АСТАНА. 5 наурыз. Toyota компаниясы ағаштан жасалған жаңа көлік түрін көпшіліктің назарына ұсынды. Бұл туралы livecars.ru-ға сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Жаңа концепт-карды мамандар Toyota Setsuna деп атады. Setsuna сөзі жапон тілінен аударғанда «қас-қағым» деген мағынаны білдіреді.
Автомобиль ағаштың бірнеше түрінен жасалған. Мәселен, көліктің рамасы тегіс жапырақты қайыңнан дайындалса, шанағы (кузов) үшін жапон самырсыны қолданылған. Ал рулі сауырағаштан (кипарис) дайындалған.
Toyota Setsuna-ның ұзындығы – 3,03 метр. Сондай-ақ, ені – 1,48 метр, биіктігі – 0,97 метр, ал дөңгелек базасының өлшемі 1,7 метрге тең. Автомобиль электромотордың көмегімен жүреді. Әзірге басқа техникалық сипаттамалары белгісіз.
Жапондар жаңа көлікті 12-17 сәуір күндері Италияның Милан қаласында өтетін сән апталығында жұртшылыққа ресми түрде таныстырады деп күтілуде.
Еламан Қоңыр.
Дерек, сурет: livecars.ru.