• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Наурыз, 2016

Өзара татулық, бірлік және достық

651 рет
көрсетілді

Алғыс айту күніне арналған ашық есік күніне арқау болды  Кеше елордадағы «Astana Mall» сауда ойын-сауық орта­лығында Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс айту күніне арналған ашық есік күні болып өтті. Айтулы шара қазақс­тандық­тардың ерекше атап өтетін маңызды да тағылымды күніне айналып та үлгерді.  Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, мемлекеттік органдар мен қала­лық этномәдени бірлестіктер өкіл­дері, Астана қаласы ҚХА-ның ғылыми-сарапшылық тобы, аналар кеңесі мен қоғамдық келісім кеңестері, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Мұндағы негізгі мақсат – Қазақстан Республикасының мәдени мұрасын сақтап, дәріптеу. Бұл тұрғыда Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова Алғыс айту күніне арналған ашық есік күні туралы ойын былайша өрбітті: «Қазақстан халқы Ас­самблеясының Алғыс айту күніне арналған бүгінгі Ашық есік күніне қаламыздағы түрлі этнос өкілдері жиналып, өзара татулық, бірлік пен достықты, ортақ үйіміз – Қазақстан Рес­публикасының дами беруіне, тәуелсіз және азат ел болып қала беруіне деген құлшыныстарын тағы бір мәрте көрсетіп отыр». Сонымен бірге, ойын-сауық ор­та­лығына жиналған қауымды халық шығармашылығының мол мұрасымен таныстыру да басты мақсаттардың бірі болса керек. Бұл өз кезегінде Қазақстандағы этностардың шығармашылық дамуына жағдай жасауға оң ықпал етіп қана қоймай, дарынды орындаушылар мен кәсіби шығармашылық ұйымдарды анықтауға өзіндік себін тигізері айтпаса да түсінікті. Аталған ғимарат төрінде орнатылған сахнада әртүрлі этнос өкілдері өздерінің ұлттық киімдерімен жиналған көпшілікті ән мен биге бөледі. Бұл айтулы күнді атап өту Елбасының ұтымды да дер кезінде қабылдаған шешімі болғандығын ерекше атап кетті. Себебі, Қазақ жерінде тұрып жатқан көптеген этнос өкілдері Елбасы саясатына және қазақ халқына шын жүректен алғыс айтады. Өйткені, жан-жақтан қоныс аударып келген өзге этнос өкілдері Қазақ жерінен өз бақыттарын тапты. Қазақстан әзербайжандары мәдени орталықтары одағының президенті Видади Салахов мұндай мерекелік шаралар этностар арасын жақындатып қа­­на қоймай, этномәдени ор­та­лық­тары өкілдерін өзара дос­тастыратындығымен де бөлісе кетті. Шынтуайтында, бұл мереке елімізде тұрып жатқан барлық тұрғындар арасын бір бірімен жақындата түсу. Әрине, тарихи Отанын тастап, Қазақ даласына қоныс аударудың оңай болмағаны анық. Қазақ халқы өз басындағы қиындықтарға қарамастан, сырттан келушілерге көмек қолын созды. «Адами тұрғыдан келгенде де қазақ халқына алғыс ай­туымыз өте орынды. Егер та­рихқа көз жүгіртер болсақ, әзер­байжандықтарды тарихи ота­ны­нан екі эшалонмен әкеткені мәлім. Соның бірі Сібірге жө­нелтілсе, одан тірі қайтқандары жоқ. Ал Қазақстанға келген 60 мың әзербайжандықтың қа­зіргі саны 130 мың адамға жет­ті», деп атады В.Салахов. Ашық есік күнінде елордалық этномәдени орталық өкілдері өз жетістіктерімен бөлісіп, сонымен бірге, бірлестіктер жұмысымен танысуға мүмкіндік алды. Бұдан басқа, этномәдени орталықтар өкілдері қолданбалы өнер, ұлт­тық аспаптарда ойнау және ұлт­тық билерді орындау бойынша шеберлік-сыныптар өткізіп, өз өнерлерін ортаға салып жатты. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».