• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Наурыз, 2016

Орта тапты көтеру – ортақ міндет

261 рет
көрсетілді

Көкшетау қаласында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжі­лі­сінің депутаттығынан үміткер Меруерт Қазбекова ардагерлердің арнайы емханасында болып, медицина қызметкерлерімен және ем-шара қабылдаушылармен кездесті. Кездесуге 35 адам қатысқан жиынды «Ақ жол» партиясының облыстық сайлауалды штабының жетекшісі Серік Бейсембаев ашты. Қазақстанның «Ақ жол» демокра­тия­лық партиясынан Парламент Мәжі­лі­сінің депутаттығына ұсынылған үміт­кер Меруерт Айтқожақызы – Көкше­тау­дағы алғашқы әрі табысты кәсіпкер қыздардың бірі. Осыдан болса керек, кез­десу барысында ашық-жарқын әңгіме қоз­ғалып, сан-алуан пікірлер ортаға салынды. Меруерт Қазбекова өз сөзінде «Ақ жол» партиясының сайлауалды бағ­дар­ламасына кеңінен тоқталып, негізгі ұс­та­нымдарға түсінік берді. Ол партия­ның еліміздегі орта тап өкілдері­нің мүддесін қорғайтынын, қазақ­стандық бизнесті дамыту бағдарла­ма­ларының жүзеге асырылуына белсене қатысатынын, жұмысшы кадрларын даяр­лау және ауыл жастарының мамандық алуы мен жұмысқа орналасуына қолдау көрсететінін атап өтті. Медициналық қызметтің сапасы жөніндегі ойларын ортаға салған Мәжіліс депутаттығынан үміткер М.Қазбекова жиналғандардың назарын денсаулық сақтау мекемелерін білікті мамандармен қамтамасыз ету, емханалар мен ауруханаларды заманауи жабдықтармен нығайту, медициналық сақтандыруды енгізу мәселелеріне аударды. Үміткердің пікірінше, демократиялық қоғамды дамыту Парламент жұмысының сапа­лық жағынан жаңғыртылуына, билік орган­дарының халық алдында есепті болуына, шенеуніктер қызметінің ашықтығы мен олардың өз ісіне адалдығы мен жауапкершілігіне байланысты болмақ. Кездесу соңында жиналғандар тарапынан сұрақтар қойылып, оларға Мәжіліс депутаттығынан үміткерден тұщымды жауаптар алынды. Сондай-ақ, Мәжіліс депутаттығына «Ақ жол» партиясынан ұсынылған үміткерлер Меруерт Қазбекова мен Әсет Атабаев өз партияластары ұйымдастырған «Ақ жолдың» шағын футболдан кубогын сарапқа салу жарысының ашылуында болып, құттықтау сөз сөйледі. Көкшетау қаласында жаңадан салынған «Триатлон» спорт кешеніндегі спорттық шараға 5 команда қатысты. Тартысты өткен бәсекеде қалалық мәслихат депутаттығынан үміткерлердің «Бақыт-Марат» командасы бірінші орынды, қала жастарының «Фортуна» құрамасы екінші, демократтардың жергілікті «Ақ жол» командасы үшінші орынды иемденді. Жарыс қорытындысында жеңімпаздар дипломдар және арнайы сыйлықтармен марапатталды. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.