Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Мәскеуде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық кеңесінің 69-шы отырысының жұмысына қатысты, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Іс-шара барысында экономикалық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, ТМД Экономикалық кеңесінің мүшелері Шартқа қатысушы мемлекеттер арасындағы еркін сауда аймағы, мемлекеттік сатып алуларды реттеу ережелері мен процедуралары туралы келісім хаттамасының, Электр энергетикасы нысандарындағы апаттар туралы ақпарат алмасу туралы келісімнің, ТМД мемлекеттері ынтымақтастығының химия өнеркәсібі саласындағы тұжырымдамасының жобаларын талқылады.
Мұның сыртында отырысқа қатысушылар ТМД мемлекеттерінің атом энергиясын бейбіт мақсаттарда пайдалану саласындағы ядролық және радиациялық қауіпсіздігі тұжырымдамасын жүзеге асыру жөніндегі бірінші кезекті іс-шаралар жоспарын, сондай-ақ, Достастық мемлекеттерінің 2016-2020 жылдары жер қойнауын барлау, пайдалану және қорғау жөніндегі бірлескен жұмыстарының перспективалы жоспарын талқылады. Аталған құжаттар елдердің энергетика және геологиялық барлау саласындағы ынтымақтастығын кеңейте түсуге бағытталған.
Кеңес мүшелері, сондай-ақ, ТМД-ға мүше мемлекеттердің 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған мемлекетаралық инновациялық ынтымақтастық бағдарламасын жүзеге асыру барысымен де танысты.