Бұрнағы күні футболдан еліміздің қазіргі чемпионы «Астана» командасы мен Қазақстан Кубогының иегері Алматының «Қайраты» Қазақстан Суперкубогы үшін сынға түсті. «Астана Арена» стадионында өткен матчта жеңімпаз ойын соңындағы пенальтиде анықталды. Бұл сында алматылықтар 5:4 есебімен жеңіске жетіп, Суперкубокты иемденді.
Кездесудің алғашқы минуттарынан бастап басымдыққа ие болған «Астана» ойыншылары бірінші таймда бірнеше жойқын шабуыл ұйымдастырды. Тіпті, 20-минутта команда капитаны Таңат Нөсербаев екі қорғаушының ортасынан сытылып шығып, соққы жасағанымен, доп қақпа бағанынан кейін серпілді. Өз кезегінде «Қайрат» футболшылары да қарымта шабуылдарға шығып, қарсыластар қақпасын нысанаға алып көрді. Алайда, үзіліске дейін есеп ашылған жоқ.
Екінші таймда да командаларда есеп ашатын тамаша мүмкіндіктер болды. Әсіресе, Станимир Стойловтың шәкірттері белсенді қимылдап, бірнеше қауіпті соққылар жасады. Дегенмен, 90 минут түгесілгенге дейін гол соғылмады. Одан кейінгі қосымша екі тайм да голсыз өтті. Ал ойын соңындағы пенальтиде «Қайраттың» жолы болды.
Осылайша, алматылықтар жаңа бас жаттықтырушы Александр Бородюктің жетекшілігімен алғашқы жүлделеріне қол жеткізді. Сондай-ақ, бұл клуб тарихындағы алғашқы Суперкубок екенін атап өткен жөн.
Айта кетейік, былтыр да қос команда Қазақстан Суперкубогы үшін таласқан. Ол кезде де жеңімпаз пенальти арқылы анықталып, «Астананың» мерейі үстем болған.
Тағы бір ескере кететін жайт, осы ойынмен футболдан еліміздің 2016 жылғы жаңа маусымы басталды. Енді 12-13 наурыз күні Қазақстан премьер-лигасының бірінші турының ойындары ойналады.
Еламан ҚОҢЫР,
«Егемен Қазақстан».