Қостанай облысындағы Әулиекөл ауданының Чернигов ауылында қарақшылар қарт кісілердің үйіне басып кіріп, өздерін ұрып-соғып, тонап кеткен. Бастапқыда есік қағылған кезде үйдегі қарт ана ілгекті өзі барып ашқан. Себебі, сыртта тұрғандар ауылдағы біреулерді сұраған.
Ал есік ашылған кезде келушілер қарияға тарпа бас салып, біраз соғып тастаған. Олар мұнымен де тоқтамай, төргі бөлмеге өтіп, қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан ақсақалды таяқтың астына алған. Бұл кезде ұйықтатын дәрі ішіп, алаңсыз дем алып жатқан оның оянуы оңайға соқпайды. Қарақшылардың да көздегені сол екен, олар дереу үйді тонай бастайды. Бірақ қариялар еш құнды заттары да, көлемді сомалы қомақты ақшалары да жоқ екенін айтып бағады. Әйткенмен, тонаушылар бұған сенбей, қарияларды тағы тепкілеп тастап, үйдегі қолға іліккен мүліктерді алып кетеді.
Жәбірленушілер ес жиған соң дереу полицияға хабар берген. Сол бойда тәртіп сақшылары күдіктілердің соңына түседі. Олар санаулы күннің ішінде ұсталады. Себебі, қариялар қарақшылардың кімдер екенін пайымдап қалған екен.
Мұрат АЙТҚОЖА