• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
26 Ақпан, 2016

Дағдарыс – уақытша құбылыс

366 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саркисянмен кездесті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Кездесу барысында Еуразиялық эконо­микалық одақты дамыту, бірлестіктің үшінші елдермен экономикалық қарым-қатынастар аясын кеңейту мәселелері, сондай-ақ, ЕАЭО-ға мүше елдердің жаһандық нарықтарда қалыптасқан ахуал жағдайындағы ортақ іс-қимыл стратегиясы талқыланды. Мемлекет басшысы Т.Саркисянның ЕЭК алқасындағы төрағалығы әлемдік эконо­ми­кадағы күрделі кезеңге тап келгенін, мұндай жағдайда өсімнің жаңа мүмкіндіктерін табу оңай еместігін айтты. – Алайда, бұл кедергілердің бәрі Еура­зия­лық экономикалық одақтың жұмысымен байланысты емес. Біздің интеграциялық бірлестігіміздің түпкі нәтижесінде пайдалы болатынына менің еш күмәнім жоқ. Оның үстіне, бүгінде көптеген елдер ЕАЭО-ға мү­ше болуға немесе онымен ортақ еркін сауда ай­мағын құруға тілек білдіріп отыр. Дағдарыс – уақытша құбылыс, ал біздің экономи­каларымыздың жалпы әлеуеті мен нарық­тың көлемі қала береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті ин­те­грациялық бірлестікке мүше болу мүм­кін­діктерді пайдалануды ғана емес, оның да­муына үлес қосу қажеттігін де білдіре­тінін айтты. Т.Саркисян Нұрсұлтан Назарбаевтың ЕАЭО-ның жалпы даму стратегиясы бо­йынша ұстанымы елеулі мәнге ие екенін, өйт­кені, Қазақстан Президентінің бастамасы мен идеялары осы бірыңғай еуразиялық кеңіс­тіктің негізі болғанын атап өтті. ЕЭК алқасының төрағасы интеграциялық үдерістерге Қазақстан басшылық жасайтын жылы даму тың серпін алатынына сенім білдірді. Т.Саркисян ЕАЭО органдарына Қазақстан Президентінің Одаққа мүше мемлекеттердің басшыларына арналған үндеуін егжей-тегжейлі зерделеу тапсырылғанын, сондағы негізгі жайттарды жүзеге асыру үшін тиісті жоспар құрылғанын айтты. Сондай-ақ, Мемлекет басшысына ЕЭК ал­қасының қазіргі қызметінің негізгі бағыт­тары туралы баяндалды.