Жоспарлы экономика заманында Қазақстанда шаруашылығы өркендеген көптеген кеңшарлар мен ұжымшарлар болды. Олардың қатарына бұрынғы Семей облысы, қала берді республикаға белгілі табысты жұмыс істеген «Шалабай» атты кеңшар да кіретін. Ал оның атын шығарған қазақтың ақбас тұқымды сиырлары еді.
Алайда, 90-жылдардың басындағы нарықтық қатынастарға көшкен өтпелі кезеңде, ауылда да меншікті мемлекет иелігінен алып, жекешелендіру науқаны жүргізілгенде аяғында нық тұрған талай шаруашылықтар бұрынғы жағдайынан айырылып, тұралап қалғаны белгілі. Мұндай хал алдыңғылар қатарында жүретін біз айтып отырған шаруашылықтың басына келеді деп кім ойлаған. Өзім кезінде жұмыс бабымен «Шалабайда» бірнеше рет болып, тыныс-тіршілігін көзбен көрген адаммын. Ал кейінгі жағдайын ел-жұрттан естіп, шет жағасын ақпарат көздерінен біліп жүргенмен, өткен жылдың тамызында онда жол түскенде соның байыбына жеткендей болдым.
Шалабайда өсірілген «қазақтың ақбас сиыры» атты етті бағыттағы ірі қара мал тұқымы сол заманда кеңінен тарап, Кеңес Одағы бойынша саны 1 млн. бастан асып, барлық етті бағыттағы мал тұқымдары арасындағы үлесі 66%-ды құраған еді. Онымен қатар, бұл алғашқы шығарылған отандық етті ірі қара мал тұқымы болатын. Қазақтың ақбас тұқымды сиырлары өзінің конституциялық-биологиялық қасиеттері бойынша қатаң климаттық жағдайларға аса бейімделген және жоғары ет өнімділігімен ерекшеленетін бірегей тұқым. Жылдам бейімделгіштік қасиеттері арқасында оны Қазақстанның барлық аймақтарында өсірсе, ал Ресейде көптеген асыл тұқымды мал өсіру зауыттары онымен жұмыс істеді.
Осы мал түрінің тұқым болып қалыптасып, еліміздегі ет өндірісінің дамуына сүбелі үлес қосуы тарихында «Шалабай» аталған шаруашылықтың да алатын орны ерекше екендігін айтпасқа болмайды. Ол үшін «Шалабайдың» тарихына көз жүгіртсек, ондағы мал шаруашылығының даму бастауы ХІХ ғасырдың 90-жылдарынан бастап Ресей шаруаларының Сібір мен Қазақстанға жаппай қоныс аударыла бастаған кезеңге кететінін байқаймыз. Сол заманда өсірілген жергілікті қазақ сиырлары қатаң континентальды климаттық жағдайға, жайылымдық бағуға тез бейімделгіштігімен ерекшеленді, бірақ өнімділіктері төмен болатын. Жергілікті мал басының қалыптасуына қоныстанушылардың өздерімен ала келген жақсы сүттілікке ие сиырлары белгілі бір әсерін тигізді.
Асыл тұқымды мал өсіретін орынның 1918-1919 жылдарға дейін жүргізген мал тұқымдарын асылдандыруға қатысты барлық жұмыстары малдың осы аталған сапаларын жоғарылатуға арналып, 1930 жылға дейін «Шалабай» мемлекеттік асыл тұқымды мал өсіру орны «Семей губерниялық тәжірибелік мал шаруашылығы стансасы» деген атпен жұмыс істеп келді. Онда жақсартылған жергілікті сиыр малымен қатар желісті асыл тұқымды жылқыларды және қойларды өсіру жұмыстары да жүргізілді.
1949 жылы КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігінің арнайы комиссиясы осы жерде өсіріліп жатқан жануарларды өзіндік жеке бір тұқым ретінде мойындап, КСРО үкіметінің жарлығымен жаңа тұқымның, қазақтың ақбас тұқымының отаны және туған жері ретінде «Шалабай» мал тұқымын асылдандыру зауыты анықталып және жаңа тұқымға арналған көрсеткіштер стандарты «Шалабай» мал тұқымын асылдандыру зауытынан алынған. КСРО үкіметі 1950 жылдың мамырында оған «Қазақтың ақ бас сиыры» деген атау беріп, жаңа тұқымды ресми бекітеді.
