Сарабдал саясаттың салтанаты
Кеше Астананың төріндегі «Сарыарқа» велотрегінде «Нұр Отан» партиясының парламенттік сайлаудағы жеңісіне арналған «Бірлік! Тұрақтылық! Жасампаздық!» ұраны аясында жеңімпаздар форумы болып өтті. Кеше ертеңгілік Орталық сайлау комиссиясы Парламент Мәжілісі сайлауының алдын ала нәтижелерін жария етті. Оның қорытындысы бойынша, «Нұр Отан» партиясына – 82,15, Қазақстан Коммунистік халық партиясына – 7,14, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясына – 7,18, «Бірлік» саяси партиясына – 0,29, Жалпыұлттық социал-демократиялық партияға – 1,18, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясына 2 пайыз сайлаушылардың дауысы берілген. Сөйтіп, билік партиясы – «Нұр Отанның» тағы да жеңіске жеткенінен қалың жұрт хабардар болды. «Сарыарқада» бас қосқан нұротандық қолдаушылар нағыз мерекелік көңіл күйде екені көзге ұрып тұрды. Велотректің белін қайыстырған қалың қауымның желпінісі желдей еседі. Жал-жал толқын тәрізді сол жақ сектордан басталған әдемі қимылды іле-шала басқа сектордағылар әсерлі түрде іліп ала жөнеледі. Жалаушалар ұстаған жастардың жігермен атқарылған қимыл-әрекетінің әсері соншалық, айналасындағыларға да ерекше қуат бітіріп, жеңіс рухын сыйлайды. Жеңімпаздар форумының тынысы әуелі отандық эстрада әншілерінің әуезді әуендерімен айшықталды. Нұротандық үміткерлердің санатында тізімге енген Қайрат Нұртастың сахнаға шығуы партия қолдаушылары тарапынан ерекше ықылас туғызды. Астана туралы әнімен жұртшылықты баурап алды. Қайраттан кейін «Ризамын мен» деп ән шырқаған Жанар Доғалованың өзі де форум қатысушыларының ризашылығына бөленді. Одан кейін жеңіс желпінісіне жігер қосқан «Алашұлы» мен «Формат» топтары шырқаған әндер де жеңімпаздар форумының көрігін қыздыра түсті. Әншілердің асқақ әуеніне арқаланған сәттен кейін сахнаға «Нұр Отан» партиясының Парламент Мәжілісінің сайлау додасында жеңіске жеткен жеңімпаздары, партияның сайлауалды штабының мүшелері көтерілді. Сахна төріндегі елге танымал тұлғаларды алып экраннан көрсеткен сайын жиналған жұрт бір дуылдасып қалады. Әсіресе, жастар жағы әйгілі спортшылар Серік Сәпиев, Илья Ильин, Александр Винокуров пен әншілер Қайрат Нұртас, Жанар Доғалованы көргенде ықыласпен қол соғып жатты. Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевты жеңімпаздар форумына қатысушылар айрықша қошеметпен қарсы алды. Мемлекет басшысы партияның қолдаушыларын жеңісімен құттықтады. Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзінде қазіргідей аласапыран заманда біздің еліміздегідей ауызбіршілікті ешбір ел, ешбір халық көрсетіп отырмағандығана, қазақстандықтардың басты ерекшелігі де осында екендігіне тоқталды. «Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында 60 мемлекет пен Қазақстанның өз байқаушылары, сондай-ақ, 200-ден астам БАҚ өкілдері, дүниежүзінің ақпарат құралдарының орталықтары біздің сайлауымызды демократияның шыңында деп айтты. Бұл – біздің жетістігіміз. Қазақстан бұдан былай өзінің шынайы демократиялы ел екенін, осындай ашық, заңды түрде сайлау өткізетінін және көппартиялық болатынын бүкіл әлемге дәлелдеді. Міне, біздің жетістігіміздің ең үлкені осы», – деп атап өтті Мемлекет басшысы. Елбасы кешегі өткен сайлаудың орны бөлек екендігін, оның елдің болашақ жеңістеріне бастау болатындығын атап көрсетті. «Сайлауға қатысу көрсеткіші 77 пайыздан асты, қазақстандықтардың 82 пайызы «Нұр Отан» партиясына дауыс берді. Бұл – еліміз үшін рекордтық көрсеткіш. Біз бүкіл әлемге республикамызда ашық, айқын әрі әділ сайлау өтіп жатқанын, соның нәтижесінде Парламентте көппартиялы жүйе жұмыс істейтінін паш еттік. Сайлаудың өту барысын жан-жақты жазып-жариялап, әлемдік қоғамдастыққа көрсеткен шетелдік және қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне алғыс айтамын. Бұл – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығында қол жеткен зор демократиялық жетістігіміз. Осыған байланысты республикалық және өңірлік штаб мүшелеріне, әрбір сайлаушыға саясатымызды түсіндірген және жұртты бірлік пен болашақ табыстарға жігерлендірген сайлау алдындағы жұмысқа қатысушылардың барлығына алғыс білдіремін. Біздің ұстанған бағытымызды қолдағаны үшін барлық қазақстандықтарға рахмет. Біз біртұтас екенімізді, кез келген қиындықты еңсеріп, Қазақстанды гүлденген елге айналдыра алатынымызды көрсеттік», – деді Мемлекет басшысы. Ел Президенті өз сөзінде партияның қол жеткізген жеңісінің салмақты жауапкершілігі бар екеніне де тоқталды. Нұрсұлтан Әбішұлының: «Нұр Отан» партиясының жеңісі – халқымыздың жеңісі. Сайлауда бұрын-соңды болмаған белсенділік байқалды, 77 пайыздан астам сайлаушы келіп, 82 пайызы «Нұр Отанға» дауыс берді. Бұл деген – үлкен қолдау, сенім, осы сенімді ақтау үшін жұмыс істеуіміз керек», – дегені осыны айғақтай түседі. