Шуағын шашқан өмірге,
Қуаныш шашқан көңілге.
Әйелдер күні мінеки,
Тойланып жатыр төрімде.
Абыр да сабыр айналам,
Жүздерді көрем жайнаған.
Мерейлі жұрттың барлығы,
Әйелдер күнін тойлаған.
Көктеммен бірге бүр жарып,
Алдымнан шыққан нұрланып.
Әйелдер күні сыйлайды,
Жыл сайын бізге мол бақыт.
Бойжеткен болар ертерек,
Жүретін ылғи еркелеп.
Әр үйге кірер береке,
Әйелдің жөні бір бөлек.
Жандары нәзік асылым,
Таусылмас менің ғашығым.
Сендермен бірге түрленіп,
Сендермен бірге тасыдым.
Сендерсіз мәнсіз мына әлем,
Сендерсіз қайда жыр, өлең.
Сендерсіз өткен күндерді,
Көңілсіз десе сенер ем.
Дүниенің кілті әйелде,
Қайырылып келіп сәлем бер.
Әйелдер болсын бақытты,
Дегенді қостым өлеңге.
Орынбек ЖОЛДЫБАЙ,
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері.
АСТАНА.