығы мұғалім бол­са да, уақыт ағымына ілескен жас кәсіпкер Асхаттың басы толған «идея». Қиялы ұшқыр, қолы епті жігіттің ойымен салынған монша қазір ауылдағы ең сәулетті ғи­марат қана емес, ауылдықтардың қа­ладағыдай тұрмыстық игіліктерге қол жеткізуінің нақты мысалы деу­ге болады. Ішкі дизайнын ойлас­тырған да өзі. Қабырғаларын қазақ­тың оюларымен өрнектеген оның ендігі мақсаты – ауылда темір өң­деу цехын іске қосу. Ол үшін несие алып, құрылысын бастады. Ке­лешекте темірден түйілген қақ­па, қоршау сияқты бұйымдар алдымен ауылдастарының үйлеріне сән береді. Қалыптасқан ұғымға сүйенсек, «театр киім ілгіштен басталады». Демек, Асхаттың ауылдастарына үлгі көрсетіп қана қоймай, ауыл көшелерін ажарландыра түсетін кезі қашық емес. Осының барлығы Елбасының және Үкіметтің кәсіпкерлікті, соның ішінде, ауылдағы шағын және орта бизнесті дамытуға қолдау көр­се­туінің арқасы, қолайлы жағдай ту­ғызуының нәтижесі екені сөзсіз. Мұны өз ісін ашқан әрбір кәсіпкер жете түсінуде. Содан да болар, қазір кәсібінен нәсібін табуға ынталылар ауылда да көбейе түсуде. Бұл қа­зіргідей дағдарыс жағдайында абыржымауға алғышарт жасап отырғанын адамдар шынайы се­зінуде. Соның бірі біз әңгімелеп отыр­­­ған кәсіпкер Асхат Ниязов­­тың қадамы дер едік. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан», Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ, журналист. Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы.