Атырауда Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, халқымыздың біртуар ақын қызы Фариза Оңғарсыноваға ескерткіш қойылды
Қазақ поэзиясында ешкім қайталай алмайтын өзіндік өрнегі бар ақынның еңселі ескерткіші мұнайлы өңір орталығы – Атырау қаласында бой көтерді. Ескерткіш қазақ ғылымының заңғар тұлғасы Қаныш Сәтбаев көшесінде бой көтерді. Бұл көшенің бойынан азаттықты аңсаған Исатай мен Махамбет батырдың да, қазақтың дүлдүл күйшісі Дина Нұрпейісованың да, көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаевтың да ескерткішіне көзіңіз түседі. Енді сол еңселі ескерткіштердің қатарында қазақ поэзиясының көрнекті тұлғасы, мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынованың да тас тұғырдағы бейнесі менмұндалап тұрады.
Ақын ескерткішінің ашылуына өңірдің зиялы қауым өкілдері, ақынның туыстары мен жастар буыны, жұртшылық өкілдері көптеп қатысты. Қазақстан жобалаушылары ұлттық қауымдастығының вице-президенті, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген сәулетшісі Серік Рүстамбековтің айтуынша, ақын ескерткішін сомдау конкурс арқылы таңдалыпты. Арнайы жарияланған конкурсқа ақынның бейнесі сомдалған 12 жоба ұсынылған. Оның ішінде ақынның отырған бейнесі сомдалған нұсқа да болыпты. Арнайы комиссияның мүшелері кеше өз тұғырына орнатылған нұсқасына таңдау жасапты.
Ескерткіш қоладан құйылған, тұғырының биіктігі – 4 метр 50 см, ал ақын бейнесі – 4 метр 10 см. Тұғырдың сегіз қабырғасы бар, оның бірінде ақынның аты-жөні, қалған жетеуінде поэзия падишасының өлеңдерінің бір шумағы қашалып жазылған. «Ақынның туыстарымен де ақылдастық. Олар біздің шеберханамызда болып, шаш үлгісіне қатысты өз ойларымен бөлісті. Мүсінді Мұрат Мансұров жасады. Ақынның шабыттанып, жаңа жыр жазуға ұмтылып тұрғанын бейнеледік», – деді сәулетші Серік Рүстамбеков.
– Былтырғы жылдың аяғында Әнұран авторларының бірі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Жұмекен Нәжімеденовтің ескерткіші ашылған еді. Бүгін өзінің жырларымен де, өзінің адами болмысымен де елдің жадында жатталған ақын Фариза Оңғарсынованың ескерткіші ашылды. Фариза апамыз тек поэзияның көрнекті тұлғасы ғана емес, сонымен бірге, еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға да өз үлесін қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлігімен танылды, – деді ақын ескерткішінің ашылу салтанатында облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Фариза Оңғарсынованың ескерткішінің ақ жамылғысын облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен еңбек ардагері Меллят Сабырова ашты. Ақынның туыстары атынан Айбек пен Алмагүл Оңғарсыновалар өз ойларымен бөлісіп, ескерткіштің көңілден шыққанына тоқталды. Ақын жырлары оқылып, сөзіне жазылған әндері шырқалып тұрды.
«...Тірлік заңы мықты да, Бірақ мұны жаны барлар ұқты ма? Соның бәрін уақыт-жемқор жұтты да, Куәсі боп қалдым мен, Талай ғасыр жасай берем әлі де, Ей, адамдар! Бармын мен!» Өз ұлтын жан-тәнімен сүйген, ұлтының рухани келешегі үшін өлшеусіз үлес қосқан көрнекті тұлға Фариза Оңғарсынова ескерткішінің тұғырында сегіз қабырғаның біріне дәл осы шумағы жазылыпты. Иә, ақынның өзі жырлағандай, ол енді талай ғасырлар бойы елдің жадынан өшпей, мәңгі жасай береді. Өйткені, оның ел жүрегіне жатталған қайталанбас жырлары да, тас тұғырдағы бейнесі де келешектің көшіне бет бұрды...
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
АТЫРАУ.
Суретті түсірген
Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.