• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Наурыз, 2016

Астанада күрес түрлерінен Олимпиада жолдамасы сарапқа салынады

327 рет
көрсетілді

АСТАНА. 16 наурыз. 18-20 наурыз күндері Астана қаласында күрес түрлерінен Азия құрлығы бойынша Рио-де-Жанейро Олимпиадасына іріктеу турнирі өтеді. Бұл туралы Ұлттық штаттық командалар және спорттық резерв дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Сайысқа құрлықтың 20-дан астам елінен палуандар қатысады деп жоспарлануда. Олардың арасында Иран, Қытай, Жапония, Моңғолия, Оңтүстік Корея және Үндістан сынды біздің палуандарға басты бәсекелес болатын елдердің өкілдері бар. Астанадағы турнирде алты салмақ дәрежесі бойынша Олимпиада жолдамасы таратылады. Атап айтқанда, грек-рим күресінен – 59 кг, 66 кг, 75 кг, 85 кг, 98 кг, 130 кг, еркін күрестен – 57 кг, 65 кг, 74 кг, 86 кг, 97 кг, 125 кг және әйелдер күресінен 48 кг, 53 кг, 58 кг, 63 кг, 69 кг, 75 кг салмақтағы палуандар жолдамаға таласады. Осы салмақтарда жоғарыда аталған елдер Астанаға бірінші нөмірлі палуандарын әкелетінін атап өткен жөн. Айта кетейік, бүгінде ұлттық құрама қоржынында күрес түрлерінен 3 Олимпиада жолдамасы бар. Оларды грек-рим күресінің шебері Алмат Кебісбаев (59 кг), тағы бір «классик» палуанымыз Досжан Кәртіков (75 кг) және еркін күрестен ел намысын қорғайтын Артас Сана (57 кг) еншілеген болатын. Осыған байланысты бұл спортшылар елордадағы сайысқа қатыспайды. Ал қалған салмақтарда құрама жаттықтырушылары тек үздіктерге ғана сенім артып отыр. Еламан Қоңыр. Дерек: Ұлттық штаттық командалар және спорттық резерв дирекциясының баспасөз қызметі. Сурет: astana-sport.kz.