Талдықорғанда «Абай және ХХІ ғасыр» халықаралық клубының президенті, танымал жазушы-баспагер Роллан Сейсенбаевтың «Менің 100 кітабым» атты сериясымен шыққан Нұрсұлтан Назарбаев: «Книга раздумий», Жүсіп Баласағұн: «Ақыл кітабы», «Дешті-қыпшақ жырлары», Әбу Насыр әл-Фараби: «Қайырымды қала» және орыс тілінде жазатын жас қаламгерлер кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті. Оны Сәкен Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасының ұжымы ұйымдастырды.
Халықаралық Абай клубы мен Роллан Сейсенбаев «RS» Баспа үйі әлем әдебиетінің жаңа кітапхана сериясын өмірге әкелгенінің қуанарлығы сол, бұл сериямен шыққан кітаптар Қазақстан жастарына арналған. Ерекше айтар жайт, бұл туындылардың әрқайсысы белгілі тұлғалар – Жүсіп Баласағұн, әл-Фараби, Абай Құнанбаев, Сүйінбай Аронұлы мен Жамбыл Жабаев сынды белгілі тұлғалардың шығармалары мен еңбектерін қамтып, соны леп естіреді.
«Қазақтың жас қаламгерлерінің арасынан сұрыпталып, шоқтығы биік болған «Хабар» агенттігінің Алматы облысындағы меншікті тілшісі, жетісулық Әділхан Сахариевтің «Синдром Кентавра» атты повесі «Менің 100 кітабым» сериясы бойынша алдыңғы кезекте баспамыздан басылғанын ерекше атап өткен дұрыс. «Синдром Кентавра» повесі Ресейдің 2014 жылды қорытындылаған « Орыс сыйлығы» атты ұзын параққа енгізілгенін мақтан тұтуға болады. Біле-білсек, бұл Ресейден тыс елдерде тұрып орыс тілінде жазатын авторларға берілетін жалғыз әдеби сыйлық болып саналады. Сондай-ақ, Әділхан Сахариевтің бұл повесі Ресейдің «Новый мир» атты әдеби журналының былтырғы жылғы шілде айындағы санында толығымен жарияланғаны тағы бар», деді «Абай және ХХІ ғасыр» халықаралық клубының президенті, танымал жазушы-баспагер Роллан Сейсенбаев.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
Егемен Қазақстан».
Талдықорған.