Тәуелсіздік сарайында екі күнге созылған ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысатын мемлекеттер мен компаниялардың халықаралық қатысушыларының екінші жиналысы өз жұмысын аяқтады.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, бұл жиынға әлемнің 102 мемлекетінен және 14 халықаралық ұйымнан 300-ге тарта делегат қатысты. Бүгінгі күнге дейін елордада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне 75 мемлекет және 14 халықаралық ұйым қатысатындығын растаған болатын. Халықаралық қатысушылар жиыны кезінде Астанадағы көрмеге қатысу туралы 13 келісімге қол қойылды. Тәуелсіздік сарайында өткен халықаралық жиынның алғашқы күні Ресей Федерациясы мен Қытай Халық Республикасы Астана ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатындығы туралы келісімге қол қойды.
Халықаралық қатысушылар жиынының екінші күні оған қатысушыларға коммуникациялар және көрмені ілгерілету бойынша жобалар, мәдени ойын-сауық бағдарламалары таныстырылды. Жан-жақты пікір алысулар барысында бұл жобалар мен бағдарламаларды одан әрі жетілдіру мәселелері тілге тиек етілді. Алқалы жиын барысында көрмеге қатысу туралы ұжымдық келісімдерге қол қою рәсімі одан әрі жалғасты. Халықаралық қатысушылар жиналысының екінші күні елордада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуын растаған тағы 10 ел келісімге қол қойды. Бұл мемлекеттердің қатарында Монака, Вьетнам, Венгрия және басқалар бар.
Түс ауа Орталық коммуникациялар қызметінде «Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысушылардың екінші жиналысының қорытындысы бойынша баспасөз мәслихаты болып өтті. Оған Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висента Лоссерталес, ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Қытай Халық Республикасы секциясының комиссары Ван Цзиньчжэнь, ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Француз Республикасы секциясының комиссары Паскаль Лоро және Астана ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі хатшылығының директоры Аян Еренов қатысты. Өз сөзінде Висента Лоссерталес халықаралық жиынға қатысушылар көрме қалашығы құрылысын аралап көргенін және құрылыстың жүргізілу мерзімі мен сапасына толық қанағаттанғандықтарын атап көрсетті. Астана ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылуына 15 ай уақыт қалды. Астанада өткен екі күндік халықаралық жиын барысында біз көрмеге дайындық барысымен және осы бір жауапты шараға қатысты мәселелердің барлығымен жан-жақты танысып, талқыладық. ЭКСПО көрмесіне дайындық мәселесі жоспарға сай белгіленген межеде жүзеге асуда. Біз осы басқосу барысында көрме қалашығы нысандарының құрылысын, болашақ павильондардың контентін, қатысушылардың өз павильондарын дайындауға қатысты атқаратын жұмыстарын және басқа мәселелерді талқыладық. Жоғары ұйымшылдықпен өткізілген жиналыс барысында біз қазақстандық әріптестеріміздің халықаралық көрмені өткізу мәселелерін ерекше жауапкершілікпен және ыждағатты көзқараспен жүргізіп отырғанына көз жеткіздік», деп атап көрсетті Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы. Одан әрі баспасөз мәслихатына қатысушылар журналистердің тарапынан қойылған көптеген сұрақтарға жауап берді.
ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Қытай Халық Республикасының комиссары Ван Цзиньчжэнь әлем елдерінің ішінде электр энергиясын ең көп тұтынатын Қытай мемлекеті екенін атап көрсете келіп, өз елінде жаңғырмалы энергия көздерін дамыту мәселесіне барынша басымдық беріп отырғанын айтты. «Қазір Қытайда жасыл технологияны дамыту мақсатында арнайы жоспар қабылданған. Бұл салаға мемлекет тарапынан ауқымды инвестиция бөлінуде. Біз алдағы уақытта қоршаған ортаны ластап, ауаға таралатын көмірқышқыл газын 30 пайызға дейін қысқартуды көздеп отырмыз. Бұл тек Қытай үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін елеулі көрсеткіш болып табылады», деді Ван Цзиньчжэнь. Астана ЭКСПО-2017 көрмесіне Қытай елінен қанша туристер келуі мүмкін деген сұраққа орай ол бұл бағытта үлкен жұмыстар жүргізіліп жатқанын, көрші Қазақстан елінде өтіп жатқан жаһандық шараға Қытай жұртшылығының ерекше қызығушылық танытатындығын атап көрсете келіп, көрме өткізілетін кезеңде Қытайдан Қазақстанға 75 мыңнан астам туристер келуі мүмкін деген болжамын айтты.
«Адамзат болашағы жаңғырмалы энергия көздерінің дамуымен тікелей байланысты. ЭКСПО-2017 көрмесінің негізгі тақырыбы «Болашақтың энергиясы» екендігі белгілі. Ендеше халықаралық көрме өтетін кезеңде Қазақстан әлемдік инновациялар мен технологиялардың орталығына айналады. Дүниежүзінде жер көлемі жағынан 9-шы орынды иеленетін Қазақстан аумағында табиғаттың небір кереметтері бар. Табиғаттың осы бір тартуын әлем туристерінің игілігіне айналдыруға ЭКСПО-2017 көрмесінің қосатын үлесі зор болатындығына сенімдімін», деді ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Француз Республикасының комиссары Паскаль Лоро. Баспасөз мәслихатына қатысушылар журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға толық та мәнді жауап берді.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».