Ұлы Отан соғысын жылдар алыстатқанмен, онда жасалған ерліктер ұмытылмақ емес. Аталары мен әжелері соғыс қырғынын көрген немесе майдан даласында қалған бүгінгі ұрпақ олардың ерлігін мақтан ететіні қуантады. Белгілі журналист, жазушы Сәлім Меңдібаев қызмет істейтін «Қостанай таңы» газетіне Жеңістің 70 жылдығын мерекелеген өткен жылы облыс өңірінен екі жүзден аса хат түсті. Олардың барлығында соғыс ардагерлерінің немерелері, шөберелері, тіпті, шөпшектері атасы мен әжесінің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлігін, тылда істеген еңбегін мақтан ететінін жазған және оны тәп-тәуір баяндайды. Автор өз қолынан өткен жүрек тебірентер, патриотизмге толы хаттардың газет тікпесімен бірге шаң басқан архивтерге жібермей, оқырманға қайта ұсынуды жөн көріпті.
– Аталардың Отан үшін төгілген қанын бағалау, оларды ұмытпау, мақтан ету бүгінгі ұрпақтың жақсы тәрбиесі дер едім, тәуелсіз еліміздің шұғылалы ертеңіне деген сенім ұялатады. Мен осы хаттарды, олармен бірге жіберген майдандағы көне суреттерді кітапқа енгіздім. Бұлар келер ұрпақ үшін де қажет дүние, – дейді кітап авторы Сәлім аға.
Ал кітаптың алғашқы тарауларында майдангерлер туралы жазған автордың өз шығармалары топтастырылыпты. Әсіресе, екінші тарауында бес жылға таяу созылған алапат соғыстың Ленинград қоршауы, Бресті алу, Сталинград майданы, Белоруссияны азат ету, Берлинге шабуыл секілді негізгі кезеңдеріне шолу жасалады да, сол сұрапыл күндердің куәгеріндей, қан кешкен қостанайлық жауынгер-ардагерлер туралы баяндайды. Мұның да оқырманға танымдық маңызы зор.
Тұсаукесерде жазушы, осы кешті жүргізген Ғұмар Ахметчин, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин, кітаптың шығуына демеушілік көрсеткен Өмірзақ Ихтиляпов, тағы басқалар кітаптың жас ұрпақтың патриоттық тәрбиесіне берері көп екенін тілге тиек етті.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.