ОРАЛ. 4 наурыз. Батыс Қазақстан облысының орталығы – Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында мектеп оқушылары арасында IV облыстық Қадыр оқулары байқауы өтті. Бұл туралы inform.kz-ке сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Сырым ауданы әкімдігі мен облыстық білім басқармасы бірлесіп ұйымдастырған байқау барысында үш аталым бойынша жеңімпаз-жүлдегерлер анықталды. Атап айтқанда, «Сөздің бәрі құдіретті...» бөлімі бойынша Қадыр ақын өлеңдерін жатқа оқудан сырымдық Д.Есжанова мен теректілік Р.Алмашова бас жүлдені иеленді. «Кейбір жырым дән ұшырып қырманда, Кейбір жырым бақташы боп жүр маңда» бөлімінен ақын өлеңдеріне жазылған әндерді орындаудан оралдық А.Ерсайынова озып шықты.
«Қуып шығар қызыл сөзді ой кейін» атты қорытынды бөлімде өз туындыларын ақынға арнаған жас дарындар арасынан Оралдағы дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернаты кешенінің шәкірті Айсара Зейін суырылып шығып, жеңімпаз атанды.
Барлық жеңімпаз-жүлдегерлер дипломдармен, сыйлықтармен марапатталды.
Темір Құсайын.
Дерек, сурет: inform.kz.