• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
19 Наурыз, 2016

Қазақстан-АҚШ: Ізгі ниет, игілікті қадам

504 рет
көрсетілді

Бұған дейін хабарланғанындай, үстіміздегі жылғы 10-15 наурыз күндері Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА Америка Құрама Штаттарында жұмыс сапарымен болып, БҰҰ Әйелдер ахуалы жөніндегі комиссиясының (CSW) 60-сессиясына қатысты және сөз сөйледі. Сапар барысында АҚШ-тың ресми адамдарымен, бизнес өкілдерімен және сарапшылар қоғамдастығымен бірқатар кездесулер өткізді. Әлемдегі алпауыт мем­лекеттердің алдыңғы сапындағы Америка Құрама Штаттары Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш танып, стратегиялық серіктестікке серпін беруге ықылас танытқан іргелі елдердің санатында тұр. АҚШ 1991 жылы 25 желтоқсанда республикамыздың мемлекеттік егемендігін ресми мойындап, келесі күні екі ел арасында дип­ло­матиялық қарым-қатынас орнатылды. Осы ширек ғасырға жуық аралықта қос мемлекет ара­сында өзара тиімді сан-салалы бай­ланыстар өрге басып, страте­гиялық серіктестік жаңа деңгейге көтерілді. Бүгінгі таңда Қазақстан-АҚШ ынтымақтастығы ҚР Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ Пре­зиденті Барак Оба­маның 2010 жылы Вашинг­тондағы кез­десуінің, сондай-ақ, екі ел басшыларының 2012 жылы Сеул­де өткен Ядролық қауіп­сіздік жөнін­дегі саммитте, 2013 жылы Санкт-Петербург­тегі «Үлкен жиыр­ма­лықтың» самми­тінде, 2014 жы­лы Гаагадағы Ядролық қауіпсіз­дік жөнін­дегі саммитте, 2015 жылы Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблея­сының 70-ші сессия­сында қол жеткізген уағдалас­тықтары­ның аясында өрістеп келеді. Мем­ле­кеттер басшылары екіжақты ынты­мақтастықтың басым бағыт­­тары ретінде жаһандық және өңірлік қауіпсіздік, ядро­лық қаруды таратпау, эконо­ми­ка және сауда, энергетика, ғы­лым және технологиялар сала­­ларындағы өзара іс-қимыл, ин­вес­­ти­­циялар тарту және басқа да келе­лі мәсе­лелерді айқындап берді. Мемлекеттік хатшы штаб-пәтері Вашингтонда орналасқан «Vital Voices Global Partnership» халықаралық үкі­мет­тік емес ұйымында болды. Бұл Ұйым әлемге танымал мемлекет қайраткерлері, іскер топ өкілдері, белгілі сарапшылармен және дүниежүзіндегі 1000-нан астам үкіметтік емес ұйыммен жан-жақты әріптестікте жұмыс істейді. Ұйым 1997 жылы АҚШ Мемле­кеттік департаментінің, елдің сол кез­дегі бірінші ханымы Хиллари Клин­тон­ның және АҚШ Мемлекеттік хатшысы Мадлен Олбрайттың бастамасымен Бейжіңде өткен БҰҰ-ның Әйел­дердің 4-ші дүниежүзілік конферен­циясының қорытындысы бойынша «Демократиялық бастамалар» Vital Voices» негізінде құрылған. Ұйымның миссиясы бүкіл әлем бо­йынша ең беделді әйелдерді анықтау және көшбасшылық әлеуетін инвес­тициялау арқылы олардың жаһандық үдерістердің катализаторына айналдыру болып табылады. Гүлшара Әбдіқалықова «Жаһандық әріптестік» «Жанды дауыстар» халықаралық ұйы­мының гала-қабылдауы барысында ұйым­ның Президенті Элис Нельсонмен кездесті, сондай-ақ, құрметті «Жаһан­дық көшбасшылық үшін марапат» сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты. Екіжақты басым бағыттарды ілгері­лету шеңберінде Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова АҚШ-қа жұмыс сапарында Азаматтық қауіпсіздік, демократия және адам құқықтары жөніндегі мәселелер бойынша АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысының орынбасары Сара Сьюэллмен кездесті. Өзара кездесуде Мемлекеттік хатшы биылғы жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелейтінін атап өтіп, осы белесте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп келе жатқан сындарлы саясатының нәтижесінде