Кеше миллиондаған қазақстандық азаматтардың қатарында ел билігінің жоғарғы сатысында қызмет етіп жүрген тұлғалар да Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауына бір кісідей қатысып, өздерінің дауыстарын берді. Олар өздері дауыс беруге тиісті сайлау учаскелеріне ерте келушілер қатарынан табылды.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов сағат таңғы 9:05-те Астанадағы М. Горький атындағы орыс драма театры ғимаратында орналасқан № 99 сайлау учаскесіне келді. Үкімет басшысы мұнда Парламент Мәжілісімен бірге қалалық мәслихат депутаттығына кандидатқа да өзінің дауысын берді.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы «Конгресс-холл» сарайына орналасқан № 100 сайлау учаскесіне келді. Ол Парламент Мәжілісі мен қалалық мәслихат депутаттығына дауыс беріп шыққаннан кейін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті.
«Əлемдегі тұрақсыздық жағдайында Қазақстан өзінің сайлауын өткізе отырып, тағы бір тарихи оқиғаның куəсі болып отыр, – деді спикер өзінің сөзінде. – Елімізде ұстанған сарабдал саясаттың арқасында бәрімізде тұрақтылық пен болашаққа деген нық сенім бар. Сондықтан, менің ойымша, осы сайлау арқылы Қазақстан бүкіл əлемге байсалдылығын танытады. Ендеше, бүгінгі сайлаудың əділ де ашық өтетініне күмəн жоқ».
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова сайлауда дауыс беру үшін Астанадағы №89 сайлау учаскесіне келді.
«Бүгін бізде өте маңызды саяси оқиға болып жатыр. Өйткені, еліміздің жоғарғы заң шығарушы органы – Парламент пен мәслихат депутаттарының сайлауы жүруде. Сонымен қатар, алдымызда жаңару мерекесі – Наурыз мейрамы келеді. Сондықтан да көңіл-күйіміз керемет. Біз сайлауда дауыс беру арқылы, түптеп келгенде, өз болашағымыз бен тұрақтылығымыз үшін дауыс беріп отырмыз», – деді Г.Әбдіқалықова.
Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихатқа сайлау көпшілік облыста Астана уақыты бойынша сағат 07:00-де басталды. Батыстағы Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары бөлек сағаттық белдеулерде орналасқандықтан, мұндағы сайлау учаскелері басқа облыстардан бір сағат кейінге, Астана уақытымен сағат 08:00-де сөреден шықты.
Парламент сайлауына 10 миллионға жуық, мәслихат сайлауына 18 миллионнан астам бюллетень таратылған. Сайлаушылар саны 9,7 миллион адамнан асып отыр.
«Егемен-ақпарат».