Осы жаңа тұқымды шығарумен «Шалабай» мал тұқымын асылдандыру кеңшарының үлкен ұжымының және ғылыми мекемелердің жергілікті малдың сапасын барынша жоғары талаптарымен сәйкес келетіндей етіп жақсартуға бағытталған ұзақ та, көп еңбекті қажет ететін жұмысы аяғына жетті.
Ал асыл тұқымды малдарды шаруашылықтарға сату мал тұқымын асылдандырумен шұғылданатын кеңшарлар мен фермалар желісін кеңейтуге мүмкіндік тудырды. Осы жылдар ішінде «Шалабай» асыл тұқымды малдарды өндіруші шаруашылыққа айналып, одан тараған мал тұқымы пайдаланған Семей облысының «Шегелек», «Скотовод», «Мыңбұлақ», «Большевик», «КПСС 25 съезі атындағы», «Көкпекті» кеңшарлары және Шығыс Қазақстан облысының «Багратионовский» кеңшары құрылды. Бұлардың барлығы «Шалабай» мал тұқымын асылдандыру зауытының еншілес шаруашылықтары болып табылды.
Нарық келгенде ауыл шаруашылығындағы реформалар «Шалабайды» да айналып өтпеді. 1991 жылдан шаруашылық құлдырай бастады, асыл тұқымды ірі қара мал ешкімге қажет болмай қалды. Мемлекет тарапынан дотациялар тоқтап қалды да, барлық мал етке өткізілді. Ал 1996 жылы кеңшар таратылды. Қалған 780 бас асыл тұқымды мал қайтадан құрылған шаруа қожалықтарына таратылып берілді, олар әрі қарай шаруашылық қажеттеріне жұмсалатын тауарлық мал ретінде пайдаланылды.
Дегенмен, кезінде атағы дүркіреген шаруашылықтың құрып кету жағдайына бейжай қарамайтын азамат табылды. Ол мамандығы мұғалім, ауылдағы Н.Крупская атындағы мектептің бұрынғы директоры Сүлейменов Қуаныш Серікқазұлы болатын. Шалабайда туып өскен, шаруашылықтың жағдайына көптен қанық, елжанды азамат 2004 жылы кезінде Мемлекеттік кірістер және қаржы министрі қызметтерін атқарған, «Қазақстан инвестициялық қоры» АҚ президенті З.Кәкімжановтың «Экспресс-К» газетінде жарияланған сұхбатын оқыған соң ойға қалып, «Шалабай» мал тұқымын асылдандыру зауытының бұрынғы атағын қайта қалпына келтіруге қол ұшын беруін сұрап хат жазады. З.Кәкімжановтың бұл жағдайды терең түсініп, жанашырлық танытуының арқасында 2005 жылдың қараша айында «Шалабай» ЖШС заңды мәртебе алады.
Ал жаңа шаруашылық тізгінін оны жаңғыртудың бастамашысы болып, ұйымдастыру іс-шараларының басы қасында болған Қуаныш Сүлейменов қолына алды. Міне, жауапкершілігі үлкен осы шаруаны жолға қоюда ол өзінің нағыз менеджерлік, іскерлік қабілетін, табандылығын көрсете білді. Арнайы білімнің де қажеттілігін сезіне білген жаңашыл азамат Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің аграрлық факультетінде «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру» мамандығы бойынша білім алып, сырттай оқып бітіреді. Жаңа басшы бірінші кезекте бұрынғы асыл тұқымды ірі қара мал шаруашылығын қалпына келтіруді басты мақсат етіп қойды. Сол үшін білікті кадрлар, мамандардан команда жасақтады. Өндірісті тездетіп жолға қою үшін қаржы көздерін, инвестиция тартудың тиімді жолдарын іздеді.
2006 жылдың қазанында-ақ бұрынғы еншілес шаруашылығы «Багратион» шаруа қожалығынан 155 бас ірі қара мал сатылып алынған соң Шалабай» мал тұқымын асылдандыру зауытының қайта өркендеу дәуірі басталды. Келесі жылы қыркүйек айында Павлодар облысындағы тағы бір еншілес кәсіпорын болған «Галицкое» ЖШС-дан 138 бас мал сатып алынды.
Бүгінде шаруашылықта асыл тұқымды малдың есебін жүргізу жақсы жолға қойылған. Малдың әр басының шыққан тегі көрсетіледі, жаңа туған әр бұзауға паспорт ашылады. 3 жыл бойы жыл сайын асыл тұқымды өгізшелер сатылуда, олардың сапасымен жұмыс жүргізілуде: азық базасын бір жылдық, көп жылдық азық дақылдарының егумен жақсарту жоспарланып отыр. Бұл мал азығын жақсы жаққа қарай теңгеру үшін жасалады. Онда жыл сайын қосатын салмақ үлесі де артатын болады, әрі сәйкесінше өндірістің тиімділігі де жоғарылайды.
Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен бірлескен селекциялық-асылдандыру жұмыстары шеңберінде, 2010 жылы Абердин-ангусс тұқымының эмбрионы әкелініп, қазақтың ақ бас сиырларына салынды. 2011 жылы суррогатты аналықтардан Абердин-ангусс тұқымының бұзаулары алынды: 3 өгізше, 3 тайынша. 2012 жылы 3 өгізшені қазақтың ақ бас сиырларын ұрықтандыру үшін бұқа ретінде пайдалану басталды. 2013 жылдың өзінде-ақ қазақтың ақ бас сиырларының бірінші ұрпағы мен Абердин-ангусс тұқымының буданынан пайда болған алғашқы 50 бас бұзау алынды.
2013 жылы «Шалабай» ЖШС 200 бас асыл тұқымды тайыншалардың әр басы 500 000 теңгеден сатылып және 100 бас асыл тұқымды өгізшелер тірі салмағы бойынша 1 килограмы 1000 теңгеден сатылды. Ал 2015-2016 жылдары барлығы 699 асыл тұқымды мал сатылды. Ал өзім шаруашылықта болған кезде Зайсан ауданы шаруашылықтарына асыл тұқымды тайыншаларды сатып жатқанына куә болдым. Бас зоотехник бұл жолғы келісімшарт мөлшерінің сомасы 50 млн. тоннадан асып жығылатынын тілге тиек етті. Мені бір таңдандырған нәрсе, ауылдан 20 шақырымдай жерде Қызылсу өзенінің екі жақ бетіне орналасқан ірі қара мал табындарына салынған кешен. Түгелге дерлік жаңадан салынған қоражайлардың талаптарға сай келетіні, малды күтіп-бағуға, өсіруге қолайлы екендігін байқадық. Таяу жерде малды бонитировкадан өткізу үшін арнайы сатып алынған қажетті құрал-саймандармен жабдықталған қондырғы селекциялық-асылдандыру жұмыстарының нұсқаулық талаптарына сай жүргізілетінін байқатады. Тағы бір маңызды мәселе – малды күтіп бағатын адамдарға жағдай жасау. Оларға да кешенге таяу жерден үлкен үй салып беріпті. Жұмыстың ауыспалы түрі таңдалыпты, яғни бір топ 15 күн еңбек еткен соң үйіне қайтып, келесі құрам келеді. Оларды 15 күннен соң ауыстырады. Ал жағдайлары, бір сөзбен айтқанда, тамаша. Қонақ үйлердегі секілді. Бір бөлмеде 2-3 адамнан тұрады. Ағаш төсек, қажетті жиhаз, керек жарақтар. Кең асхана, теледидарды айтпағанда, бильярд та бар.
Бүгінгі күні «Шалабай» ЖШС-да 2280 ірі қара мал, 2400 бас қой мен 428 жылқы түлегі өсірілуде. Өткен жылы 50 ара омартасы сатып алынып, алғашқы өнім де алынды. Бұдан басқа 500 құс сатып алынып, шаруашылықтың осы түрін дамыту да қолға алынды. Жемшөп өндірісі мен егін шаруашылығы да даму үстінде. Жалпы, таяу болашақта шаруашылықтың бұрынғы жоғары деңгейіне жетері үшін алғышарттар жетерлік.
«Шалабай» ЖШС басшылығы өндірістік көрсеткіштерін арттырумен қатар, жылына 15 миллион теңге бөлу арқылы Шалабай ауылының әлеуметтік дамуы бойынша да орасан жұмыс атқарып отыр және оған қоса қажетті әлеуметтік нысандар тұрақты түрде салынуда.
Елімізде Шалабайдай шаруасы шалқыған ірі шаруашылықтар көп болса, ол тәжірибе басқаларға тараса, ауыл іргесі бекем болып, халыққа аса қажетті азық-түлік өндіретін ауыл шаруашылығындай стратегиялық тұрғыдан маңызды саланың келешегі жарқын болар еді деген ой, осы мақаланы жазудағы біз ұстанған мақсаттың түпқазығы болатын. Ал оның қалай өрбитіні, әлбетте, уақыт еншісіндегі жағдай. Әрине, үміт басым, сенім ақталарына сенейік.
Өмірзақ СҰЛТАНОВ,
С.Сейфуллин атындағы
Қазақ агротехникалық университетінің доценті.
Шығыс Қазақстан облысы.