• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Наурыз, 2016

Халықаралық ұйым жазасын өтеуші әйелдерді құттықтады (фото)

339 рет
көрсетілді

АСТАНА. 9 наурыз. PENAL REFORM INTERNATIONAL (PRI) Халықаралық түрме реформасының Орталық Азиядағы өкілдігінің қызметкерлері «Қазақстандағы балалар мен әйелдерге арналған түзеу мекемелеріндегі медициналық және әлеуметтік қызметті күшейту» жобасының аясында Атырау қаласындағы әйелдер колониясында жазасын өтеп жатқан қыз-келіншектерді 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, бірқатар сыйлықтар сыйлады. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Қазіргі кезде еліміздегі 6 әйелдер колониясында 3014 әйел жазаларын өтеп жатыр. Атыраудағы колонияда 252 әйел бар. Мейрам қарсаңында еліміздің батыс өңіріндегі жалғыз колонияда релаксация бөлмесі, сән бөлмесі сондай-ақ, спортпен және иогамен айналысу залы ашылды. Аталған бөлмелердің қыз-келіншектер үшін маңызы зор екені анық. PRI ұйымы сотталған әйелдердің жартысынан көбі осындай психологиялық көмекке зәру екендігін анықтады. Сән бөлмесі эстетикалық сұлулықты сақтап қана қоймай, мұндағы әйелдер қауымына шаштараз мамандығын игеріп, жазасын өтеп шыққан соң, жұмысқа тұруларына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл күні әйелдер отрядының арасында сурет сайысы ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сыйлықтарды табыс етеді. Туған-туыстарымен кездесу ұйымдастырылды. Мейрам күні колониядағы қыз-келіншектерге фотосессия жасалды. Осыған байланысты сотталған әйелдердің туыстарымен байланысы хат арқылы жүзеге асып, суреттері үйлеріне жіберілетін болады. Халықаралық түрме реформасының Орталық Азиядағы өкілдігі 2013-2014 жылдары әлем бойынша сотталғандардың 2-9 пайызын әйелдер құрайтынын мәлімдеді. Ер адамдарға қарастырылған колонияларда қыз-келіншектерге қажетті жағдайлар қарастырылмаған. Ішкі істер министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі комитеті жыл басында 2975 әйел жазасын өтегенін және бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда 400 адамға азайғанын хабарлады. «Зерттеу барысында белгілі болғандай сотталған әйелдердің көбісі бірінші рет қылмыс жасаған. 30 жасқа дейінгілер 20 пайыз, 30-50 жас арасындағылардың үлес салмағы 59 пайыз құраса, сотталған бес әйелдің біреуінің жасы 50-ден асқан. PRI жобасы балалары кәмелетке жасқа толмай тұрып, сотталған әйелдерге қолдау көрсетеді. Оларға арнап мұнда ойын алаңдары мен балаларымен кездесу бөлмесі қарастырылған. Ең басты айта кететін жайт – әйелдер колониясында Бангкок ережесіне байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық талаптарына сай арнайы оқудан өткен әйелдер қызмет етеді. Аталған іс-шаралар жазасын өтеп жатқан нәзік жандылар қоғамға қажет екендіктерін бір сәтте естерінен шығармай, әлеуметтік тұрғыдан қолдау тауып, қоғамымызға қайта оралуларына сеп болары сөзсіз», – деді Penal Reform International ұйымының Орталық Азиядағы өкілдігінің аймақтық директоры Азамат Шамбилов. Аян Әбдуәли. Дерек, сурет: egemen.kz.