АҚМОЛА. 9 наурыз. Көкшетау қаласындағы кондитер өнімдерін шығаратын «Тау Кон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өндірістік қуаттарын арттыруда. Бұл туралы Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Жаңа өндiрiс орны 30 көкшетаулықты тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз еткен. Мұнда тәулігіне 3 тонна тәтті тоқаштар шығарылады. Кондитерлiк жабдықтар Италиядан әкелiнген. Кәсіпорын өнім түрлері бойынша 3 желiлік технологияны пайдаланады. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен жүзеге асырылған жобаның жалпы құны 200 миллион теңгені құрайды.
«Қазiргi күнi әр ауысымда 1 тонна өнiм дайындаймыз. Өнiмдеріміз тек Ақмола облысы бойынша ғана емес, сонымен қатар Астана қаласы, Қарағанды, Павлодар, Солтүстiк Қазақстан облыстарына да жеткізiледi», – дейді серіктестік директоры Марат Сәрсенов.
Бақберген Амалбек.
Дерек, сурет: облыс әкімінің баспасөз қызметінен.