Қасиетті Қызылжар жеріне алғаш рет табан тіреген қазақтың батыр ұлы Айдын Айымбетовке облыс жұртшылығы үлкен ілтипат көрсетіп, гүл шоқтарымен қарсы алды.
Есімі тарихымызға алтын әріптермен жазылған ғарышкер-ұшқыштың алғашқы сапары ғарышкер жерлесіміз Владимир Шаталовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталып, одан кейін «Жас ұлан» балалар-жасөспірімдер ұйымының мүшелерімен кездесті.
Халық Қаһарманы «Зенченко және К» командиттік серіктестігінде болып, отандық өнімдердің сапалық құрамына назар аударды. Ұжыммен кездесуде озық технологияларды қолдану арқылы күніне 40 тонна табиғи сүтті қалдықсыз өңдейтін кәсіпорынның жұмысын жоғары бағалап, табыс тіледі. Жиналғандарға ғарыш жайлы қызықты әңгімелер шертіп, қазақтың жеңсік тамағы – құрт ала барғанын айтуды да ұмытпады.
Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы үйінде этномәдени бірлестіктер өкілдерімен өткен басқосуда «Мәңгілік Ел» идеясы, халықтар арасындағы достық, жастар тәрбиесі, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай атқарылып жатқан патриоттық шаралар мен бастамалар негізгі тақырып арқауына айналды. Қазақстан Республикасы Әскери-әуе қызметінің полковнигі Айдын Ақанұлы солтүстікқазақстандықтарды Ұлыстың Ұлы күні – әз Наурыз мерекесімен құттықтап, бейбіт өмір, тату-тәтті бірлік тіледі. Ғарышта болған онкүндік сапарына қатысты қойылған сауалдарға жауап қайтарып, ғарыш саласын дамытуға мемлекет тарапынан ұдайы көңіл бөлініп келе жатқанын жеткізді.
Аграршылармен, спортшылармен, студент жастармен өткен кездесулер де тағылымға толы болды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.