АСТАНА. 9 наурыз. Германияда 20 наурыз күні екі сайлау бөлімшесі ашылады. Бұл туралы 24.kz-ке сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Еліміздегі Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау кезінде ел азаматтары өз дауыстарын Берлин мен Майндегі Франкфурт қалаларында бере алады. Мұндағы бөлімшелерге барлығы 400 адам келеді деп жоспарланған. Олардың арасында елшілік қызметкерлері мен шет мемлекетте тұрып жатқан студенттер бар.
Жалпы, Берлиндегі сайлау комиссиясының мүшелері анықталды. Ал бүгінде сайлаушылар тізімі жасақталып жатыр.
Комиссия төрағасы Дәурен Кәріповтің хабарлауынша, неміс жерінде Қазақстанда өтетін сайлау жайлы насихат пен ондағы бауырларымызды ақпараттандыру жұмыстары белсенді атқарылуда. Сондай-ақ, ол «Біздің консулдық бөлімнің қызметкерлері мен бас консулдықтың қызметкерлері консулдық тіркеуде тұрған азаматтарға хабарласып, 20 наурызда сайлау туралы хабардар етіп отыр. Елшілік сайтына айдар парақшасын орнаттық. Ол екі бөлімнен тұрады. Біріншісінде сайлау болатындығы туралы хабарлама ілдік, екіншісінде күнделікті сайлауға қатысты ақпараттар орнатылады. Бұл мәліметтер күнде жаңартылып тұрады», – деді.
Айта кетейік, шет елдегі Қазақстанның азаматтары 20 наурызда өтетін сайлауға қатысуға белсенді болып отыр.
Талғат Райымбек.
Дерек, сурет: 24.kz.