ҚОСТАНАЙ. 26 ақпан. Қостанайда индустриялық аймақтың тұсаукесері өтті. Оған Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев және шетел инвесторлары қатысты. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Қостанайда машина құрастыру зауыттары қасынан түсетін өндірістік аймақ туралы бірнеше жыл бұрын айтылған болатын. Міне, енді ол шындыққа айналды. Аймақтың инфраструктурасы және басқа да жұмыстары үшін барлығы 2 миллиардтан аса теңге бөлінеді. Соның аймақ жұмысы басталар 2 жылы үшін 1 миллиард 100 миллион теңге бөлінеді. Өндірістік аймақ екі сатыдан тұрады. Алғашқысы таза автомобиль өндірісіне байланысты болады. Екінші сатысында өңдеу, тамақ өнеркәсібі дамытылады.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов: «Енді 2-3 айдан кейін құжаттардың барлығы дайындалады, құрылысы биыл басталады, келесі жылы дайын болады. Мұнда 10-15 өндіріс кәсіпорындарын сыйғызатын боламыз. Қытайдың СМС СИ компаниясымен бірлесіп, мұнда автомобиль өндірісін дамытатын боламыз, олар осы өндірістік аймаққа 4 зауыт салғалы отыр. Облыстың міндеті өндірістік аймақтың инфраструктурасын жасау болып табылады. Жер бөлеміз, ол қазіргі автомобиль зауыттарының айналасында болмақ. Негізгі мақсат шетел инвесторларына жағдай жасау болып табылады», – деді.
Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев: «Осы жұмыстардың барлығы Елбасының Ұлт жоспарындағы «100 нақты қадамды» жүзеге асыру болып табылады. Ондағы бірнеше қадам Қазақстанға халықаралық бизнес өкілдерін тартуға арналған болатын. Бұл істе жаңадан ашылып отырған өндірістік аймақтың болашағы зор», – деді.
Министрлікпен және Қостанай облысымен келісімге келіп отырған Италия, Франция және Қытай компаниялары машина құрастыру ісінің 50 пайызына дейінгі жұмысын Қостанай зауыттарының атқаруына мүмкіндік беретінін айтты.
Нәзира Жәрімбетова.
Дерек, сурет: egemen.kz