егемен еліміздің қол жеткізген табыс­тарына кеңінен тоқталды. Ширек ғасыр ішінде республика табысты экономика, орнықты саяси әрі әлеуметтік жүйені қалыптастырды. Сонымен қатар, осы жылы екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына да 25 жыл толып отыр. Гүлшара Әбдіқалықова тараптардың қарусыздандыру және қаруды таратпау, демократиялық тректе, энергетикалық, сауда-экономикалық, гуманитарлық ынтымақтастық және басқа да барлық жетекші салалардағы стратегиялық серіктестіктің маңыздылығына назар аударды. Сапар аясында Мемлекеттік хатшы АҚШ-тың жетекші ғылыми-зерт­теу институттарының бірі – Вудро Виль­сон атындағы Халықаралық ғылы­ми орталықта болды. Бұл орталық аталған елдің 28-ші Президенті Вудро Виль­сонның құрметіне қойылған ресми ұлттық мемориалдық ескерткіш ретінде 1968 жылы АҚШ Конгресімен тағайын­далған. Ғылыми-зерттеу институты әлемдегі ықпалды сараптамалық-талдау орталықтарының алғашқы ондығына кіреді, АҚШ-тың рейтингінде сол елдегі ең мықты сараптау мекемелерінің бестігінде тұр. Орталықтың мақсаты – «идеялар әлемі мен саясат әлемі» арасында байланыстар орнатуға негізделген Вудро Вильсонның идеялық мұраларын есте қалдыру, мемлекеттік саясат және халықаралық қарым-қатынастар салаларындағы ғалымдар мен тәжірибелі мамандардың ынтымақтастығын орнықтыру болып табылады. Мемлекеттік хатшы әуелі ха­лық­аралық ғылыми орталықтың Кеннан институтының директоры Мэтью Род­жанскимен кездесіп, Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық даму, жаңғырту және реформалардың өзекті мәселелерін тілге тиек етті. Әңгімелесу кезінде еліміздің түпкілікті мақсаты бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттің және қоғамның ұзақ мерзімді дамуымен өзектесіп жатқаны айтылды. Мем­лекеттік хатшы Орталықта сөйлеген сөзінде Қазақстандағы жалпыұлт­тық бірлікті, ұлтаралық және конфес­сия­аралық келісімді нығайту, сондай-ақ, «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде шетелде қазақстандық мамандарды даярлау мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды. Америкалық 100-ден астам сарапшы, академиялық және қоғамдық топтардың өкілдері, сондай-ақ, Вашингтон университеттерінің студенттері қатысқан іс-шара барысында Гүлшара Әбдіқалықова тыңдаушы аудиторияның Қазақстан Үкіметінің әйелдердің экономикалық және саяси мүмкіндіктерін кеңейту бойынша жұмсап отырған күш-жігері туралы және басқа да мәселелер бойынша қойылған көптеген сауалдарына жауап берді. Сол күні Мемлекеттік хатшы Бүкіләлемдік банктің Жаһандық практика жөніндегі вице-президентінің офисі бағдарламасының үйлестірушісі Ш.Аккаямен кездесті. Қазақстан әлемдегі аталған ең ірі қаржы институтымен 1992 жылдан бері тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді. Еліміздің экономикалық ілгері дамуы мен оң инвестициялық ахуалын бағалаған Бүкіләлемдік банк таяуда ғана Қазақстан Үкіметімен арада еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ашуды ынталандыру жөніндегі жобаны іске қосты. Іргелі жобаны іске асыруға қаржы институты 100 млн. АҚШ долларын бөлсе, республикалық бюджеттен 37 млн. доллар қаражат қарастырылмақ. Сонымен бірге, АҚШ-тың іскер топтарымен өткен түскі жұмыс асында Мемлекеттік хатшы Қазақстан басшысы ұсынған Ұлт Жоспарын іске асырудың мән-маңызы туралы әңгімеледі. Статистикаға жүгінсек, соңғы 10 жылда Қазақстан 212 млрд. доллар тікелей инвестиция тартса, соның 22 млрд. доллары АҚШ-тың үлесіне тиеді. Тәуелсіздік жылдарында америкалық «Шеврон», «Дженерал Электрик», «Эксон-Мобил», «Ханейуелл» және басқа да ірі компания­лар түрлі салалар бойынша өз инвестицияларын