[caption id="attachment_26651" align="aligncenter" width="560"] CREATOR: gd-jpeg v1.0 (using IJG JPEG v62), quality = 90[/caption]
Өңірдің 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері және алдағы межелер туралы тұрғындар алдында берген есебінде аймақ басшысы Ерік Сұлтанов қант зауытының салынатынын мәлімдеді.
Мемлекет басшысының ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу көлемін ұлғайту жөніндегі тапсырмасына орай былтыр бұл салаға бір миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып, бес жоба жүзеге асырылса, 2020 жылға дейін қабылданған аумақтық жоспар аясында 138 миллиард теңге қаржыға 60 кәсіпорын құру міндеті тұр. Олардың арасында солтүстікқазақстандықтар үшін жаңа бағыт болып табылатын ас тұзы, балық, қант өндіру, жүн және тері өңдеу секілді серпінді бағдарламалар бар.
Ал, Шал ақын ауданында бой көтеретін қант зауытына «Трансагроинвест» компаниясы қаржылық қолдау көрсетіп, қомақты қаржы құйып отыр. Құрылысы биыл басталуға тиісті кәсіпорын іске қосылған жағдайда жобалық қуаттылығы бойынша жылына 8 мың тоннаға дейін өнім өндіруге қауқарлы. Ауылдықтар жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етіліп, қантпен облыс сұранысының жартысына жуығы өтелетін болады.
Бүгінде құрылыс жұмыстары үшін жер телімдері бөлініп, қажетті құжаттар әзірленген.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.