АСТАНА. 16 наурыз. Нигерияның солтүстік-шығысында Майдугури қаласындағы мешітте болған жарылыстан 22 адам қаза тапты. Сондай-ақ, 17 адам түрлі деңгейде дене жарақатын алды. Бұл туралы РИА «Новости» ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, террорлық әрекетті екі жанкешті ұйымдастырды. Олардың бірі жарылғыш затты ғибадатхананың ішінде іске қосқан. Осыдан соң жұрттың бәрі шыға беріске ұмтылған сәтте екінші жанкешті өзін өзі жарып жіберген. Лаңкестік әрекетті жергілікті атышулы «Боко Харам» ұйымының содырлары жасады деген болжам жасалды.
Айта кетейік, соңғы жеті жылдың ішінде «Боко харам» содырлар ұйымының қолынан 13 мыңнан астам бейбіт тұрғын қаза тауып, ондаған мыңы жарақат алған. Аталған топ көбіне Нигерияның солтүстік-батысында, сондай-ақ, Камерун мен Чад елдерінде террорлық шабуыл жасайды.
Аян Әбдуәли.
Дерек, сурет: РИА «Новости».