салып, ел экономикасының ілгері басуына ықпал етті. Гүлшара Әбдіқалықова америкалық компаниялардың еліміздің ұзақ мерзімді экономикалық дамуына қосып жатқан үлесіне ризашылығын білдіріп, Мемлекет басшысы белгілеп берген бес институттық реформаның шеңберінде шетелдік инвесторларға одан әрі де оң инвестициялық климат қалыптасатыны, салықтық жеңілдіктер ұсынылатыны жайында айтты. Мемлекеттік хатшы экономиканың жаңа, заманауи салаларына қолдау көрсетудегі ниетімізді және экономикамыздың басты секторларына инвестиция салу арқылы Қазақстанның тұрақты экономикалық дамуына қатысуға шақыратынын атап өтті. Америкалық бизнес өкілдері Жоғары білікті кадрлар даярлауға бағытталған президенттік «Болашақ» халықаралық бағдарламасын іске асыру шеңберінде жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстарға баға беріп, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысуға ықылас танытты. Мемлекеттік хатшы, сондай-ақ, «Болашақ» бағдарламасының стипен­диат студенттерімен кездесуінде мем­ле­кетіміздегі құрылымдық рефор­малардың барысына, жұмыспен қамту арқылы жастарды қолдау шараларына, лайықты білім беру, тұрғын үймен қамтамасыз ету, іскерлік белсен­ділікті дамыту мәселелеріне тоқталды. Кездесуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың ұйғарымымен 1994 жылдан бері іске асырылып келе жатқан «Бола­шақ» бағдарламасы аясында 22 жылда 11 мыңнан астам стипендия тағайын­далғаны, 8 мыңнан аса маман даярлан­ғаны атап көрсетіліп, бүгінде олардың Қазақстанның қарыштап дамуына лайықты үлес қосып жатқаны және зияткер ұлт қалыптастырудың авангардына айналғаны сөз болды. Жаһандық әйелдер мәселелері жөнін­дегі АҚШ елшісі Кэтрин Расселмен кездесуде Гүлшара Әбдіқалықова екіжақты және көпжақты ынтымақтастық мәсе­лелерін талқылап, АҚШ тарабын Елбасы ұсынған бес институттық реформаларды жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының негіз­гі ережелерімен таныстырды. Тарап­тар әйелдердің құқықтары мен мүмкін­діктерін кеңейту жөніндегі ұлттық іс-қимыл жоспарын әзірлеу тәжірибесін зерделеу мүмкіндіктерін қарастыруға уағдаласты. Әйелдердің жаһандық саммитінің президенті А.Нативидадпен кездесуде әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге қатысты күш-жігерді біріктіру, сондай-ақ, жұмыс атауы «Әйелдер – болашақтың энергиясы» деп аталатын ЭКСПО-2017 аясында Әйелдер форумын өткізу келешегін талқылады. Гүлшара Әбдіқалықованың АҚШ-тағы жұмыс сапары Нью-Йоркте жалғасып, осында өткен БҰҰ Әйелдер ахуалы жөніндегі комиссияның 60-сессиясына қатысты. Жаһандық деңгейдегі жиында Мемлекеттік хатшы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселесі бо­йынша келелі баяндама жасады. Гендерлік теңдік және әйелдер ахуалын жақсарту мәселелері БҰҰ үшін жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Ұлттар Ұйымының Орнықты даму мақсаттарын әзірлеу барысында Қазақстан әйелдердің мүдделері бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізудің дербес мақсатын бекітуде белсенді іс-қимыл танытты. Баяндама барысында Гүлшара Әбдіқалықова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында Орнықты даму мақсаттарын қаржыландыру жөніндегі Арнайы қорға БҰҰ-ға мүше әрбір ел өзінің қорғаныс бюджетіне бөлінген қаражаттың 1%-ын бөлу жөнінде бас­тама көтергенін атап айтты. Мемлекеттік хатшы биыл ел Тәуел­сіздігіне 25 жыл толатынын, осы бе­рекелі белесте біздің елімізде 100-ден астам этностың, 17 діни конфессияның өкілдері бейбіт тірлікте өмір сүріп жатқанын айрықша атап көрсетті. Нәсіліне, ұлтына және дініне қарамай, аза­мат­тардың тең құқылығын қамтама­сыз