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев сайлауға белсене қатысып, «Нұр Отанға» қолдау білдірген жастарға алғысын білдіре отырып, оларға баталы тілегін білдірді. «Мен болашақ ұрпаққа халқымыздың бірлігі мен тұтастығын сақтауды аманаттаймын. Біз Қазақстанның өсіп-өркендеп, бүкіл әлемде беделді болуы үшін тыныштық пен келісімнің негізін қаладық. Осының бәрін біз Қазақстан жастары үшін жасап жатырмыз», – дей келіп, Мемлекет басшысы жастарға мемлекеттің тәуелсіздігін нығайтуға, елдің бірлігін сақтауға қызмет етуі тиіс деген аманатын да арқалатты. Сөзінің соңында Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтап, оларға бақ-береке тіледі. Партия Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов өз сөзінде сайлауда «Нұр Отанның» Елбасының еңбегі мен беделінің арқасында жеңіске жеткендігіне ерекше тоқталды: «Бұл жеңіс – ең алдымен Елбасы саясатының жеңісі, Елбасының жеңісі. Қазақстандықтар осы уақытқа дейін жеткен жетістіктерімізге оң бағасын беріп, болашақ үшін арналған бағдарламаларға сенетінін көрсетті. Бірліктің, тұрақтылықтың, жасампаздықтың маңызды екенін көрсетті. Ендігі жерде,алдымызда Ұлт Жоспары, «Нұрлы Жол», басқа да стратегиялық құжаттарға негізделген партияның жаңа сайлауалды бағдарламасын орындау міндеті тұр», – деді А.Мырзахметов. Тәуелсіздік құрдастары атынан, Павлодар облысы тұрғындары атынан, Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар қанаты атынан Мемлекет басшысын, нұротандықтарды жарқын жеңісімен құттықтаған Павлодар облысы ҚХА жастар бірлестіктері қауымдастығының төрайымы Элина Паули жеңіс бейбітшілік пен келісімнің арқасында салтанат құрғанын айтты. Өзінің Мемлекет басшысының саясатына деген ризашылығын білдірді: «Өткен сайлау барлық қазақстандықтардың бірауыздылығын, ХХІ ғасырда елді жан-жақты жаңғыртуға бағытталған Сіздің бағытыңызды қолдайтындығын кезекті мәрте дәлелдеді. Біз әрқашанда Сізбен біргеміз, «Нұр Отанмен» біргеміз»,– деп түйіндеді сөзін Элина Паули. «Сізді және нұротандықтарды жарқын жеңісімен құттықтаймын. Бүгінгі жеңіс бүкіл Қазақстан халқының таңдауы»,– деп бастады сөзін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов. Әрі қарай елдегі бірлік пен ынтымақтың ұйытқысы Мемлекет басшысы екендігін айтты: «Бүгінде миллионнан астам адам соғыс жағдайында өмір сүріп жатыр. Үйін тастап, отбасынан безіп, жан сауғалап жүргендер қаншама. Ал бізде, бейбітшіліктің бесігіне айналған Қазақстанда алаңсыз, еркін өмір сүріп жатырмыз. Бүгінгі бірлігіміз, тұрақтылығымыз жайлы өміріміз бен жарқын келешегіміз үшін Сізге қарыздармыз. Ұлы Даланың ұлы мұратын – Ұлт Жоспарын жүзеге асыруға бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Ал Мәңгілік Елдің мығым іргетасын Сізбен бірге, Сіздің партияңыз – «Нұр Отанмен» бірге қалаймыз», – деп сөзін түйіндеді Ерлан Сыдықов. «Локомотив» АҚ машинисінің көмекшісі Геннадий Шиповских барша форумға қатысушыларды «Нұр Отанның» жарқын жеңісімен құттықтай отырып, саны 150 мыңнан асатын қазақстандық отбасы мүшелерін қосқанда жалпы саны миллионға жетіп жығылатын жұрттың бәрі де «Нұр Отанды» қолдап дауыс бергендігін жеткізді. «Өйткені, оның Төрағасы Сізсіз, Нұрсұлтан Әбішұлы. Қазіргідей дағдарыс кезінде бірқатар елдерде өндіріс тұралап қалды, жұмыс орны қысқарып жатыр. Сіздің арқаңызда біз болашаққа сенімдіміз»,– деп қайырды сөзін Геннадий Шиповских. Сөйтсе, теміржолшылар өкілінің қазақша сөз сөйлегені өз алдына, жыр шумақтарын да төгілдіртеді екен. Әрине, төрт аяғы тең басқан демесек те, жеңімпаздар жиынында оқылған өлең жолдары адамның көкірегіне кәдімгідей жылылық ұялатады. Қадам басып келемін Алдағы күнге сеніммен, Болашағым «Нұр Отанмен» бөлінген. Жан-жаққа жария етем мен бүгін: Бақыттымын Елбасыммен, еліммен! Жеңімпаздар форумы осылайша Геннадий Шиповскихтің жыр жолдарымен өрнектеліп, форум соңы мерекелік концертке ұласты. Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.
•
22 Наурыз, 2016
«Нұр Отанның» жеңісі – халықтың жеңісі
758 рет
көрсетілді