Алматыда шахмат академиясының жаңа бөлімшесі ашылды
Алматыда шахматтан қыздар арасындағы ең жас әрі халықаралық гроссмейстер Жансая Әбдімәлік атындағы Шахмат академиясының жаңа бөлімшесі өз есігін талантты жастарға айқара ашты. Салтанатты шараға әйгілі шахматшы, Әлемнің он екінші чемпионы Анатолий Карпов арнайы келіп қатысты.
«Әйгерім» тұрғын үй кешенінде шаңырақ көтерген аталмыш академияда қаламыздағы ең дарынды 500-ге тарта жасөспірім шахмат өнерінің қыр-сырына қанығып, халықаралық додаларға қатысуға шыңдалатын болады. Мұндай мүмкіндікті «Жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының және «Астана» Президенттік кәсіпқой спорт клубының қолдауымен «Даму» қоры мен «Capital Bank Kazakhstan» АҚ бірлесіп жүзеге асырып отыр.
Бұған дейін Жансая Әбдімәліктің Шахмат академиясы 2014 жылы Алматы қаласында ашылған болатын. Академия қызметі Қазақстанда шахмат спортын дамытуға, онымен айналысып жатқан жеткіншектердің кәсіби деңгейін көтеруге, осы салада сапалы білім беруге бағытталған. Сонымен қатар, академия өз қызметін жүзеге асыру барысында әлеуметтік жобаларды дамытуды қарастырып келеді, атап айтқанда, әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды шахмат өнеріне баулу, аутизм дертіне шалдыққан балаларға шахмат ойынын үйрету секілді қайырымды істерді тұрақты атқаруды өз міндеттеріне алған. Академия тәрбиеленушілеріне Қазақстан, Грузия, Украина елдерінің жетекші жаттықтырушылары білім береді. Қазіргі таңда шәкірттер саны 300 адамнан асып отыр. Олардың көбі республикалық турнирлер мен әлем біріншіліктерінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері.
Шахмат академиясы филиалының ашылу рәсімінде сөз алған Қазақстан Республикасы Шахмат федерациясының президенті Ғалымжан Есенов, «Capital Bank Kazakhstan» АҚ Басқарма төрағасы Ғани Өзбеков, шахматтан 12 мәрте Әлем чемпионы атанған Анатолий Карпов спорттың бұл түріне елімізде жақсы қолдау тауып отырғандығын айта келіп, көршілес елдер секілді, бізде де шахматты мектеп бағдарламасына енгізу туралы ұсыныстарын жеткізді.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.