етуге бағытталған заңдар жүйелі жұмыс істеуде. Мемлекеттік хатшы баяндамасында гендерлік теңдікті қамтамасыз етуде ең әуелі институттық база құрылғанын жеткізді. Мәселен, гендерлік теңдік саласындағы 12 халық­аралық шектемелі құжаттар ратифи­кацияланды. Бүгінде билік пен аза­маттық қоғам, халықаралық ұйымдар арасындағы үнқатысудың берік тұғыр­намасына айналған Президент жанын­дағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия тұрақты жұмыс істеуде. Елімізде Гендерлік теңдік стратегиясы қабылданды. Республикамызда гендерлік саясат мәселелері «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкін­діктерінің кепілдіктері туралы» және «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңдармен реттеледі. Екіншіден, әйелдердің сая­си, экономикалық және әлеуметтік құ­қықтары мен мүмкіндіктері кеңей­тілуде. Әйелдерді саяси жағынан ілгерілетуде Парламенттегі депуттардың жалпы үлесінің 20%-ын әйелдер құрап отыр. Әйелдер азаматтық қоғамды дамыту ісіне белсене атсалысуда. Қазіргі уа­қытта республикамызда 300-дей ҮЕҰ әйелдердің құқықтары мен мүмкін­діктерін кеңейту қызметімен айналысуда. Әйелдер көшбасшылығы мектеп­терінің желілері құрылып, барлық өңірде «Саясаткер әйелдер клубы» игілікті жұмыс жүргізеді. Еліміздегі шағын және орта бизнес субъектілерінің 42%-дан астамын әйелдер басқарады. Сонымен бірге, ана мен баланың денсаулығын қорғау мемлекеттік саясаттың басымдығы болып табылады. Соңғы 5 жылда Қазақстан ана мен бала өлімін екі есеге қысқартуға қол жеткізді. Білім саласы бойынша елімізде мектеп мұғалімдерінің 81%-ын қыз-келіншектер құрайды. Бүгінде жоғары оқу орындарында білім алатын жастардың 55%-дан астамы қыздар. Әйелдерге қарсы зомбылықтың алдын алу мақсатында елімізде 28 дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Соның нәтижесінде 2015 жылы Қазақстан Бүкіләлемдік экономикалық форумның Гендерлік теңдіктің Жаһандық рейтингінде 47-ші орынды иеленді. Мемлекеттік хатшы Қазақстан Республикасында гендерлік саясаттың өзіндік үлгісі қалыптасқанын жеткізді. Бұл үлгі ұлттық ерекшеліктер ескеріле отырып халықаралық тәжірибелердің негізінде қалыптасты және гендерлік теңдікке қол жеткізу, әйелдер мен қыз балалардың құқықтарын қорғау мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Баяндамада, сондай-ақ, гендерлік теңдік және әйелдердің ахуалын жақсарту мәселелері бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту, тұрақты даму, кедейшілікті жою және адам құқықтарын қорғау сияқты БҰҰ Жаһандық күн тәртібінің негізгі мәселелерімен тығыз байланысты екендігі айтылды. Гүлшара Әбдіқалықова баянда­ма­сының соңында бірқатар ұсыныстарды ортаға салды. Атап айтқанда, терроризм қатерінен әйелдерді қорғау жөніндегі халықаралық жоба әзірлеуді, мигранттың халықаралық этикасын дайындауды ұсынды. Сонымен бірге, келесі жылы Астанада өтетін ЭКСПО халықаралық көрмесіне және осы ұлттық жоба шеңберінде ұйымдастырылатын «Әйелдер – болашақ энергиясы» атты халықаралық форумға қатысуға шақырды. БҰҰ деңгейіндегі алқалы басқосу барысында Гүлшара Әбдіқалықова Америка мемлекеттері ұйымының (АМҰ) Әйелдер жөніндегі америкааралық комиссиясының Атқарушы хатшысы, елші Кармен Мореномен кездесті. Тараптар әйелдердің азаматтық, сая­си, экономикалық, әлеуметтік және мәдени салаларға толық әрі тең дәрежеде қатысуы мен өкілеттілігін қамтамасыз ету жөніндегі мәселелерді жан-жақты талқылады. Мемлекеттік хатшы Қазақстанның Солтүстік және Оңтүстік Америкадағы әйел құқықтары және гендерлік теңдікке қатысты саясатты тұжырымдау мен талқылау үшін басты алаң болып табылатын АМҰ-мен ынтымақтастыққа үлкен мән беретінін атап көрсетті. Сессия шеңберінде «Қазақстанның ген­дерлік және отбасылық-демо­гра­фиялық саясаты: өсім, реформалар, даму» тақырыбында министрліктің түскі жұмыс асы өтті. Гүлшара Әбдіқалықова аталған жиында сөйлеген сөзінде тарихи деректерде Орталық Азия халықтарында әйелдер қауымының рөлі ерекше болғанын, оған әйгілі Зарина мен Тұмар ханымдардың асқан ерліктері дәлел бола алатынын айтты. Жарыссөздерде ОАР, Зимбабве, Либерия, Тунис, Иордания, Түрік­менстан, Тәжікстан, Польша, Панама, Саль­вадор, Тринидат және Табаго, Параг­вай және басқа да елдердің делегация­лары қатысты. Іс-шаралар барысында Қазақстандағы гендерлік және отбасылық-демографиялық саясат­тың, сондай-ақ, экономикалық мүмкін­діктерді кеңейту және ауылдық аймақ­тардағы әйелдердің денсаулығын қорғау мәселелері жан-жақты талқыланды. Сессия барысында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Әйелдер құрылымының атқарушы директоры Фумзиле Мламбо-Нгкукамен кездесуі өтті. Аталған құрылым 2006 жылы БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның ұсынысы бойынша жа­сақ­талды. Тараптар Қазақстанның әйел­дер мен қыздардың құқықтарын қор­ғау мен мүмкіндіктерін кеңейту сала­сындағы халықаралық міндеттерді орындауы жайын талқылады. Г.Әбдіқалықова тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанның әйел құқықтарын қорғау саласындағы өзгерістеріне бүгінгі күні жетекші халықаралық сарапшылардың оң баға бергенін атады. АҚШ-қа жасаған жұмыс сапарының соңында Мемлекеттік хатшы Гүл­шара Әбдіқалықова БҰҰ Даму бағ­дар­ламаларының әкімшісі Хелен Кларкпен кездесті. Мемлекеттік хатшы 2016-2020 жылдарға ҚР мен БҰҰ ДБ арасында жаңа шектелмелі бағдарламаның қол қойылғанын айтып, орнықты дамудың мақсаттарына жетуге және оны жүзеге асыруға жәрдем көрсеткені үшін алғыс білдірді. Гүлшара Әбдіқалықова Хелен Кларкты кедейшілікті және жұмыс­сыздықты төмендетуге, әйелдерді инфра­құрылымдық жобаларды жүзеге асы­руға тартуға бағытталған «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық бағдарла­масының мүмкіндіктерімен таныстыр­ды. Мемлекеттік хатшы Нью-Йорктеге БҰҰ Даму бағдарламаларында қазақ­стан­дық әйелдердің болу өкілеттілігіне мүдделілік танытты. Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбді­қа­лықова сапарының соңында БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кезде­сіп, әлемнің басты халықаралық ұйымы­ның Қазақстанмен арада қалыптас­қан тығыз қарым-қатынасын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жоғары баға­лай­тынын жеткізді. Соның ішінде, еліміз­дің экономикалық, әлеуметтік және институттық дамуындағы Ұлттар Ұйымы тарапынан жасалып отыр­ған жан-жақты ықпалдастығына ілти­пат білдірді. Екеуара әңгімеде респуб­ли­камыздағы гендерлік теңдік пен әйелдердің құқықтары мен мүмкін­діктерін кеңейту бағытында жасалып жатқан игілікті істер таратып айтылды. Мемлекеттік хатшының көктемнің алғашқы айында АҚШ секілді алпауыт елге жасаған жұмыс сапары осындай келелі кездесулерге, тиімді жүздесулерге толы болды. Табиғат мұхиттың арғы бетінен де тамаша мінез танытып, Гүлшара Әбдіқалықова Ақ үйдің, Мемлекеттік департаменттің, Конгресс өкілдерінің, бизнес элитаның, дипломатиялық корпустың және АҚШ-тың қоғамдық топтарының қатысуымен өтетін «Наурыз мейрамы» мерекелік кешіне қатысып, шығыс күнтізбесінде жаңа жылдың басталуымен барша қауымды құттықтап, екі ел басшылары орнатқан ынтымақтастық тамырының тереңдей беруіне тілектестігін білдірді. Гауһар ҚАСЫМЖАНОВА, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары. АСТАНА – ВАШИНГТОН –НЬЮ-ЙОРК – АСТАНА.