АСТАНА. 5 наурыз. Ұрылар Аргентинаның Санта-Фе провинциясына қарасты шағын қаланы түгін қалдырмастан тонап кетті. Бұл туралы 24.kz-ға сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Жергілікті полицейлердің хабарлауынша, 1800 тұрғыны бар Бернардо-де-Иригоен қаласын небәрі төрт адам тонаған. Баукеспе ұрылар жергілікті мэрия, банк, пошта, сот және полиция бөлімшесіне ұрлыққа түсіп, бағалы заттарды қолды еткен. Бастапқыда олар полиция бөлімшесіне баса-көктеп кіріп, бүкіл қару-жарағын сыпырып алып, өздерін бір бөлмеге қамап тастаған.
Айта кетейік, ұрылар барлығы 16 мың доллар болатын дүние-мүлікті қолды еткен. Тәртіп сақшылары олардың ізіне түсіп, біреуін атып өлтірген. Алайда, ұрылардың үшеуі қолға түспей, қашып кеткен.
Талғат Райымбек.
Дерек, сурет: 24.kz.