• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
26 Ақпан, 2016

Жүзге дейін жүрегі жыр деп соққан

579 рет
көрсетілді

Жуырда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақ әдебиеті кафедрасының ұйымдастыруымен Жамбыл айлығының аясында «Өлең-жырдың алыбы» деген тақырыппен дөңгелек үстел өтті. Оған Қазақ әдебиеті кафедрасының 1-курс магистранттары мен студенттері, сондай-ақ, Еуразия гуманитарлық институтының бір топ студенттері қатысты. Осы орайда кітап көрмесі ұйымдастырылды. М.Жұмабаев атындағы Әдеби бір­лестіктің жетекшісі, филология ғы­­лым­дарының докторы, профессор Рақым­жан Тұрысбек ең алдымен талант иесін өзгелерден ерекшелендіріп тұрған дара қасиетіне маңыз берді. «Жамбылды ерекшелендіріп тұрған ақындық өнері, жыраулығы мен жыршылығы. Ол өзіне дейінгі арнаны байытты. Оның суырыпсалмалығының өзі бөлек бір тақырып. Ақынның 100 жылдығында жазушы Сапарғали Бегалиннің «Жамбыл» деген еңбегі жарық көрді. Ол Жәкеңді көзімен көрген адам. Сол еңбегінде Жамбылды шын мәнінде халықтың адамы, туабітті зор талант иесі еді деп көрсетеді. Өз жұрты мен нағашы жұртында ақындық, әншілік-күйшілік арнаның болғанын жазады. Жалпы, ақын туралы естеліктердің қай-қайсысынан да біз болмысы бөлек тұлғаны танимыз. Сондай-ақ, бір айта кететін нәрсе – жуырда «Қазақстан» телеарнасы 4 сериялы «Жамбыл» тарихи драмасын түсірді. Оны ақынның туған күні, яғни 28 ақпан қарсаңында арнадан көрсетеді», – деді ол. Филология ғылымдарының кандидаты, Еуразия университетінің до­центі Болат Қорғанбеков Жамбыл Жабаев шығармашылығының бүгінге дейін өз деңгейінде танылмай келе жатқанын әңгіме арқауына айналдырды. «Біріншіден, қоғамда ауыз әде­биетін архаизм деп қарайтын түсінік болса, екіншіден, Жамбыл тұлғасын түсінбеушілік бар. Сондықтан, айсбергтің сыртқа шығып тұрған бөлігін ғана көретініміз сияқты, біз оның тұлғасының кішкене ғана бөлігін танып жүрміз. Оның көптеген шығармалары бізге жеткен жоқ», – деген ғалым Жамбылдың ақындығы бір төбе, жыршылық, жыраулық өнері бір төбе екенін жеткізді. Оның «Алпамыс», «Шора батыр», «Мұңлық-Зарлық» дас­тандарын жырлағанын, бірақ, қазақтар арасында қағазға түспегенін, есесіне бұл деректердің қырғыздарда бар екенін алға тартты. Оның себептерін де айтты. Б.Қорғанбеков Жамбыл шы­ғармашылығының тартымды болатын себебін ақынның рухани ілімді меңгергендігімен түсіндірді. Жамбылдың бізге беймәлім қадір-қасиеттері көп екенін, оны зерттей түсу қажеттігін де ескертті. «Дарын» мемлекеттік жастар сый­лығының иегері, ақын Дәулеткерей Кәпұлы Жамбылдан бата алған халық ақыны, композитор Кенен Әзірбаевтың «Жамбыл жыр» атты дастанынан үзін­ділер орындап, халық ақынының әдеби хатшылары жазып қалдырған біршама естеліктермен бөлісті. Жалпы, дөңгелек үстел магистрант­тар мен студенттер үшін ұйым­дасты­рылғандықтан, шараға олар өте белсенді қатысты. 1-курс магистранттары Айбек Қали, Мұқият Қойшыбай, сондай-ақ, Еуразия гуманитарлық институтының студенті Мереке Жұмабеков халық ақынына өлең арнаса, Айдана Сариева, Гүлжайна Алтынбекова, Айтолқын Молдабекова Жамбылдың атақты «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» дас­тандары мен айтыстары негізінде баян­дама жасады. Сондай-ақ, Қажығали Боранбай кезінде халық ақынын Одақ көлемінде танымал еткен «Ленинградтық өренім» өлеңін нәшіне келтіре оқып берді. Университеттің 3-курс сту­дент­тері Райымбек Сафиоллаев, Көркем Орынжай, Айжан Қапезова да Жам­был өлеңдерін жатқа оқып, шараның ажарын аша түсті. Студенттер Бейімбет Сейілхан мен Дәулет Жәлелов айтыс жасады. Халық ақынының қытай қазақтарына танылуы да баяндама арқауына айналды. Сонау 1955 жылдары өлеңдері қытай тіліне аударылып, 1980 жылдардан бастап қазақ оқулықтарына шығармалары енген Жамбылдың танымалдығы қытай қазақтары арасында өте жоғары. Дөңгелек үстел соңында Әдеби бірлестіктің жетекшісі, профессор Р.Тұрысбек халыққа арқа сүйеген, халық мүддесін жоғары қоя білген таланттың шығармашылығы қай заманда да өзектілігін жоғалтпайтынын айтып, магистранттар мен студенттерді Жамбыл шығармашылығының зерттелмеген тұстарына назар аударуға шақырды. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан».