Кеше «Нұр Отан» партиясы республикалық сайлауалды штабы Алматы қаласындағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу аясында «Алматы көпір құрылғылары зауыты» ЖШС-нің еңбек ұжымымен, ғылыми-шығармашылық, зиялы қауым, қайырымдылық және әлеуметтік жобалармен айналысатын қоғамдық бірлестіктердің өкілдерімен кездесіп, «Нұр Отан» партиясы жақтастарының форумына қатысты.
Партия Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов бастаған Республикалық сайлауалды штаб делегациясының құрамында Мәжілістің V шақырылымының депутаты Жексенбай Дүйсебаев, Сенат депутаты Нұрлан Оразалин, Ұлттық ғылым академиясының мүшесі Кенжеғали Сағадиев және тағы да басқа танымал тұлғалар болды. «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнында Республикалық сайлауалды штаб делегациясымен өткен кездесуге 500-ге жуық зиялы қауым өкілдері қатысты.
Оңтүстік астанада еліміздің интеллектуалды-шығармашылық әлеуеті шоғырланса, жоғары білім беру мекемелерінің үштен бірі (127 ЖОО-ның 42-сі) дәл осы шаһарда орналасқан екен. Сонымен қатар, «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы да іске қосылған. Қазіргі кезде аталған арнайы экономикалық аймақта тіркелген компаниялардың саны 151 болса, компаниялар негізінен ақпараттық технологиялар, телекоммуникация, байланыс, электроника салалары бойынша бәсекеге қабілетті өнімдер шығарады.
«Әлемде жаңа технологиялар кешені жинақталды, ол жетекші елдерге өздерінің экономикаларын таяудағы 5-10 жыл ішінде мүлдем жаңа техникалық тəртіпке көшіруге мүмкіндік береді. Мұндай технологиялық бəсекелестік Қазақстан үшін бірегей сынақ болып табылады. Осыған байланысты «Нұр Отан» партиясы жоғары технологияларды дамыту міндетін қойып отыр. Біздің жалпыұлттық басымдықтарымыздың бірі сандық қоғамды кеңінен қалыптастыру», – деді осыған орай сөзінде А.Мырзахметов.
Осы күні үгіт-насихат тобының мүшелері «Алматы көпір құрылғылары зауыты» ЖШС-нің еңбек ұжымымен кездесті. Қазіргі күні зауытта 723 адам жұмыс істесе, оның төрттен бір бөлігі «Нұр Отан» партиясының мүшелері. Өнеркәсіп орны 350-ден астам тауар аталымын өндіріп, республиканы 85% көпір құрылғыларымен қамтамасыз етеді. «Нұр Отан» партиясы доктринасында бекітілген ынтымақтастық және өзара жәрдем қағидалары штаб мүшелері қайырымдылық және әлеуметтік жобалармен айналысатын үкіметтік емес ұйым өкілдерімен өткен кездесуде кеңінен сөз етті. Аталған жиын жылына жобаларға 100 млн. теңге жұмсайтын «Бауыржан» қайырымдылық қорының кеңсесінде өтті.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.