*Әлихан Бөкейхан – 150
барша ұрпағы бас қосқан алқалы жиында талқыланды
Алматыдағы Ұлттық кітапхананың Көрмелер залында мемлекет қайраткері, XX ғасырдың бас кезінде «Алаш» қозғалысының негізін қалаушы және жетекшісі Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толуына орай еске алу кеші болып өтті. Кеште ғалым, әлихантанушы Сұлтан Хан Аққұлының «Әлихан Бөкейхан» атты ағылшын, орыс, қазақ тілдерінде жинақталған зерттеу кітабының тұсауы кесілді.
Іс-шара аясында Ұлттық кітапхана қорынан «Әлихан Бөкейхан» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрме сөрелеріне 1904 жылы Санкт-Петербургте басылып шыққан көп томдық «Новый энциклопедический словарь» және Алаш қайраткерінің басқа да аудармалары, сирек кездесетін қолжазбалар қойылды.
Алқалы отырыстағы пікіралмасуда кітап авторының сөзін қостаған жазушы Бейбіт Қойшыбаев, ғалым Болатбек Нәсенов және басқа шешендер Әлихан Бөкейханның ғажайып еңбектері туралы толғана сөйлеп, оның өлмес мұрасын зерттеу мен баға беру ісі әлі де жалғаса беретінін ортаға салды.
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан – қазақтың ақырғы хандарының бірі Бөкейден тараған ұрпақтың төртінші буыны, Бөкей ханның шөпшегі. 1890-1894 жылдары Санкт-Петербургтегі Орман институтының экономика факультетінде оқып, осы жылдары ол студенттік қозғалыстарға белсенді түрде араласып, әсіресе, солшылдардың көзқарасына бейім болды. Ресей жандармерия басқармасының назарына алғаш рет студенттік жылдары-ақ ілігіп, «саяси сенімсіздердің» қара тізіміне алынды. Әлихан Бөкейхан бұл тізімнен патша өкіметі күйреп, Кеңес өкіметі орнаған жылдары да – 1937 жылдың қыркүйегінде «халық жауы» таңбасы басылып атылып кеткенге дейін де шыққан жоқ. 1905 жылы Семей облысы қазақтарының атынан 1-ші Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланды. 1906 жылы Омбыдан орыс тілінде шығатын кадеттік «Дала дауысы», «Омбылық» және «Ертіс» газеттерінде, 1908 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген меньшевиктік «Жолдас», кадеттік «Тіл», «Сөз» газеттерінде редакторлық қызмет атқарды. Сол жылы Самараға жер аударылып, 1909-1917 жылдары «Дон егіншілік банкі» бөлімшесінде жұмыс істеді. Ал 1911-1914 жылдары «Қазақ» газетін ұйымдастыруда және оның жалпы ұлттық деңгейге көтерілуіне зор еңбек сіңірді. 1917 жылы Бүкілқазақтық құрылтайда Алаш автономиясы жарияланып, Әлихан Бөкейхан сол алғашқы Қазақ республикасының тұңғыш төрағасы болып сайланды. Осы жылдары «Жаңа энциклопедиялық сөздіктің» 4-21 томдарына автор ретінде қатысты. Тарих саласындағы жазып қалдырған елеулі мұралары – «Исторические судьбы Киргизского края и культурные его успехи», «Киргизы» атты монографиялары Санкт-Петербургте жарық көрді.
Ол 1926 жылы екі рет тұтқындалып, Мәскеуге жер аударылды, Әлекеңнің зор беделінен қорыққан большевиктер үкіметі оны Қазақстанға жолатпады. 1937 жылы жалған жаламен 67 жасында Мәскеуде ату жазасына кесілді. Ал 1989 жылы мамырда КСРО Жоғарғы сотының қаулысы бойынша әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан ақталды.
Мерейтойлық кеште туғанына 150 жыл толған Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханның болашақты меңзегенмен орындалмай қалған нақты мақсаты пен ізгі жоспары бүгінгі ұрпақтың көзайымы деген тұжырым жасалды. Ұлы тұлғаның кім болғаны туралы тарихи шындықты жас ұрпақтың жадына үнемі құйып отыру да парызды міндет.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.