Кеше «Бірлік» саяси партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали, партия төрағасының орынбасары Бауыржан Бөрібек және «Бірлік» партиясы ОҚО филиалының төрағасы Самат Қарабаев Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжі студенттерімен кездесті.
– Мен өзім 16-17 жасымда ауылдан қалаға келгенмін, – деді Серік Сұлтанғалиұлы. – Бар арманым Алматыға орнығып, үй-жай алу, орнықты жұмыс орнын табу еді. Бұл мақсатыма жеттім. Сендер ғажап кезеңде өмір сүріп жатырсыңдар. Бодандық қамытын киіп, өзгеге жаутаңдаған елде емес, Тәуелсіздігінің күні жарқыраған, арман-мақсаты асқақ Қазақстанның ұрпағысыңдар. Сендерді үлкен мүмкіндіктер күтіп тұр.
Осылай деп сөз саптаған партия серкесі «Бірліктің» мақсат-мұратынан ойларын таратты. Оның айтуынша, әлемдік дағдарыс басқа да мемлекеттер сияқты Қазақстанға да әсерін тигізіп жатыр. Осындай жағдайда күйзелудің, уайымға берілудің жөні жоқ. Әрбір отбасының Алла тағала берген өз несібесі бар. Осыған дейін қазақ отбасылары бала-шағасын жоғары оқу орындарында оқытуға мән беріп келді. Өзінің жаны қаламаған, ата-анасының қалауымен мамандық алған жастар қолында дипломы болса да жұмыс таба алмай, іліккен жұмысты істеп жүр.
Келесі кезекте ол қазақ жастарының жалған намысты қойып, кәсіптік-техникалық мамандықтарды меңгеруі керек екенін атап көрсетті. «Мен ұзақ жыл газ саласында басшылық қызметте болдым. Сонда байқағаным, жоғары дәрежелі ең жас токарьдың жасы алпыста еді. Яғни, талапты жасқа жұмыс көп. Елбасымыз 2017 жылдан бастап кәсіптік-техникалық мамандықтарға тегін оқыту мәселесін Үкіметке тапсырды. Осы мүмкіндікті құр жіберіп алмаңыздар», – деді «Бірлік» партиясының көшбасшысы Серік Сұлтанғалиұлы.
«Бірлік» саяси партиясының бір ұстанымы – жастарға бүгінгі өмірге қат мамандықтарды меңгертуге көмектесу болып табылады екен. Мамандық алу – жан бағу ғана емес, өзіңнің орныңды адаспай табудың бірінші қадамы. Жақсы маман қашанда құрметке ие. Кең байтақ Қазақстанда табиғи қазба байлықтары көп. Бірақ мұнайдан түсетін табыстарға тоқмейілсімей, жоғары технология жетістіктерімен жұмыс жасауға бет алу керек.
«Бірлік» партиясының төрағасы жастарға «кейде миллиардтаған қаржысы бар адамға ақшасы бақыт әкеле алмайтынын атап көрсетті. «Ең үлкен бақыт – отбасың – алтын бесігің, өмірден өз орныңды адаспай табу. Жасампаз Қазақстанның жалынды ұрпағы – сіздерге тілеріміз сол», – деп ойын түйіндеді Серік Сұлтанғалиұлы.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.